Қоңырқожа Қожықовтың қызметі
Қ.Қожықовтың өмір жолы – ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ және басқа Түркістан халықтарының саяси өміріне қатысты істерге саналы әрі белсенді түрде ат салысқан азаматтың өмір жолы. Ол ұлт тарихынан орын алуға әбден лайықты.
ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыс тарихын зерттеу ісінде кейінгі жылдары біршама ағаттықтарға жол беру байқалады. Кейбір еңбектерде Алаш қозғалысының шығыс және батыс қанаттары болғандығы айтылады. Алаш қозғалысы – қазақ елінің өз ұлттық болмысы мен мүддесі үшін жүргізген күресі, сондықтан да оны тек белгілі бір аймақпен шектеу, әрине, жаңсақтық.
1917 жылғы Қазақ революциясы қарсаңында қазақ жерінің оңтүстік бөлігін құрайтын Жетісу және Сырдария облыстарында тұратын қазақтардың саны шамамен 2 972 725 адам болды. Бұл қазақ халқының жартысынан астамы еді. 1905 жылғы саяси оқиғалардың ықпалымен оңтүстік өңірдегі азаттық қозғалыс та мақсатты әрі тегеуірінді сипат ала бастайды. 1916 жылғы ұлттық көтеріліс тұсында Жетісудың негізгі наразылық ошағына айналуы соның көрінісі болатын. 1917 жылғы революциялық өзгерістер тұсында оңтүстік өңір тұрғындарының мүддесі мен тілегін білдіруші саяси топтың басында М.Шоқай, М.Тынышбаев, С.Лапин, Ә. Кенесарин, С.Ақаев, Ә.Оразай, Е.Қасымов және тағы тарихи тұлғалар тұрды. Олардың саяси қызметі Түркістан (Қоқан) автономиясы үкіметін құрумен аяқталғаны мәлім. Қоңырқожа Қожықов түркістандық алдыңғы саяси топтың қатарында болды. 1930 жылы Алаш қайраткерлерінің келесі екінші тобы ОГПУ тарапынан тұтқынға алынып, олардың үстінен тергеу жұмыстары жүргізілді. ОГПУ абақтысына Қоңырқожа Қожықов та қамауға алынды. Менің қолымда оның тергеу кезінде берген бірнеше көрсетулерінен алынған мәлімет бар. Сол дерек көздерді негізге ала отырып қайраткерлердің өмір жолы мен қызметіне қысқаша тоқталмақпын.
1930 жылы 22 сәуірде берген көрсетуіне қарағанда Қоңырқожа Қожықов 1880 жылы Перовск уезінде (қазіргі Қызылорда) болысы орта шаруаның отбасында өмірге келеді. Негізгі кәсібі малшы. Өз тергеушілерін адастыру мақсатында болса керек, ол шыққан тегіне байланысты: «Мен шыққан тегім жағынан қазақ та, қырғыз да, өзбек те, түрікмен де емес, қожамын» деп көрсетеді. (4) Оқуға, яғни сол кездегі Перовскідегі қалалық училищеге 12 жасында барады. Бұл 1892 жыл болатын. Училищені аяқтаған бетте Ташкенттегі мұғалімдер даярлайтын семинарияға оқуға түсіп, оны 1904 жылы аяқтап, сол жылы күзде Самарқан облысындағы Үргіт деген ауылға барып мұғалімдікке орналасады. Сөйтіп жас жігіт Қоңырқожа өмір жолын мұғалімдіктен бастайды.
Қоңырқожа Қожықов өз мамандығын сүйген, талантты ұстаз болғандығы байқалады. Қазақ шәкірттері үшін даярлаған «Әліппесі» соның айғағы.
Жергілікті тұрғындардың тілі мен дәстүрін жақсы білетін, орысша да сауатты жас маманды Әндіжан қаласындағы мемлекеттік банктің филиалы өзіне ұсақ кредиттер бойынша инженерлік қызметке шақырады да сол қызметте 1917 жылғы ақпан революциясына дейін істейді.
Жаңа ғана орнаған Уақытша үкімет Қоңырқожа Қожықовты Әндіжан уезіндегі өзінің учаскелік комиссары қызметіне тағайындайды. Осылайша оның саяси қызметі басталады. Міне, осы жол оны 1917 жылы 26 қарашада Қоқан қаласында өз жұмысын бастаған ІҮ Төтенше өлкелік мұсылмандар сьезіне алып барады. Түркістан өлкесін автономия деп жариялаған бұл сьезд 54 адамнан тұратын Түркістан Уақытша Кеңесін құрады. Оның құрамында Қоңырқожа Қожықов та бар еді.
Түркістан Уақытша Кеңесі 12 орыннан тұрған Түркістан автономиясының Уақытша өкіметін бекітті. Оның төрағасы және ішкі істер министрі болып Мұхамеджан Тынышбаев, сыртқы істер министрі болып Мұстафа Шоқай, ішкі істер министрінің орынбасары болып Әбдірахман Оразаев, министрлер кеңесінің жауапты хатшысы болып Қоңырқожа Қожықов сияқты қазақ зиялыларының тағайындалғаны мәлім.
1917 жылдың соңында болып өткен ІІ-ші жалпықазақ сьезінің шешімі бойынша 1918 жылы қаңтарда 72 өкіл қатысқан Сырдария қазақтарының сьезі шақырылып, онда Алаш автономиясына бұл өңір қазақтарының қосылуына немесе қосылмауы мәселесі талқыға түседі. Сьезд егер Алаш авономиясы Түркістан автономиясымен одақ құрған жағдайда Түркістан қазақтарының Алаш автономиясы құрамына енетіндігі жөнінде шешім қабылдайды, жиынға Қоңырқожа Қожықов та қатысады.
Қоқан автономиясы жеңіліске ұшырағаннан кейін Қоңырқожа Қожықов Кеңестік билікке қызметке кіріп, Ташкенттегі Мемлекеттік банкке шағын кредит бойынша инспектор міндетін атқарады.
Осы қызметте жүрген Қ.Қожықов сол кездегі кеңес қайраткері Полторацкийден қазақ зиялыларын Совет жұмысына қызметке тарту жөнінде тапсырма алады. Бұл 1918 жылдың көктемі еді. Кейінірек ол мұғалімдік қызметке оралып, педагогикалық курстардың директоры, балалар үйінің меңгерушісі, Наркомпрос жүйесінде, Түркістандағы аштықпен күрес комитетінде және басқа қызметтерде еңбек етеді.
Қ.Қожықовтың өмір жолындағы елеулі тағы бір кезең. Жетісу облыстық революциялық комитетінің мүшесі ретінде 1921 жылы бсталған жер рефомасын бақылау міндетінің жүктелуі еді. Осы жылы ол Түркістан өлкелік Кеңестер сьезінде сол аймақтың Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болып сайланады.
Қорыта айтқанда, Қоңырқожа Қожықов 1926 жылға дейін түрлі кеңестік қызметте болады. Ал осы 1926 жылы ұлт-азаттық қозғалыстың белсенді мүшелеріне қарсы бағытталған қуғын-сүргін оған да жетеді.
Тергеу материалдарында Қ. Қожықов өмірінің сол бір кезеңінде А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатов, С.Асфендияров, С.Ақаев, М.Есполов және басқа қайраткерлерімен жақын қатынаста болғанын білдіреді.
Қ.Қожықов саяси көзқарасы мен ұстанымы жөнінде:
«Я учился и стал сознательно жить тот период, когда европейский капитализм во всю наступал на Восток и поробащал колониальные народы, в том числе мусульманские страны. Я был в казахских областях туркестанского края – вакханалия царского правительства дошла до степени, что казахскому народу оставалось одно – вымереть. Я сделался националистом. Выход из положения видел в сепаратизме. Это дало повод Петроградской охранке обвинить меня в сепаратизме в 1914-1915 гг. Было по этому поводу расследование. Подняться до сознания, что спасение в социализме – я не мог, потому что не было среды, где бы я мог получить воспитание».
Өзі араласқан зиялылардың саяси ұстанымына байланысты ол : «Олардың бәрі ұлтшылдық идеологиясында болды, менің өзім де одан ада емес едім» деп көрсетеді.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін оның көзқарасына Түркістан кеңестері сьезінің билікке жергілікті мұсылмандарды тартпау жөніндегі жағымсыз әсері болғандығын жасырмайды.
Қ.Қожықов әлеуметтік жағдайы жақсылардың мүлкін тәркілеу, елді отырықшы тұрмысқа бейімдеу, ұйымдастыру саясатын қолданғанын айтады. Бұл жауаптың ішінде оның ішкі ұстанымына қаншалықты сәйкес екеніндігін дәл басып айту қиын.
1931 жылы 20 қыркүйекте берген көрсетуінде ол : «…Историю переименования города Ақ Мечеть в город Кызыл-Орду я знаю. Происходило это так: во время сьезда Советов в 1925 году я, Джандосов, Ходжанов и др. собрались на обеде у кого-то из казахов. Во время обеда был поднять вопрос – как назвать новую столицу. Я предложил назвать ее «Қызыл-Орда» и это всем понравилось, после чего Ходжанов предложил это название на сьезде Советов и оно было принято».
Осы тарихи деректерден Қ.Қожықовтың Қазақстан Кеңестік Республикасының сол кездегі астанасына жаңа атау беру ісіне тікелей қатысты болғандығын байқаймыз.
Мәмбет Қойгелді,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.