Ұлттық код – рухани болмыс кілті
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында заман талабына сай көне мен бүгінгіні қисынды ұштастыра отырып, еліміздің рухани кодқа сүйену қажеттігін ұтымды айтқан.
Негізі ұлттық тек дегеніміз – ұлтты біріктіріп ұстап тұратын іргетас. Оған тіл, дін, діл, жалпы рухани құндылықтар жатады.
Ал, діл дегеніміз – қанымызға сіңген қасиет.
Яғни, бұдан шығатын қорытынды – Ұлт Көшбасшысы кез келген жаңғырудың ең алдымен ұлттық болмысқа, салт-дәстүрдің замана сынынан сүрінбей өткен озығына негізделуге мән беріп отыр.
Бұл сындарлы шақтағы өзгерістерге үрке қарағаннан гөрі, жаңашылдық пен сана жаңғыруына сергектік танытқан абзал. Өйткені, бүгінгідей жаһандану заманына ұлттық жадымен ғана төтеп бере аламыз.
Тарихи сана қалыптаспай, мемлекетшілдік сана орнықпайды. Ал, тарихи сананың тұғыры – тарихты танудан қалыптасады. Олай болса, тарихи өтпелі кезеңдерде ұлттың сақталып қалуында еңбек сіңірген тұлғаларды қайраткерлік һәм азаматтық істерін тану маңызды.
Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеялық және рухани жалғасы болған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының негізгі өзегі – әлемдік өркениет көшіне ұлттық сипатыңды сақтай отырып дамудың бағыт-бағдарын көрсеткен стратегиялық құжат деп қабылдадық.
Әзия ҚЫСТАУБАЕВА,
Жаңақорған ауданы әкімінің кеңесшісі.