Ел бақытын тербеткен – Тәуелсіздік
Қармақшы ауданында Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Ел бақытын тербеткен – Тәуелсіздік» атты салтанатты жиыны өтті, деп хабарлайды Kyzykorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Сұлтан Мақашов аудан тұрғындарын еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күнімен құттықтап жылы лебізін жеткізді.
«Бүгінгі мерекенің еліміздің тарихында, халқымыздың тағдырында алатын орны ерекше. Себебі, кез келген ұлт үшін Тәуелсіздік пен теңдік, азаттық пен елдік, береке мен бірлік, тілі мен дәстүрі – ең қымбат, ең асыл ұғымдар. Біздер, абыз аталарымыз сан ғасырлар бойы армандаған азатты, арайлы күнге жеттік. Баһадүр бабаларымыз жанын пида еткен тәуелсіздік туы осыдан 27 жыл бұрын көкте желбіреді. Тәуелсіздік – біздер үшін баға жетпес бақыт», – деді аудан басшысы.
Сонымен бірге ауданымыздың өсіп өркендеуіне үлес қосқан түрлі саланың өкілдерінің қызметкерлеріне облыс әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.
Сондай-ақ шәкірттері халықаралық және облыстың мақтанышына айналған, өңіріміздің рухани – мәдени дамуына серпінді үлес қосқан мәдениет саласының майталманы жыршы Зәуре Кәрібаеваға, Жосалы кенті орталығындағы №15 жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Асылов Маратқа «Астана қаласының 20 жылдығы» төсбелгісімен марапатталды.
Салтанатты жиын мерекеге арнайы дайындалған аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына жалғасты.