Жерлестер Қызылордада жүздесті
Сыр шаһарында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында сырбойылықтардың кездесуі өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz сайты.
Сыр өңірінен шыққан танымал тұлғалар – композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев, белгілі қаламгер, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елмұра Жаңабергенова, жыршы-термеші Ақмарал Ноғайбаева, дәрігер Сәбит Пазылов, есімі елге белгілі журналистер Жайна Сламбек, Нұрбек Әмиша және басқа да белгілі азаматтар туған жерге келді.
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің айтуынша, басқосудың мақсаты – Сыр өңірінен шыққан танымал тұлғалардың жеткен жетістіктерін аймақ жастарына үлгі ету, оларды туған жеріне қолдау көрсетуге шақыру.
«Елбасының өзі Алаштың анасына балаған Сыр топырағы қасиетті. Осы өңірден шығып, талай жерде өзін мойындатып жүрген туған жердің перзенттері аз емес. Біз олармен мақтанамыз. Азаматтарды жыл сайын дәстүрлі түрде өзінің туған топырағына шақырып, атамекеніне тәу еткізіп, сағынып келгенде мауқын басуға және туған жерге деген жауапкершілігін күшейтуде осындай шаралардың маңызы ерекше. Әрбір азамат туған жерінің өсіп-өркендеуіне үлес қосу керек. Әрине, бұл үшін белгілі кәсіпкер болу, құрылысшы болу шарт емес. Шерхан Мұртаза айтқандай, «Отанды сүю үшін көп әңгіменің қажеті жоқ, тек еңбектену керек», – деді Р.Рүстемов.
Композитор Кеңес Дүйсекеев болса, туған жерге ат басын бұратынын, сағынып келетінін жеткізді.
«Жүрек өзі туған жерге тартып тұрады. Биыл Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы қарсаңында «Сыр елім» атты гимн жазғанмын. Қазір осы ән шынында да сырбойылықтардың гимніне айнала бастады», – дейді Кеңес Дүйсекеев.
Шара барысында «Жомарт жүрек» байқауының облыс бойынша жеңімпаздары марапатталды.