Абайдың атын кім қойған?
Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай бір сұхбатында:
«Абай қырыққа келгенде Құнанбай қайтыс болды. Қалай Құнанбай дүниеден озды, Абай солай өзінің жалғыздығын сезінген. «Құнанбайға қарсы болды», «Абай мен Құнанбайдың арасында үлкен қайшылықтар болды» дегеннің барлығы – бос сөз. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолында» – көркемдік шындық бар, алайда, өмірлік тарихи шындық жоқтың қасы», – деп атап көрсетеді. Ол Құнанбай, Абай заманы, сол кездегі қазақ қоғамы туралы қалтарыста қалған тарихты Бекен Исабаев, Маратай Толғанбаев сияқты қарт шежірешілердің шығармаларынан табуға болады дейді. «Өткенді білмей, болашақ жоқ» демекші, Бекен Исабаевтың «Ұлылар мекені» кітабындағы тарихи құнды фактілерді оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Қожа адырында бүгiнде бiр ғана құлаған қора орны жатыр. Қожа аталған кiсiнiң қыстау орны — сол. Қожа — Тұңғышбай Ешеннiң жалғыз ұлы, есiмi – Мағзұм, берi келегенде кәсiбi бала сүндеттейтiн болып, есiмiне «қожа» сөзi қосылған. Тұңғышбай Ешен – Мәтен батырдың немересi. Ол жарықтық жасынан ислам оқуына құлай берiлiп, шариғат тәртiбiн берiк ұстанып, өз бетiмен iзденiп, жасынан дiн өкiлi ретiнде мойындалған. Көбiне жұрт ортасындағы қасиет иесi адамдарды өлген соң ғана әулиемiз деп танып мойындап жатса, тобықты жұрты бұл кiсiнi тiрiсiнде-ақ пiрiмiз деп таныған.
Тұңғышбай Ешен Құнанбайдан 4-5 жастай кiшi. Жасы 14-15-ке келгенде Әзiрет сұлтанға барып, сол атыраптағы әулие-әмбиелердi аралап, содан былай жылына бiр рет Түркiстанға барып қайтады екен. Ұстаз алдын көрмесе де, Құран Кәрiм, Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисiне жетiк болған.
Тұңғышбай Ешен туралы бiзге мынадай аңыз-әңгiмелер жеттi. Ешен қыстауы Көлденең өзенi Базаралы қыстауынан 1,5 шақырымдай ғана қашықтықта. Базекең бiр жылы күзде әулиелiк қасиетiн сынамақ болып, Ешеннiң жалғыз қоңыр шолақ сиырын айдатып алғызып, арнаулы кiсi жiберiп, оған Ешен үйiне қонып, әулиенiң бар сөз, бар әрекетiн өзiне бұлжытпай жеткiзудi тапсырыпты. Базаралы кiсiсi ертеңiнде келiп, Ешеннiң кешкi, азанғы намаз батасында: «Иә, Алла, Базаралы жанға тауфих бере көр» деп бата қайырғанын айтып келiптi. Базекең дереу атқа мiнiп, бiр ат, бiр шапан айыбын әкеп, Ешеннiң аяғына жығылыпты.
Ешен есiрiп ауырған, босану ауырлаған жүктi әйелдерге шапағат етуде ел табынған. Бiрде Керей елiнiң бiр тентектеу бай кiсiсiнiң келiнi босана алмай, жарықтықты шақыртып, әулие «Иә, Алла» деп босаға аттаған сәтте келiнi жеңiлдеген екен. Ешен қайтарда әлгi байекең: «Ешеке, сiзге күз ғой, бiр-екi қошқар айдатсам деп отырмын», – дептi. Атшысы: «Қошқар айдағанға жүре ме? Алмаймыз», – деп шыр-пыры шығыпты. Ешен: «Өзiңнiң дегенiң болсын», — деп атшысын тоқтатыпты. Екi қошқарды қосақтаса, бiр-бiрiне айбат шегiп, жүрмеуге айналғанда, Ешен: «Ой, хайуандар жөнге түс!» — деп тобылғы таяғын нұсқағанда алдарына түсiп берiптi. Кешкi бесiн намазының мезетi жетедi. Аттарын тұсатып, Ешен атшысымен екеуi намазға отырғанда бiр көкжал қасқыр қошқарларды қуа жөнелiптi. Тұра ұмтылған атшысын Ешен қабағымен жасқап жiбермептi. Қасқыр қуған қос қошқар белден асып кетiптi. Ешен намазын аяқтап, атшысы екеуi бiр неше кезең асып келе жатса, бiр-бiрiне қарсы қарап тартысып тұрған қошқарларын көредi. Келсе, қасқыр қошқарлар қосақталған шылбырға буынып өлiп қалған екен дейдi.
Тұңғышбай Ешен жыл сайын Түркiстанға барып, әзiрет Сұлтанға зират етiп, түстiктегi әулие-әнбилерге дұға қайырып, Бұхарға дейiн барып қайтады екен. Бұл сапары кейде 3-4 айға созылса керек. Бiр сапарынан кеш, ел қыстауға қонған соң оралып, үйiне де соқпай Жидебайға кеп, Құнекең үйiне түсiптi. Құнекең:- Өй, Тұңғаш, таңертең келген Қаратай, сенi әлi оралған жоқ деп едi, келген бетiң бе бұл?- дептi. Ешен: — Иә, мырза, тұп-тура сiздiкiне, Өсекең қара шаңырағына келетiн жөнiм болды.
Құнекең Ешенге арнап мал сойғызып, келу жөнiн сұрағанда Ешен Зере шешесi, семiз жеңгесi (Ұлжан), мырзаның өзiне ғана айтары барын айтып, үйдi оңашалатып сөйлеген екен.
– Әзiрет Сұлтанға зиярат етiп, ат басын Бұқарадан қайырып, Ибрагим ата басына түнедiм. Сол түнi сiзге қатысты бiр ғажап түс көрдiм. Түсiмде осы Жидебайда өзiм көрiп, бiлмеген бiр ғажап аспанды тiреген заңғар шың орнапты. Ғажаптанып, бұрын бұл шың жоқ едi ғой деп, жоғарыға қарасам сiз, сiзден төмен семiз жеңешем екеуiңiздi көрем. Сiз түрегеп тұрсыз. Ал отырған жеңешемнiң етегi әлгi шыңнан асып Шыңғыстауды орап алған сияқтанды. Бұған тағы ғажаптанып, шыңнан ұшар басына қарап едiм, Сiздiң артыңыздан басы асқан бiр жiгiттi аңдадым. Бiрақ, түсiн көре алмадым. Осыдан соң тағатым қалмай, үйге соқпай, Сiзге, би шаңырағына келдiм.
Зере әже қолма-қол ақсарбас шалып, етiн жұртқа таратқызып жiберiп:
– Құнаш, Тұңғашқа Ибрайым ата басында бұл түс тектен-текке көрiнген жоқ. Келесi немеремнiң есiмiн Ыбырай қой деген бұл аяны ғой аруақтардың. Ешеннiң қолы бос қайтпасын!- дептi. Құнекең Ешендi үйiне үш құлынды бие, бiр ат жетектетiп қайырған. Абай Хан биiгi атырабына келсе, менiң есiмiмдi қойған осы Ешен әулие ғой! – деп, Ешен басына дұға қайырады екен.
Бекен Исабаев
(«Ұлылар мекені» кітабынан)
(«Ұлылар мекені» кітабынан)