Қорқыт ата мұраларының құндылығы
Қорқыт ата шығармасы адамзат тарихында өзіндік ерекше орны бар рухани қазына екендігіне қазірге дейін жүргізілген аса байыпты зерттеулердің арқасында ЮНЕСКО тізіміне алыну қажеттегін айғақтап берді. Оған түркі ғалымдары Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан және Түркіменстан, тағы басқалары елеулі атсалысып келе жатыр.
Ал, Қорқыт ата дастандарының ЮНЕСКО-нің тізіміне алынуының басты себебі шығарманың өте маңыздылығы адам баласының мәңгілік философиялық сұрағымен әрбір ойшылды жауап іздеуге бетпе-бет қалдырып, ой қорытуға жетелеп отыруында жатыр. Ол: өмір мен өлім. Өмірдің мәні және өлімнің өмірді жоюы ма? Әлде өлімнің жаңа өмірге есік ашуы ма? Сол сияқты Қорқыт дастандарында адам психологиясына ортақ достық, махаббат, тәкаппарлық, мақтану, жауынгерлік пен адам баласының үстемдік құру нәпсісі жайында әңгіме болады.
Шығарма адам баласының осындай түйіні күрмелі, жауабы күрделі өмір мен өлімнің ара-жігін ұғынуға ой жүгіртеді. Сондықтан, шығарма адам баласының ойшылдық ерекшелігін жаратылысындағы табиғи элементі екенін анық байқатады. Өйткені, Қорқыт ата бүгінгі заманның туындысы емес. Анау көне дәуірдің мұрасы ретінде Еуропа ғалымдары тарапынан зерттеле бастаған. Сонда Қорқыт дастандарын бірде Гомер шығармаларымен бірде Гілгәмеш дастанымен ұштастырып, шығарманың адам тарихындағы құнды туынды екендігін дәлелдеуге өздерінің салмақты уәждерін айтып келеді.
Біріншіден, немістің танымал дипломат, шығыстанушы, кітаптанушы зерттеуші, аудармашысы Генрих Фридрих Фон Диц (1751-1817) тұңғыш рет 1811-1815 жылдар аралығында Дрезден қаласындағы Қорқыт дастанының қолжазба түпнұсқасын зерттеп, зерделеген соң оның толық жаңа нұсқасын Берлин кітапханасына дайындады. Сол жұмыстың барысында қолжазбаның «Төбе көз» дастанын неміс тіліне аударды. Генрих Фон Диц аталған жұмыстарды атқарған маман ретінде Қорқыт дастанның шығу тарихына орай Қорқыттың «Төбе көз» дастанын герктің әйгілі ақыны Гомердің (б.з.б.VIII) «Одиссея» эпосымен салыстырып, оған қорытынды жасаған. Ол онда: «Гомер «Одиссея» эпосындағы бір көзді дию дастанын Қорқыт дастанынан көшірген немесе Қорқыт дастанының мазмұнынан хабардар болған үшін оған еліктеп жырлаған» – деген ой айтқан. Өйткені, Гомердің диюы барлық жағынан Қорқыт дастанындағы Төбе көз диюына ұқсас келеді. Осы орайда, Гомер, Қорқыт дастанынан хабардар болған. Ал, Қорқыт жырын жырлаушылар Гомерді және оның шығармаларынан хабардар болмағанына қарап, Қорқыт дастанының шығу тарихы Гомер өмір сүрген заманнан да бұрын болғанын болжауға болды.
Қорқыт дастандары - түркі халықтарының ортақ рухани-тарихи қазынасы ретінде барлық түркі халықтарына да ортақ рухани қазына һәм ортақ тарихи мұра.
Осы орайда, қорқыттанушы ғалымдардың ой тұжырымдарына шолу жасаған жөн болмақ. Онда: «Қорқыт ата оғыз түріктері мәдениетінің толық көрсеткіш айнасы»,– деп кесіп айтатындар бар. Олардың айтатұғын уәждері, біріншіден – дастанда аты аталған қалалар: Байборд, Қарадениз, Мардейін, Ақисар, Трабозон және Станбұл қалалары Анадолы (қазіргі Түркия) топырағында орын тепкенін айтады. Сондай-ақ, дастандарда аты аталған қалалардың біразы Әзірбайжан территориясында орналасқан. Олар: Гәнже, Боздағы, Алынче қамалы, Гуиже көлі, Дәршам мен Дәрбәнд деп аталатын елді мекендер. Екіншіден, Әбілғази Баһадүр хан «Түрікмендер шежіресі» атты еңбегінде «Қорқыт ата оғыздардың аңызға айналған патшаларының уәзірі болғанын» бірнеше рет қайталап атап кеткенін негізге алады. Оғыздар – түрік халықтарының өте көне заманнан келе жатқан тайпасы. Олардың басым бөлігі XI ғасырға дейін көшпенді болған. Маһмұт Кашғаридің «Диуан-и лұғат түрік» атты еңбегінде оғыздардың жиырма төрт тайпадан құралған жайын әңгімелейді. Оғыздар 960 жылынан бастап ислам дінін қабылдай бастап, он бірінші ғасырларда мұсылмандық олардың арасында біртұтас сипатқа ие болып, олардың жаңа ислами дүниетанымы қалыптаса бастайды. Оғыздар X ғасырда Сыр бойынан әртүрлі тарихи себептерге байланысты көше бастаған. Солардың бір бөлігі Әзірбайжанда қоныстайды. Сонда Қорқыт ата дастаны Арал теңізі төңірегі, Сыр бойында отырған оғыздар арқылы Әзірбайжан өлкесіне жетеді. Дастандар жаңа өлкеде сол жердегі жаңа оқиғаларға сәйкес жаңаша тілдік һәм мазмұндық тұрғыдан жырлана басталған. В.В. Бартолд (1869-1930) түркітанушы, ирантанушы ғалым ретінде ең көп зерттеген зерттеуші ретінде оғыз тайпалары жайында былай: «Оғыздар Сыр бойынан түріктердің пірі, сүйікті жырауы һәм түркілік сананын қалыптастырушы Қорқыттың аңыз-әңгімесін батыс жаққа алып барды. Сондықтан, Қорқыттың әдеби үлгісі түрікмендер арасында күні-бүгінге дейін бар. Орта ғасырлар да Қорқыттың аңыз-әңгімесі Анадолы топырақтарында да танымал болған. Османлы империясы кезінде XVII ғасырға дейін Әзірбайжанда таралу қарқыны күшті болған. Тіпті X ғасырға түріктердің бір бұтағы болған пешенектер арасында да Қорқыт есімі белгілі болған.
Қорыта айтқанда: Қорқыттың аңыз-әңгімесі түріктердің исламнан бұрынғы әдеби мұрасы ретінде оғыздар арқылы батысқа қарай жол тартқан», – деп жазған. Осындай байыпты зерттеулерге қарағанда Қорқыт ата шығармасы түркілер үшін елдік танымының ортақ идеясы ретінде түркілердің ежелгі дәуір мен кейінгі дәуірін жалғастырушы көпір іспеттес.
Ислам ЖЕМЕНЕЙ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті-«Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, проф.