Тарихқа деген дұрыс ұстаным
Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегін тарихқа деген жаңа көзқарас, дұрыс ұстаным, тарихи сананы жаңғыртудың тың көрінісі деп бағалаймын. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан жерде ұлт тарихы басталады деп Президент айтқандай, аталмыш мақаланы бүгінгі уақыт тынысымен алғанда философиялық ой-толғамдармен сабақтасып жатқан дүние дер едім. Кез келген халық пен ұлт өз шыққан тегіне зер салып, өткеніне үңілуін заңды құбылыс десек, ұлт пен абыройымызға терең әсер ететін Елбасының бұл туындысы көптеген ой тудыруда. Бірінші кезекте бұл ұлт үшін өте маңызды. Бұған дейін төл тарихымызды танып білуде белгілі бір шеңберден аса алмай келгеніміз жасырын емес. Отарлау кезеңінде қазақтарды, тарихы болмаған, болмысы, бет әлпеті жоқ, даланы кезіп жүрген халық ретінде көрсету әрекеттері болғанын, тіпті тек мал бағып, көшіп қонып жүрген халық ретінде көрсетіліп келді. Сол жүйелі әрекеттердің арқасында тарихымыздан айырылып қалдық, «тарихтан шаршау» синдромына іліктік десек те артық айтқандық болмас. Бүгінгі жаһандану процестері адамзат тарихындағы Ұлы дала орнын қайта қарау, ұлттың өткені мен өткергенін басқаша көзқараспен сараптап, болашаққа бағдар жасауды талап етіп отыр. Елбасының ұсынып отырған тұжырымы арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік тууда. Бұл уақытқа дейінгі тарихымыз Ресей деректеріне сүйеніп жазылып келгенін де білеміз. Шын мәнінде олай болмауы керек. Тарихымызға қатысты деректердің көбі әлем мұрағатында жатыр, әлемдік деңгейде қаншама жиналған материалдар барын ескерсек, ендігі меже - осы бағыттан жаңылмай,өткеннен өнеге ала отырып, көздеген мақсаттарға қол жеткізу, әлемге қазақтың тарихын, мәдениеті қандай екенін көрсету.
Осы тұста біздің ең ерекше құндылықтарымызды Елбасы атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығының жер жүзіне Ұлы даладан тарағанын, Ұлы даламызда дүниеге келген «Аң стилі», Дала өркениетінің зор қуатын көрсететін «Алтын адам», Ұлы Жібек жолының омыртқасы біздің даладан өтетінін, шикізат шығарушы ел деген түсінік, металургия өндірісі қалыптасып дамыған ел, алма мен қызғалдақтың Отаны – Алатау екенін айқын атап көрсетті. Әрі қарай жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауда зерттеуші қауымға Елбасы үлкен міндет жүктеді.
Енді сөзден іске көшу кезегі келді. Ғаламдық маңызы зор, қазақтың рухын жандырып, қазақ мәдениетінің әлемдік өркенниетке таласы бар екендігін таныту мақсатында жазылған бағдарламалық мақаладағы міндеттерді орындау, ұлы даламыздың даңқын асыратын жеті қырды тарата баяндау, тереңдей зерттеу баршамыздың азаматтық парызымыз дер едім. Осындай игі бастамаға атсалысу – әрқайсымызға қастерлі міндет. Деректермен жұмыс істейтін тарихшылар мен ғалымдар бұны негізге алып, нақты ғылыми деректерге сүйеніп осы жолда әрқайсысы аянбай еңбек етсе абзал болар еді.
Аманкелді Арысбаев,
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ «Қызылорда бөлімшесі» филиалының директоры,
«Нұр Отан» партиясы «Теміржол» филиалының төрағасы,
Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты