Ел үшін маңызы зор
Бәрімізге белгілі, 9 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жариялағаннан кейін «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымына тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл оқиға біздің қоғамда үлкен серпіліс тудырды.
Мұның ел үшін маңызы зор. Себебі, алға қойылған стратегиялық бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысын дер уағында сайлап алған дұрыс. Бұл биліктің заңдылығын нығайтуға, елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Оның қолданыстағы заңнама нормаларына қатаң сәйкестікте өткізілетінін атап өту маңызды. Мұның барлығы Елбасы ұсынған стратегиялық бағдарламаларды тиімді іске асыруды жалғастыруға мүмкіндік береді. Сайланған Президент мемлекет басшысының функцияларын жүзеге асыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болуға халықтың сенімін алады.
Еліміз үшін тағдырлы кезеңде халық күткен шешім қабылданды. Президент атап айтқандай, қазір кідіріс жасайтын уақыт емес. Оның орнына жедел әрекет қажет. Ширек ғасырдан аса уақытта адам сенгісіз дәрежеге жеткен елдің мерейі әркез үстем болғаны абзал. Сол үшін де мемлекеттің дамуы жолындағы қарқынды жұмысты жалғастыруда елге көшбасшы керек. Сондықтан мұны тарихи, аса қажет шешім деп санаған жөн. Және де бұл істе бәріміз ынтымақпен жұмылғанымыз жөн. Мызғымас бірлігіміз арқылы біз талай биіктерді бағындырып келеміз.
Жанарбек НҰРЫМБЕТОВ,
облыстық мәслихат депутаты