Елбасымыздың Тәуелсiздiк туралы ой-пікірлері
Еліміз үшін аса қадірлі мейрам - Тәуелсіздік күні. Аталған мейрамда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тәуелсiздiк туралы айтқан ой-пікірлерілерін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
***
Тәуелсіздіктің қайта оралғаны — біздің ата-бабаларымыздың санғасырлық азаттық күресінің заңды өтеуі. Жаратқан Иенің жасаған әділдігі. Ата-бабаларымыздың осыншама байтақ жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалғанының арқасы.
***
…Тәуелсiздiк – ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетiн арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты.
***
Тәуелсіздік — тарихтың мәңгіге бөліп берген еншісі емес, халықтардың мамыражай өмір сүруіне берілген кепілдік те емес: аңғал болмағанымыз абзал.
***
Тәуелсіздік Туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек.
***
Қиындық атаулыны жеңетiн бiр-ақ күш бар, ол – бiрлiк. Елiңдi, жерiңдi қорғау үшiн бiрлiк қаншалықты қажет болса, Тәуелсiздiк жемiстерiн, бүгiнгi қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшiн де ол сондай қажет.
***
Қазақстанның тәуелсіздігі бейбіт жолмен келді. Бұл — азаттық үшін алысқан мың-мыңдаған азаматтардың қасиетті қанының өтеуі. Бұл — бүкіл тарихында өзгелерге қиянат жасау дегенді білмеген халықтың пейілінің қайтарымы.
***
Тәуелсiздiктiң негiзгi мәнi – тарихтың жаңа бетiн өз еркiңмен, өз шешiмiңмен бастауда болса керек. Тәуелсiздiк бiзге жаңа жолымызды, өзiмiздiң соны соқпағымызды табуға зор мүмкiндiк ұсынды.
***
Қазақстанның Тәуелсiздiгiнiң болашағы үшiн, өсiп-өркендеу үшiн, нығаюы үшiн қазақтың – өзiмiздiң ұлттың бiрлiгi керек.
***
Халық кешпейтін бір-ақ нәрсе бар: елдің қолына зарықтырып келіп қонған бақыт құсынан — Тәуелсіздіктен айырылуды кешпейді.
***
Қандастарымызға қаратып айтар жайдың тағы бірі — тарихи Отанына оралған ағайын, ең алдымен, «Қазақстаным маған не береді?» деп емес, «Мен Қазақстаныма не беремін?» деп ойланғаны да дұрыс болар еді.
***
Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзiнiң егемендiгi мен тәуелсiздiгi үшiн күресiп келдi. Өзiнiң ең жақсы қасиеттерiнiң: қатер төнген сәтте бiрiгiп, ұйымдаса бiлуiнiң, сондай-ақ басқа халықтармен бейбiтшiлiк, келiсiм мен тату көршiлiк жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзiнiң мемлекеттiгiн қалпына келтiре алды.
***
Бәрін де тарихтың сый-сыбағасы деуге болар, алайда жан-жүрегіңнің аңсары болған азаттықты ешкім де сыйға тарта алмайды.
***
Тәуелсiздiктiң кезектi жылдығын атап өту бiзге ең алдымен той тойлау үшiн емес, ой ойлау үшiн керек. Тәуелсiздiктiң тайғақ кешулi жолында алдымыздан шығатын асу-асу белдер де болады. Ұлттың ұлан асуында ұйытқи соғатын желдер де болады. Сол асу-асу белдерде белiмiздi талдырмауымыз керек. Сол ұйытқи соғатын желдерде ұлы мұраттарымызды ұмыт қалдырмауымыз керек. Нағыз Тәуелсiздiкке қиын iсте тәуекелге бара алатындардың ғана қолы жетедi.
***
Біз тәуелсіздік алғаннан бері бірыңғай ізденіс үстінде келе жатқан елміз. Iзденіс үстінде дөп басу да, мүлт кету де бола береді. Ештеңе істемеген адам ғана қателеспеуі мүмкін.
***
Қаз тұрып, қадам басқан Тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, Қазақстанымыз айшылық жерді алты-ақ аттаған алып секілді, дәуір жалынан мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді.