Тарихи ескерткіштерді қорғау күніне арналған іс-шара өтті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Тарихи ескерткіштерді қорғау күні аясында облыстық «Рухани жаңғыру» орталығында «Ел Мұрасын сақтаған Елбасы» атты дөңгелек үстел өтті.Қазіргі таңда Қазақстан аумағында 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіштер сақталынған. Дегенмен, ескерткіштерді бастапқы қалпында сақтау қазіргі уақытта өзекті мәселе болып отыр. Сол үшінде әрбір адам мәдени мұраларымызды зақым келтіруден қорғап, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ескерткіштерді қорғау елдің, бүтін халықтың баға жетпес асыл қазынасы екенін түсіндіріп отырса келешек ұрпақтың да өз елінің мәдениеті мен өткен тарихына жанашырлықпен қарайтыны анық.
Жиынды ашқан орталықтың басшысы Н.Мыңжас жалпы еліміздегі тарихи мәні бар ескерткіштер мен мемлекеттік қорғауға алынған ескерткіштер турасында кеңінен мағлұмат беріп өтті.
«Қазақ жерінде сыры ашылмаған тарихи ескерткіштер жетерлік. Мәселен, бір ғана Сыр даласының өзінде қаншама тарихи мұра бар. Әсіресе дария бойында кезінде шаһарлар орын тепкен. Ұлт өміріндегі әрбір шежіренің түп-төркінін зерделеп көрсеңіз, сол оқиғаға қатысты деректер дария бойынан молынан табыла кетеді», - дейді ол.
Дөңгелек үстелде облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы «атамекен» бөлімінің меңгерушісі Б.Нұриман «Елбасының республика көлеміндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мен қайта жаңғыртудағы игі бастамалары» тақырыбындағы баяндамасын оқыды. Сондай-ақ, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Қызылорда облыстық таихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры С.Көзейбаев Сыр өңіріндегі тарихи ескерткіштерді жаңғырту, қайта қалпына келтіру және сақтау бағытында жүргізіліп жатырған жұмыстары жайында ақпарат берді.
Дөңгелек үстелге қатысқан сала мамандары мен ғалымдар тақырып төңірегінде өз ойларын ортаға салып, жианалған жастардың сұрақтарына тұшымды жауап берді.