50 мың оқушы Қобыланды батыр жырын жаттайды
Қазақстанда мектеп оқышулары арасындағы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы өтеді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Шара өскелең ұрпақты «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр» жырлары сынды қазақ халқының бай мұрасы негізінде тәрбиелеуді мақсат тұтады.
Байқауға 6-10-сынып аралығындағы оқушылар қатысады. Осы жолы «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айту қажет.
Байқауға республика бойынша 5 000 мектептен 50 000 оқушы қатысады деген жоспар бар. Әр мектептен 10 оқушы (6-шы сыныптан 2 оқушы, 7-ші сыныптан 2 оқушы, 8-ші сыныптан 2 оқушы, 9-шы сыныптан 2 оқушы және 10-шы сыныптан 2 оқушы) қатыса алады.
Жоба үш кезеңнен – аудандық, облыстық және республикалық іріктеуден тұрады. Аудандық кезеңде 1-ші орын үшін 150 000 теңге, 2-ші орын – 100 000 теңге, 3-ші орынға 50 000 теңге қарастырылған.
Ал облыстық кезеңде 1-ші орын үшін 1 000 000 теңге, 2-ші орын - 600 000 теңге, 3-ші орын алғандарға 300 000 теңге табысталады.
Жобаның аясында 50 000 мектеп оқушысы 107 беттен тұратын «Қобыланды батыр» жырын толық жаттаса, аталған көрсеткіш бойынша Гиннес рекордтар кітабына өтінім беріледі.
Комментарии 1