Қазалыда Ержігіт Бозғұлов атындағы музей ашылды
Бүгін Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп–лицейінде Қазақ КСР еңбек сіңірген инженер-гидротехнигі, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Бозғұлов Ержігіт Сексенбайұлына арналған музей ашылды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Шараға Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық қоғамдық қауымдастық төрағасы Самұрат Имандосов, Айтбай Көшербаев және Е. Бозғұловтың ұрпақтары қатысты.
Салтанатты шарада аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Е.Бозғұлов атындағы музейдің ашылу рәсімін жасады. Жиналған қауымды мектеп оқушылары музеймен таныстырып, Ержігіт ағамыздың өмір жолына тоқталды.
Мерекелік шара «Ел сыйлаған Ераға» атты Е.Бозғұловтың ұрпақтарымен, шәкірттерімен кездесу кешіне ұласты.
Сондай-ақ кеш барысында Ержігіт Сексенбайұлының жұбайы, балалары, шәкірттері өздерінің естеліктерін ортаға салды.
Салтанатты шарада мектеп шәкірттері тау тұлғаның өнегелі өмір жолына шолу жасап, көркемсөз оқып, әсем әннен шашу шашты.