Қорқыт баба – тарихи тұлға
Қорқыт баба мұраларының ЮНЕСКО тізіміне енуі бәріміз үшін ортақ қуаныш. Біздің түсінігімізде Қорқыт аңыз кейіпкері. Ал, шын мәнінде өмірде болған тарихи тұлға. Бұл ретте, басқаны айтпағанда, авторлығы Қорқытқа телінген нақты күйлердің болуы мен оның сан ғасырлар бойы ұмытылмай, бүгінге жетуінің өзі-ақ бабамыздың өмірде болған нақты тұлға екенін дәлелдей алады. Тек өкініштісі сол, көне тарихымызды әлі күнге төл болмысында толық тани алмағандықтан, тек халықтың ауызша тарихының негізінде ел жадында сақталған аңыз әңгімелер дерегін малданып келеміз. Отандық тарих ғылымы әлі күнге еуроцентристік теория ықпалында жүр.
Ежелгі замандар оқиғаларына куә болар халықтың өзінің жадында сақтап келген ауызша дерек мәліметін қазба деректер мен жазба деректер берер мәліметтермен салыстыра зерделеп, оның нәтижесін әлемдік ғылымның жетістіктерімен сабақтастыру – түріктік танымға жол ашып, төл тарихымызды төл болмысында тануға мүмкіндік беретін тірлік. Осылай істесек, өткеннің ұмыт болған шындығын жалғанның жарығына шығарып, Қорқыт бабамыздың тек аңыз кейіпкері ғана емес, әлемдік деңгейдегі нақты тарихи тұлға екенін бар болмысымен жарқыратып көрсете аламыз.
Мен көп уақыттан бері көне тарихпен айналысып, ежелгі замандардан жеткен мұраларды шамамның жеткенінше түріктік таным тұрғысынан зерттеп келемін. Сонда, ұзақ жылғы ізденіс барысында Қорқыт бабамыз бен Екінші Шығыс Түрік қағанатының негізін қалаушылардың бірі, осы қағанаттың үш бірдей қағанының уәзір болған Тоныкөк екеуінің бір адам екеніне көз жеткіздім. Қытай жылнамаларындағы Тоныкөк пен Қорқыт бабамыздың өмір жолы мен қызметін салыстыра зерттесеңіз, екеуін бір адам демеске амалың қалмайды. Екеуінің есімдері ұқсамағанмен, бар тірлігі бірдей, бір адамның басынан кешкендеріндей. Тіпті кескін кейіптерінде де ұқсастық бар. Қорқыт бабамыз да қазақ даласына кейін қартайған шағында келген. Оған хақымыздың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Қорқыт» поэмасындағы: «Алтайдың Қорқыт кезді алаптарын, Ешкімге ұқтыра алмай жанның зарын. Ата-ана, дос-туысқан - бәрін тастап, Талақ қып қара көзді қарақтарын. Ауасы уланбаған өлімменен, Сөз де жоқ өлу түгіл, «өлем» деген. «Адамзат таба алмаса ажалға айла, Не қылмақ пайдасы жоқ білімменен,- деп ойлап, қайырламай ешбір затқа, Ажалдан қашып шығып құтылмаққа, Айырылып Алтайынан кетті Қорқыт, Өлімнен аман-есен жер таппаққа» жолдар да айғақ болады.
Сонымен бірге бұл жолдар Қорқыттың аңыз кейіпкері емес, тарихи тұлға болғандығын да байқатады. Қалай дегенде де, Қорқыт бабамызды аңыз кейіпкері болуымен бірге нақты тарихи тұлға екенін жас ұрпаққа нақты деректермен жеткізетін уақыт келіп жетті деп есептеймін. Ортақ қуаныш құтты болсын, ағайын!
Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ,
тарихшы-этнограф, жазушы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің мүшесі