Әмеңгерлікке әйел дайын ба?
Жесірі мен жетімін жат босағада телміртпеу үшін ойлап табылған әмеңгерлікті – бүгінгі Әйел қолдай ма?
Бойдаққа оңай
Соңғы кездері жиі қозғала бастаған "әмеңгерлік" тақырыбы күтпеген жерден алдымнан шықты. Қос жігіттің басындағы тағдыр, бей-жай қалдырмады. Әмеңгерлік салты бірін бақытты етсе, екіншісін...
Ағасы қайтыс болып, екі бауырымен жесір қалған жеңгесіне үйленген жігіттің өз кіндігінен үш баласы бар. Бес баланы бауырына басқан. Бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Жеңгесін алғанда жігіт бойдақ болған.
Ибалы жеңгесінің мінезі алғаш табалдырық аттап түскен күннен бастап ұнатқан. Бірақ ол кезде жеңге-қайын арасындағы сыйластықтан әрі аспаған. Десе де, әрдайым жымиып күтіп алатын жеңгесіне деген жүрегінің түпкірінде түсініксіз бір сезімнің болғанын да жасырмастан айтты.
Небәрі екі жас үлкен жеңгесімен тез жарасып кеткен жігіт, өзге қызға қарауды қаперіне алмапты. Қазір жөзі үйренген отбасында қалғанына келін, немерелері ұзап кетпегеніне ата-ене, жеңгесінің жатқа бұйырмағанына қайын риза. Бірақ, бұл жайт баршаға бірдей ме?
Келесі кейіпкерімнің ағасының әйелі мен үш баласы бар, бақытты отбасы болған. Екі жас үлкен ағасынан қапылыста айырылған жігіттің өзі жеңгесінен үш жас кіші. Жолына сай "жеңеше" дейтін.
Көнеден келе жатқан салтымызға сай ағасының жылы берілген күні ағайын жиылып, әулеттің үлкені жас жесірге әмеңгерлік жолын айтады. Қайынжұртынан көңілі қалағанын таңдауды ұсынады. Ағайын арасынан біреу-міреу иеленіп қояр ма екен деген үреймен жігіт елден бұрын: "Мен аламын?!" дегенді айтып үлгерді.
Жаттың қолында бауырларының жалтақтағанын қаламады. Бетінен қақпайтын биязы мінезді ағасынан өлідей айырылған жігіт бауырларынан тірідей айырылғысы келмеді. Ағасының соңында қалған ұлы мен қызды жатқа жалтаңдатпау үшін әмеңгерлік жолымен үйленбекке бел буды.
Келіннен шыққан шу
Босағадан келін боп аттағалы тату тұрған қайнысының әмеңгерлік ұсынысына жас жесір қарсы болмады. Бәлкім, буыны бекімеген қос бірдей балапанын өз ағасы бауырына бассын деді ме екен, келісімін бірден берді. Алайда, үшінші жақтан шу шықты.
Үстіне абысынының әйел боп кіргенін қаламаған келін қарсы екенін, күйеуі бұның келісімінсіз үйленген жағдайда үш баласымен ажырасатынын көз жасын көлдете отырып, жиылған жұртқа жайып салды. Екі оттың ортасына түскен жігі, шығар жол іздеп, жанталасты.
Үш бірдей баласын қайда жәутеңдетсін, әйелінің талабына лажсыз көнді. Тіршілік шіркін қас қағым сәтте өміріңнің аяғын – аспаннан келтіріп жатады емес пе. Ғұмырдың қызығы мен қазабаты қатар шабатыны болады. Бәріне сол бір кездейсоқ кездесу себеп болды.
Бөтен еркектің машинасы
Таксистің жүрмейтін жері жоқ. Күні бойы адам тасумен қаланы шыр айналасың. Кезекті жолаушыны көздеген жеріне апара бергені сол екен, көлденең машинадан көлбең ете түсіп жатқан жеңгесі көзіне оттай басылды. Көлік иесі – сымбатты еркек маңғаз баса есігін жауып, білегін жеңгесіне ұсынды.
Жолаушыдан жол ақысын алуды ұмытып, жайбарақат кетіп бара жатқан екеуге қадалып қарап қалды. Тұлабойын буған қызғаныш пен ашудан көзі қарауытты. Жүгіріп барып жеңгесін білегінен шап бере жұлқып қалғанын сезбей қалды. Жеңгесінің қасындағы маңғаз еркектің таңдана қарағаны есінде.
Өмірден озған ағасының ба әлде өз жүрегін лаулатқан қызғаныш па, ол жағын ойлауға мұршасы жетпеді. Маңғаз еркекті бір жұдырықпен ұшырып түсіріп, жеңгесін машинасына сүйрей жөнелгенін біледі.
Сол күннен басталған махаббат
Жер бетінде қаншама адам өмір сүрсе, махаббатты соншалық сан-алуан қабылдайды. Бір-біріне ұқсамайды. Сонысымен де махаббат болса керек. Көлденең еркектен қызғаныштың аяғы жалындаған махаббатқа айналарын сезбеген жігіт екі оттың ортасында қалғанын түсінді.
Екі жақты да қимай, "Әрі тартса – арба, бері тартса – өгіз өледінің" кебін киіп, шырғалаңнан шығар жол таппай сенделді. Қайнысының күйін көрген жеңге "ойнастыққа жол бермеймін, дүйім ағайын алдында некелеп ал" деп, талап етті. Жөн. Жат біреу болса, жөн басқа. Туған қайынмен жасырынбақ ойнау кімге ұнасын.
Қара шаңыраққа ие боп отырған жігіттің шақша басы шарадай болды. Жеңгесін алса, әйелі үш баласын жетелеп кетпекші. Бұл өзіне де , ата-анасына да оңай тимейді. Әйелін көндіре алмасын біліп, әке-шешесіне жүгінді. Бала үшін отқа түсуге дайын ата-ана болса,, қолдағы келіннің қабағынан аса алмай, құдаларға жүгінді.
Тыңдар құлақтың да естісі бар, есері бар демекші, аталы сөзге тоқтар құданы қайдан табарсың. Оның үстіне, көрген көзге ерсі "айдың күні аманда" қай әйел "қораға қостырсын". Құда-құдағи қызының сөзіне тұратынын айтты.
Әйел көнбеді
Әйелдің көнбегенін дұрыс қабылдау керек. Өйткені, айналасында бір шаңырақтың астында қос әйелдің өмір сүріп жатқанын көрмеген. Соңғы кездері қос әйелді еркектер қылаң беріп жатқан болмаса, "әмеңгерлік жолмен" некелесіп жатқаны жоқтың қасы.
Ықылым заманнан дәстүрге айналған әмеңгерлік салтымыздың кеңес кезеңінде жойылғаны қазақ үшін өзіндік залалын тигізді десек, жаңсақ болмас. О дүниелік болған аға соңында қалған әйел-баласын әмеңгерлікке алмақ түгілі, баласын шұбыртып елден кетіп жатқаны заңды құбылысқа айналып қойған. Әмеңгерлікке алуға болмайды.
Саясаттың сарсаңы
Большевиктік саясаттың 70 жыл бойы әмеңгерлікке қарсы бетқаратпауы – бүгінгі Әйел санасына өзгерместей сіңді. Әйел қауымы басыбайлы күйеуін жеке иемденуге қалыптасып үлгерді. Ендігі жерде өзгере қоюы екіталай.
Екі жақтан қосқанда бес баланың тегі мен қаны бір. Бөле-жаратын жері жоқ. Ата-ананың еркіне салса, екі келіннен де айырылғысы келмейді. Басты бүлік келіннің әпкесінен шықты. "Есі дұрыс адам үстіне әйел әкелдірмейді. Не сенімен, не онымен болсын!" деген ультиматумды төтесінен қойды.
"Қашайын деп тұрған киікке" әпкесінің сөзі демеу болды. Әпкесінің сөзін жалаулата күйеуінің екі аяғын – бір етікке тығу науқанын бастап та жіберді. Келіннің ашылмаған қабағынан қариялар қаймықты. Үйден береке қашты. Үш баланың жүзінен қуаныш сөнді.
Жоқ болуға жанталасты
Абысынды алса, үш баланы өмір бақи көрсетпеуге әйелі Құранды ұстап тұрып ант берді. Дегеніне көндіріп үйренген келіншектің алған беттен қайтпайтыны бесенеден белгілі болды. Тығырықтан шығар жол таппаған жігіт өз-өзін өлтірудің жолын қарастырды. Бірақ, қос боздақтың күйігін көтере алмайтын әке-шешенің көз жасын аттап кетуге дәті бармады.
Оған бес бірдей әкесіз қалатын баланы қосыңыз. Қиналғанда Құдай есіне түсіп, мешітке барды. Имаммен кеңесті. Имамның сұқбатқа әйелін ертіп келуін өтінгені, көңіліне демеу болғандай үйіне құстай ұшып жетті. Әйелі бармады. Шеңбер тарыла түсті. Жеңге өз дегенінен қайтпай қасарысты.
Заңсыз екі әйел алу – аморальды
Көңілдесі болғаны – өтпелі. Үйреншікті жайт. "Жыны басылғанда қайтады". Ал, әмеңгерліктің жөні бөлек. Ол – өмірлік. Бір шаңырақтың астында тұрмаса да, бір еркекті бөлісіп ғұмыр кешуге дайын тұрған әйелді табу – өткен ғасырдың еншісіндегі ертегі.
Күйеуін бөліскен абысынмен тіршіліктің ыстығы мен суығына бірдей көнуге, сыйластықпен өмір сүруге кім дайын?.. Ешкім! Бір анадан туған балалардың мінез-құлқының әр түрлі боып, өзара сиыспай жататынын қоссақ, "күндестің" балаларымен арадағы қатынасты ойлаудың өзі әзірге миға симайтын жайт.
Сонымен жігіт "жолымен болмағанды – қолымен алуға" бел шешті. Жарылған құбырды жөндеуді сылтауратып, үлбіреген жеңгесінің үйінде қонып қалды. Құбыр жөндеудің сыбысы естілгеннен құлағын түріп отырған әйелі күйеуінің қонып қалған себебін бірден түсінді.
Қаңыраған үй қарсы алды
Ертеңгісін үйіне келгенде, үш баланы жетелеген әйелінің төркінге кеткенін көрді. Айналдырған екі ұлдың бірі кетіп, тілеуін тілеп отырған екінші ұлдың қиналғанына ата-ананың жаны күйзелді.
"Не де болса өз әйеліңді таңда. Өлген ағаңның ұрпағы жер басып жүрсе, бізден кетпес. Екінші жақты жетімсіретпе" деген әке сөзі жүрегіне оқтай қадалды. Әйелінің артынан барса, жеңгесін жоғалтатынын білді. Мінезі жұмсақ боп көрінгенмен діті қатты жеңгесінің сыры мәлім.
Қанша жерден бауырының ұрпағын жетімсіреткісі келмегенімен, өзінің үш баласының тағдыры таразы басын басты. Жеңгесіне ашық айтуға дәті бармай, әйелін алып келді. Бауырларына көмегін әке-шешесі арқылы жіберіп тұрды. Сол өмірге көндім деп ойлаған.
Түнгі қалада жолаушы тасып жүріп, әсем қонақ үйінің алдына тоқтады. Орнынан қозғала бергенде: "Такси, такси?!" деген дауысты естіп, кілт тоқтады. Артқы орынға жүгіре басып жайғасқан еркек пен әйелдің көңілді отырыстан шыққаны бірден көрінді. Әттегені... Әйел – жеңгесі екен.
Қайнысын таныса да, танымаған боп отыра берді. Еркектің қимылы тым еркін. Иемденгені көрініп тұр. Қарсылық көрсетуге уәдеде тұрмаған өз кінәсінен аса алмай, көзі қарауытты. Қолынан бар келгені – машинасының жылдамдығын мейлінше үдеткені...
Түн ішінде үй ішін жедел жәрдемнен соғылған қоңырау оятты. Тұтқа көтерген әйелге күйеуінің жол апатынан қайтыс болғанын естіртті. Үйде қалған екі баланың періштесі қақса керек, жігіт жеңгесі жеңіл жарақаттанған. Осылайша әмеңгерлікті аттап кеткісі келген қос абысын бірдей қара жамылды. Кімді кінәларсың?..
Қос боздағынан айрылған ата-ана күнде ұлдарының моласын құшып жылайтын көрінеді.
Сая ҚАСЫМБЕК,
драматург
драматург