Қымызмұрындық пен бие байлау ЮНЕСКО мәдени мұраларының қатарына енді
Қазақ атбегілерінің көктемгі жоралғылары Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Материалдық емес мәдени мұраны (МЕММ) қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитет аталған қазақстандық ұсыныстарды өзінің 2018 жылғы 26 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луи қаласында өтіп жатқан 13-ші сессиясы аясында мақұлдады. Қазақстан ЮНЕСКО-ның осы беделді құрылымының жұмысына алғаш рет толыққанды мүше ретінде қатысуда. Отандық делегацияның құрамында ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия мен ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдік қызметкерлері, МЕММ саласындағы сарапшылар, Қызылорда облысының әкімдігі мен «Ұлытау» қорық-мұражайының өкілдері бар. «Қорқыт ата мұрасы: эпос мәдениеті, халықтың аңыз әңгімелері мен әуендері» номинациясын Қазақстан, Әзербайжан мен Түркия бірлесе әзірлеп, ұсынды. Қобызшы Мақсат Мұхамеджан көпшіліктің алдында Қорқыттың «Қоңыр» күйін орындап, бүкіл әлемнен жиналған қауымның көңілінен шыға білді. Сессия барысында Қорқыт күйлерін орындау дәстүрі мың жылдан астам уақыттан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқаны және түркі халықтарының ортақ тамырларын көрсететіні атап өтілді.
«Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» халқымыздың «қымызмұрындық», «бие байлау» және «айғыр қосу» деген жоралғыларын қамтиды. Олардың бүгінге дейін жалғасуының дәлелі ретінде Қарағанды облысының Терісаққан ауылында жыл сайын өткізіліп келе жатқан салт-дәстүр мерекесі келтірілді. Жылқының қазақтың ұлттық сана-сезімінде алатын орны ерекше, яғни Комитеттің бұл шешімі жылқы десе ішкен асын жерге қоятын біздің халқымыз үшін қуанышты болатыны сөзсіз. Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары Асқар Абдрахманов «Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жақында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атап көрсеткендей, б.д.д. IV мыңжылдықтағы Ботай мәдениетін зерттеудің нәтижелеріне сәйкес Қазақстан адам баласы атты алғаш қолға үйреткен жер болып табылады, мұның өзі бүкіл адамзат өркениетінің дамуына үлкен әсер етті. Комитеттің бұл шешімі барша отандастарымыз үшін зор мақтаныштың арқауына айналады», - деп айрықша айтты.
Даңқты дәстүрлеріміздің ЮНЕСКО тізіміне қосылуы тек насихаттаумен шектелмеуге, оларды болашақ ұрпақтар үшін сақтап қалу жолында мамандар, жергілікті халық пен билік орындарының бірлескен кешенді жұмысының жалғасуына демеу болуға тиіс. Комитет, сондай-ақ, еліміздің Материалдық емес мұраны қорғау жөніндегі Конвенцияға 2011 жылғы желтоқсанда қосылғаннан бері оның талаптарын жүзеге асыру бойынша елімізде атқарылған тиісті жұмыс жайындағы есебіне оң баға берді. Жиналыстың ашылуында қатысушылар қазақ атбегілерінің жоралғылары бойынша номинацияның авторы болған және одан бұрын Дүниежүзілік мұра тізіміне Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен Тамғалы петроглифтерін қосуға белсенді атсалысқан, мәдени мұрамызды қорғаудағы беделді отандық маман Елена Хорошты еске алып, бір минут үнсіздік жарияланды. 2018 жылғы маусымда Материалдық емес мәдениетті қорғау жөніндегі Конвенцияға тарап-мемлекеттердің Парижде өткен 7-ші сессиясында тартысты бәсекелестіктің нәтижесінде еліміз аталған Комитеттің құрамына алғаш рет сайланған болатын. Бұл осы саладағы мамандарымызға төрт жыл бойы өздерінің МЕММ анықтау, қорғау және насихаттауда жиған-терген білімдерін қолдануға және әлемнің барлық аймақтарынан жиналатын әріптестерімен ықпалдастықта бағалы тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Адамзаттың МЕММ Репрезентативтік тізіміне жаңа отандық элементтердің қосылуымен олардың біздегі жалпы саны онға жетті. Осы күнге дейін оған домбыра күйін орындау мен киіз үй құру өнері, айтыс, қазақ күресі, Наурызды мерекелеу, құсбегілік, қатырма нан пісіру, асық ойыны енгізілген еді. Өткен сессияның аясында аталған тізімге 39 жаңа элементті қосу қарастырылуда, олардың арасында Солтүстік және Оңтүстік Кореяның тұңғыш рет бірлескен ұсынысымен енгізілген корей халқының ссиреум күресі бар; жалғасып жатқан сессия алдында Репрезентативтік тізімге енген элементтер жалпы саны 399-ды құрады. Танымал тізімге ену - тиісті салт-дәстүрлер маңыздылығының халықаралық тұрғыдан танылуының белгісі. Ол мемлекеттердің тиісті мәдени мұраны қорғауға міндетті екенін білдіреді.