Адамзат өркениетіне қосқан үлесі зор
Қорқыт ата – бүкіл исі түркі халықтарының ортақ ғұламасы. Сырдың бойын мекендеген халық Қорқыт бабаны әулие тұтады. Өзім де Қорқыт баба мекен еткен жерде дүниеге келдім, бала жастан Қорқыт күйлерін тыңдап өстік. Қорқыт туралы айтқанда, «Ай ортақ, жер ортақ, ел үшін туған ер ортақ, Қорқыт бабаның даналық сөздері ортақ» дер едім. Себебі, тек түркі жұртына емес, жалпы адамзат өркениетінің дамуына Қорқыт мұраларының үлесі зор екені даусыз. Сондықтан да Қорқыт мұраларының ЮНЕСКО-ның тізіміне енуі қазақ халқы үшін емес, түгел түркі жұрты үшін үлкен қуаныш. Бұл үшін қаншама ғалымдар еңбек етті, тер төкті. Бұл қуанышты жаңалықпен Сыр бойы халқын, Қорқыт атаны зерттеуде үлкен еңбек жасаған ғалымдарды құттықтаймын.
Алмас АЛМАТОВ,
жырау, ҚР еңбек сіңірген қайраткері