Қызылорда қаласында Бименді Баймаханов атындағы көше ашылды
Қызылорда қаласында Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері Бименді Баймаханов атына көше беріліп, ескерткіш тақта орнатылды. Көшенің салтанатты ашылуына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Бименді Баймаханов 1923 жылы қаңтарда Жалағаш ауданы Ақсу ауылында туған. Жалағаш ауданындағы мектепті үздік нәтижемен бітіріп, 1942 жылдан 1949 жылға дейін Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеді. Соғысқа қатысып, ерлік көрсетті. "Кавказды қорғағаны үшін", "Германияны жеңгені үшін" медальдарымен наградталды.
Бименді Баймаханұлы - Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек ардагері, дербес зейнеткер, Қазақ ССР-нің, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген экономисі.
1949-1984 жылдары еліміздің қаржы органдарында қызмет еткен. Атап айтсақ, Жалағаш ауданында қаржы бөлімінде бухгалтер, бас бухгалтер, Қызылорда облысы бақылау-тексеру бөлімі бастығының орынбасары, облыстық қаржы бөлімі бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. "Қажырлы еңбегі үшін", "Құрмет белгісінің", "Құрмет", ордендерінің кавалері, КСРО қаржы министрінің және Қазақ ССР-нің грамоталарымен марапатталған. Қызылорда облысының қаржы жүйесін қалыптастырған тұлға ретінде тарихта қалды.
Сурет - Бахтияр Алмусаев