Қызғалдақ туралы аңыз
Ертеде дәулеті асып-тасқан байдың жалғыз қызы болған екен. Қызы бой жетіп, тұрмыс құратын жасқа келгенде, әкесі дәулетімді қызымды алған адамға беремін деп жар салыпты. Алайда күндердің күнінде байдың дүниеқұмарлығы басым түсіп, жиған-тергенін қызғанып, қызын өлтіріп тастапты деседі. Жазықсыз қайтыс болған қыздың қайғысы аспан мен жерді күңірентіпті. Көп ұзамай, қыздың қаны тамған жерден қып-қызыл гүл өсіп шыққан екен. Оны жұрт "Қызғалдақ" деп атапты.
Ақын Индира Керееваның осы балладасы ертеден келе жатқан аңыз желісімен жазылған.
Шуақ шашып
жерде жатқан тасқа да,
...Алқызыл ма,
әлде түсі басқа ма?!!
Көктем келген сайын
күнге еркелеп,
Жалғыз түйір гүл өсетін бақшада.
Кім біледі,
бар екенін не сыры?
Табиғаттың солай ма екен шешімі:
Басқа гүлдер сияқты емес,
сол гүлдің,
атауы да қыздың әсем есімі.
Бір көргеннен бәрін баурап алатын,
Сабырлының тауысатын тағатын,
Сол жалғыз гүл
бір-ақ түнде бүр жарып,
Үш күннен соң
өзі ақ солып қалатын...
Бір қызығы, қызғалдақ тау бөктерінде көктемнің белгілі бір мезгілінде ғана жайқалып шығады. Сондықтан да оны адамдар сағынып күтіп жүреді.
Қызғалдақ тау мен қырды ерекше бояумен көркем етеді. Оның нәзіктігі мен сұлулығының өзі адам жанын ләззатқа бөлейді. Қызғалдақ қазақ мәдениеті мен өнерінде ерекше орын алады.
Гүлмира ӘШІРБЕКОВА,
Қызылорда облыстық "Рухани жаңғыру" орталығының бөлім басшысы