Қызылордада мерекелік іс-шаралар өтуде
Қызылордада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне арналған мерекелік іс-шара және «Нұр Отан» партиясы қатарына қабылдау салтанатты рәсімі өтті.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қызылордалықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолындағы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың рөлін атап өтті.
"Тәуелсіздіктің қалыптасу жылдары Елбасы үшін де, ел үшін де оңай болды деп ешкім де айта алмайды. Елде жұмыссыздық белең алды. Айлап еңбекақы, жылдап зейнетақы берілмеді. Электр энергиясы жетіспей, қараңғыда қарманып отырғанымыз әлі ұмытылған жоқ.Көгілдір отын арман болып, арбалап ағаш тасығанымыз да күні кеше еді. Іргетасы мықты отаудың қашан да еңсесі биік тұрады, түтіні түзу ұшады емес пе?! Белдеуіне бес мемлекет сиятын, 130-дан астам этнос өкілдері тұратын Қазақстандай алып мемлекетті шашыратпай, парасаттылықпен басшылық жасау да Ердің Ерінің ісі»,-деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі өңір жетістіктерін де атап өтті.
«Тәуелсіздік жылдары еліміздің шарықтап, қарқынды даму жолында өзіміздің аймағымыз да бірқатар игі істермен көрінуде. Мәселен, соңғы 3 жылда өңдеуші өнеркәсіпте негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін екі есеге жуық, жұмыспен қамтылғандар санын 55%-ға, еңбек өнімділігін18%-ға, ал, жалпы қосылған құнның 31%-ға өсуіне қол жеткіздік. Биылдың өзінде аймағымызда 1790 пәтерді құрайтын 70 көпқабатты тұрғынүйдің құрылысы жүргізілуде»,-деді облыс әкімі.
Айта кету керек, соңғы 6 жылда облыс экономикасына 1,6 трлн. тікелей инвестиция тартылды, 2013 жылдан бастап 50-ден астам жаңа өнеркәсіптік өндіріс іске қосылды. Жалпы өңірлік өнім құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2 есеге артты.
5,5 жыл ішінде 2,7 млн. ш.м. тұрғынүй пайдалануға берілді. Қызылорда қаласында осы жылдары 14 жаңа шағын аудан салынды. 5 жыл ішінде тұрғынүйді жылдық іске қосу көрсеткіші 2 еседен астам - 2013 жылы 270 мың шаршы метр болса, 2017 жылы 612 мың шаршы метрге дейін өсті. Аймақта 200-ден астам әлеуметтік сала нысаны салынды, соның ішінде 2013 жылдың басында болған 34 проблемалық әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды.
Шағын орта бизнес субъектілерінің саны соңғы жылда 12,7% - ға өсті. Бұл көрсеткіш даму қарқыны бойынша аймақ бүгінде республикада көш бастап тұр.
Сонымен қатар, бүгін Қызылордада "Нұр Отан" партиясының қатарына салтанатты қабылдау шарасы өтті. "Нұр Отан" партиясының мүшелігіне Ауған соғысының ардагерлері, педагогтар, мәдениет, спорт қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері - барлығы 11 адам қабылданды.
Аймақ басшысы, партияның облыстық филиалының төрағасы Қ.Көшербаев партияның жаңа мүшелерін құттықтап, оларға партиялық билет табыстады.
Сондай-ақ, партияның облыстық филиалының бірқатар белсенділері облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.