Қиындыларды қиюластырған – Эльвира Әзірбекова
Қайталанбас көркемдігімен ерекшеленетін қазақтың қолөнері көздің жауын алып, адам жанын баурап алатыны белгілі. Әсіресе шебердің көз майын тауысып тігетін құрағы.
Түрлі қиындылардан құралатын құрақтың астарында мағыналы ой жатқаны белгілі. Ата-бабаларымыз құрақ тігу арқылы «ауызбіршілігіміз артып, басымыз құралсын» деп, одан әрісі мата қиындыларын бекерге тастамай, бос ысырапшылдыққа жол бермеген.
Соңғы уақытта құрақ көрпешелер тігіп, қазақтың ұмытылып бара жатқан бұл қолөнерін қайта жандандырып, сол арқылы кәсіп жасап жүргендер көбейіп келеді. Солардың бірі қармақшылық – Эльвира Әзірбекова.
Бала күнінен тігіншілікке құмартқан ол «Zhas Project» жобасының грант иегері. Жас ісмер қазіргі күні «Аяна» қыз жасауы шеберханасын ашып, онда қыз жасауынан өзге заманауи перделер, ұлттық нақыштағы көйлектер, автокөлікке қаптама, орамалды сәндеп тігу, карона жасау, сөмке тігу, тұсаукесерге арналған заттар жасауда.
Қазақтың ұмытылуға шақ қалған оюларын сәндеп көрпешеге түсіріп, қолжетімді бағада сатылымға шығаруды мақсат еткен ол алдағы уақытта тың идеяларын жүзеге асыруға талпынатынын айтуда. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы жастарға берілген мұндай қолдауға айтар алғысы шексіз.
Бүгінде жас ісмердің қолынан шыққан бұйымдар «Zhas Project» жобасының ережесі бойынша белгіленген уақытқа дейін әлеуметтік осал топтағы жандарға тегін таратылады. Ал, жоба өз мәресіне жеткенде жас ісмер өз кәсібін одан әрі дөңгелетіп алып кетеріне сенім мол.