«Девичник» бізге қайдан келді?
Қазақ халқында ежелден келе жатқан «бастаңғы» дейтін дәстүр болған. Бастаңғы – қазақ жастарының дәстүрлі сауығы. Яки, үлкендері үйден кеткенде жігіттер мен қыз-келіншектер осы үйге жиналып, бастаңғы жасайды. Дастарқан жасап, қызықты кеш ұйымдастырады. Әрі бұл жиынның тәрбиелік мәні зор болған деседі. Бастысы бастаңғы рұқсатсыз, үлкендердің бақылауынсыз өтпеген. Ал бүгінде бұл жиынның сипаты өзгерген. Батыстың ырқына еріп, «Девичникті» сәнге айналдырдық, деп жазады qarmaqshy-tany.kz.

Бүгінде қалыңдық кешін басынан аяқ ұйымдастырып беруші агенттіктер жетіп артылады. Бұл қызмет түрін ғаламтор арқылы қиналмай табуға болады. Олар кештің тақырыпқа сай декорациялық безендірілуін, кеш стиліне сай тортқа, қалыңдыққа және оның құрбыларына арналған бірдей киімге немесе бұйымға, кеш өткізетін орынды таңдауға жауапты болады. Оның ішінде, бірдей түсті фата, шашқа арналған алқызыл роза гүлдері, қолға тағуға арналған, арнайы жасалған бутоньерка, бір түсті көйлектер болуы мүмкін. Мұның барлығы белгілі деректерге байланысты 5000 теңге мен 70000 теңге аралығында болады екен. Әрине, қалтаға салмақ салмайтын да тұсы бар. Бұл үйде ұйымдастырылған «пижама пати». Мұнда түрлі кино көреді, ән айтады, еркін сырласады.
Ұзатылар алдында «девичник» жасаған Айгүл есімді кейіпкермен әңгімелесудің де сәті түскен еді. Ол мұндай жиынға қарсы емесін, құрбыларының жасаған тосын сыйы екенін айтып, ағынан жарылды.
– Әрине, ойламаған жерден болды. Сол күні жақын құрбым қоңырау шалып, хабарлады. Көп емес, тек араласамыз деген 4-5 қыз жиналып «Bridal Party» өткіздік. Олар қара түсті көйлек кисе, мен дараланып ақ түсті киім мен ақ фата тақтым. Түрлі ойындар болды. Ән айттық, биледік, көңіл көтердік. Мұнда атым мен суретім салынған үлкен баннер болды. Айтпақшы, қалыңдыққа арналған тәтті-пәттіден де дәм таттық. Бұл да бір мереке ғой, –дейді ол.
Ал, екі баланың анасы Әлия бұл кешке түбегейлі қарсы екенін жасырмады.
– Сол «девичниксіз-ақ» тойымыз өтті. Ешкімнен кем қалған жоқпыз. Мұндай жиынға ата-анам қарсы. Мен де құптамаймын. Қазақ қызын қырық үйден тыйып отырған. Далада түні бойы сайран салған бойжеткенді көрдіңіз бе? Бастаңғы дәстүрімен қызойнақты шатастырмау керек. Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Мұнда ащы судан дәм татуы мүмкін. кальян тартып, қор болуы да мүмкін. Ата-ананың бақылауынсыз, болашақ келіннің бұлай жүргені дұрыс болмас, – дейді кейіпкеріміз.
P.S. Бірде қызылордалық жігіттің үйлену тойынан бас тартқаны әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп еді. Оның себебі қалыңдықтың қызойнақтан кеш қайтуы. Ал, ондағы кешті қалай өткізгені хақында түрлі-түрлі пікірлер тараған. Ұзатылар алдында ырду-дырду қылмай, жынойнақта ысырапшылдық жасамай, отбасыңның арасында, ет жақыныңның жанында дәстүрге сай, мағынасы терең жиын өткізген әлдеқайда жақсы емес пе?! Сіз қалай ойлайсыз?