Елбасы халықаралық спорт сайыстарының жеңімпаздарымен кездесті
Елбасы халықаралық спорт сайыстарының жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басқосуға Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Т.Құлыбаев, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы С.Сәпиев, фристайл-могулдан еңбегі сіңген спорт шебері Ю.Галышева, кәсіби боксшы С.Ахмедов, мәнерлеп сырғанаудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Э.Тұрсынбаева, шаңғымен трамплиннен секіру спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері С.Ткаченко қатысты.
Мемлекет басшысы еліміздің спорт саласын дамытуға және халықаралық аренада Қазақстанның имиджін ілгерілетуге үлес қосқан жас шеберлердің еңбектерін ерекше атап өтті.
- Мен Сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Осы жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Ал спорт, негізінен, - жастардың ісі. Мемлекет бұл саланы дамытуға баса мән береді. Сіздерге қарап жастарымыз спортпен шұғылдануға және саламатты өмір салтын ұстануға ұмтылады. Сіздердің жетістіктеріңіз мемлекеттің беделін арттыруға септігін тигізеді, - деді Қазақстан Президенті.
Жас спортшылар халықаралық жарыстарда көрсеткен өнерін, алған әсерлері жөнінде ой бөлісіп, келешек жоспарлары туралы айтты.
- Мен Қазақстан жастарын әрдайым спортпен шұғылдануға шақырамын. Барлық облыстарда заманауи спорт инфрақұрылымы бар. Стадиондар салынып, жабық кешендер бой көтерді. Спорт - денсаулық пен ұзақ өмір сүрудің кепілі, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы жас спортшылардың кәсіби тұрғыдан одан әрі өсуінің перспективаларына назар аударды.
- Бағындыратын биіктеріңіз әлі алда екенін көріп отырмын. Әлемдік жарыстан медаль алу оңай емес. Жастардың Сіздерге қарап бой түзеп, дендері сау, мықты болып өскенін қалаймын, - деді Қазақстан Президенті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев атлеттерді қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмай, жаңа табыстарға жете беруге шақырды. Кездесуде жас спортшыларға Қазақстан Президентінің атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.