Киіз басу өнерінің жанашыры
Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарымыз жаңғыруда. Бұл ретте, жас жеткіншекке білім беруде мектеп мұғалімдерінің еңбегі ерекше. Мысалы, Қармақшы ауданындағы №185 мектептің технология пәнінің мұғалімі Раиса Әбілғазықызының шәкірті, 8-сынып оқушысы Динара Алдабергенқызы «Қазақ киізі: бүгіні мен болашағы» тақырыбында ғылыми жоба қорғаған. Онда Динара Қазақстанның қолданбалы өнерінің ең күрделі және ең ғажайып түрі – қазақ киізінің қалай өңделетіні жайында зерттеу жүргізеді. Сондай-ақ, дәстүрлі киіз басу өнерінің ерекшелігін, ондағы оюлар мазмұнын ашып көрсетеді. Мұнымен қоса, жас ғалым ертеде жүннен жасалған бұйымдар мен қазіргі жүннен жасалған бұйымдарды зерделей келе оның тәрбиелік мәнін айқындайды.
– Киіз бұйымдары нағыз қауырт өркендеу дәуірін бастан кешуде. Бұл икемделгіш және пластикалық қасиеті бар материал іс жүзінде бүкіл әлемге танымал. Шеберлер бұйым жасауда кең ауқымда киізді пайдаланады. Перде безендіруде, тұтқыш пен ыдыс-аяқтың төсеніші, үй жиһазы мен еденге төсейтін кілемдерден орын алады. Оны тіпті, сән әлемінде модельерлер де назардан тыс қалдырмайды. Қазіргі заманғы технологияны қолдана отырып, сан түрлі фактуралар мен маталарды үйлестіріп, небір өнер жауһарын жасауда. Жалпы киіз бұйымын дайындау балалардың да қолынан келеді. Тек оған машық пен төзім керек. Киіз басудың құрғақ және дымқыл әдісі болады. Ғылыми жұмыс барысында көптеген ұлттық құндылықтарға, тарихи деректерге қанықтым. Мәселен, ағылшын суретшісі Т.Аткинсон 1847-1854 жылдары Қазақстан мен Сібір жеріне саяхаттайды. Сол сапарында қазақтың өмірі мен тұрмысы туралы жазады. Ауылдың көрінісін, киіз үйді суретіне арқау етеді. Оның бірқатары осы күнге дейін сақтаулы, – дейді жоба қорғаушы.
Расында да, Динараның ой-өрісі, талабы көңіл қуантады. Ұлтжандылығы көрініп тұр. Оны мектебі де, жетекшісі де мақтан етеді.
– Динара киіз басу өнерінің тарихын, қазіргі кездегі әдісі мен жүн өңдеу тәсілін, әжелеріміздің ісмерлік тәжірибесін жобада қамтып шықты. Ол сөзбен жазып қойған жоқ. Ғылыми жобаның мазмұнын ашу үшін киізден түрлі үлгі жасап, «Киізден жасалған бұйымдар» атты әдістемелік альбомын ұсынды, – дейді ұстазы Р.Әбілғазықызы.
Білім ұясында оқушыларды ұлттық өнерге баулып жүрген ұстаздың бірі – №269 мектептің технология пәнінің мұғалімі Гүлсім Шүкірәлиева. Оның шебер қолымен басылған киіздері талай көрмеге көрік беріп, жүлде салуда.
– Синтетикалық бұйымға қарағанда табиғи өнімге сұраныс мол. Сондай табиғи өнімнің бірі – жүн. Оның керемет емдік қасиеті бар. Суық тиіп немесе бүйрек, бас ауырғанда ата-апаларымыз жүннен тоқылған қалпақ, шарқат, шұлық пайдаланады. Әсіресе, омыртқа, тұз байлану дертіне бірден-бір ем. Бұлшық ет, тыныс жолы мен қан айналымына әсері мол. Сондай-ақ, қазіргі синтетикалық талшықтан тоқылған кілемнен 30 жыл бұрын басылған киіздің жылуы салыстыруға келмейді. Киіз төсеніш табаннан суық өткізбейді. Керісінше, синтетикалық өнімнің адам ағзасына зияны орасан. Табиғи демекші, жүн бояуды табиғаттан аламыз. Мысалы, жосадан. Яғни, қызыл топырақтан. Қорқыт ата кешеніне барар жолдағы қызыл жарқабаққа көзіңіз түскен болар. Жосалының жер атауы міне, осы жосамен байланысты деп жатады үлкендер. Сонымен қатар, бояу анар, рауғаш, жуа тамыры мен қабығынан, қына шөбінен де алынады. Бұлар қызыл, сары, басқа да түс береді, – дейді ол.
Сонау антикалық дәуірден бастап көздің қарашығындай сақтап келе жатқан киіз басу өнері ұлттық мәдени мұрамыздың өшпес бір бөлшегі саналады. «Ел жетіліп көркеймек, өнер қанат жайғасын», – дейді ақын С.Торайғыров. Өнердің жанашыры болмаса, ол өміршеңдігін сақтай алмайды. Өкінішке орай, қазіргі таңда киіз басумен айналысатын шеберлер қатары сиреп барады.