Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі жаңғыру жолында
Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі – ғылым мен білімнің, өркениет пен тарихтың, алтын ордасы. Өткеніміз бен болашағымызды байланыстыратын алтын көпір.
Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі 1968 жылы 7 қарашада ашылды. Музей ғимаратына Қазалы қалалық бірінші сайланған еңбекшілер депутаттарының кеңсесі болған үй берілді. Бұл ғимарат облыстық дәрежедегі тарихи-мәдени ескерткіштер қатарында. Ауданда музей ашуды қолдаған, сол кездегі Қазалы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Теңел Жұмабаевтың еңбегі зор. Өзінің туған балдызы, Ғанидың тікелей зерттеушісі Сейілхан Асқаровтан материалдар алу арқылы музейдің іргетасы қаланған. Бұл кісілердің еңбегін айтпай кетуге болмас. Музейдің алғашқы директоры Жармедет Хайруллаев болса, 1969 жылдан 1981 жылға дейін белгілі ақын Балтабай Тәжімбетов ағамыз басқарды. Музейдің алғашқы қалыптасу жұмыстарына басшылық жасап, 1977 жылы Ғ. Мұратбаевтың 75 жылдық мерейтойын республикалық дәрежеде атап өтті. 1981 жылы музей басшылығына Қатира Ниязқызы Тайпақова келді. Қазақша айтқанда, музейдің көктамырларына қан жүгіріп, ғылым мен білімнің, іздену мен жинақтаудың, оны музей тәртібіне байланысты сақтаудың жолдарын қалыптастырды. 1984 жылы музейге аса жанашырлық көрсеткен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаевтың қолдауымен реэкспозициялық жұмыстар жүргізіліп, безендірілген музейдің салтанатты ашылуы республикалық дәрежеде атқарылды.
1986-1993 жылдар аралығында музей басшылығында Шолпан Сәңкібаева, Жолдасбек Нысанов, Ермек Сәтов, Әбдісаттар Оспанов ағалармыз болды. Ғанидың өмір жолдарын зерттеу, ғылыми мақалалар дайындау, мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыру арқылы Ғани музейін қалыптасуына өз үлестерін қосты.
1993-1995 жылдар аралығында музейді педагог-ұстаз Бағдат Орымбас басқарды. Бағдат Ақжігітқызы Ғанидың туған өлкесін зерттеп, музей қорын толықтыруда өз қолтаңбасын қалдырды. Музейдің ашылғанына ширек ғасыр толған 25 жылдық мерейтойын салтанатты жағдайда атап өтуге атсалысты.
1995-2005 жылдар аралығында музей басшылығына Қазалы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшы болған, Ғанидың нағыз ізбасары Дана Рахманбердіқызы Сабырбаева тағайындалды. Дана Рахманбердіқызы музей ғимаратын, Ғани алаңын күрделі жөндеуге, музейдің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, экспонаттар санын көбейтуге, мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыруға айрықша атсалысты. 1998 жылы музейдің 30 жылдығын салтанатты жағдайда өткізуге, Ғанидың 100 жылдығына байланысты музей залдарына реэкспозициялық жұмыстар жүргізуге атсалысып, мерейтойды республикалық дәрежеде атап өтті.
Ғанидың туған күні құрметіне кіші футболдан жарыс өткізуді дәстүрге енгізді.
2005 жылы музейді ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» Жетіскен Мәкеналы басқарды. Жетіскен Мәкеналыұлы музейдің материалдық-техникалық базасын нығайтуды, кадрлардың білімі мен біліктілігін арттыруды, музей қорын тың экспонаттармен толықтыруды, рухани-тағылымдық іс- шараларды ұйымдастыруды жолға қойды. 2007 жылы Ғанидың 105 жылдығы жоғары дәрежеде аталып өтті. Ғани туралы жазылған жырлар мен әндер жинағын шығарды. Музейдің ашылғанына 40 жыл толу құрметіне «Ғани тағылымы – ұрпақ танымы» атты рухани-тағылымдық іс-шараны республикалық деңгейде атап өтіп, музей тарихынан «Ғани тағылымы» атты жинақ басып шығарды.
Ғанидың туған күні құрметіне жас ақындар мүшәйрасын өткізуді дәстүрге айналдырды.
2009 жылдан 2012 жылға дейін музейді Қани Сарсенов басқарды.
2011 жылы Халықаралық музейлер күні құрметіне «Туған өлке тәуелсіздік жылдарында» атты облыстық семинар өткізілді. Сондай-ақ, баспадан «Музей – тәуелсіздік жылдарында» атты буклет-кітапша басылып шықты. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құрметіне жабдықталған «Тәуелсіз Қазақстан» залының салтанатты ашылуы болды. Ғани Мұратбаевтың туғанына 110 жыл толуына орай музей қызметкерлері дайындаған «Ғани» атты жинақ баспадан шығарылып, Қазалы ауданында республикалық дәрежедегі өткізілген шараға өз үлесін қосты.
2013 жылы музей басшылығына ҚР мәдениет саласының үздігі Арман Әуезов тағайындалды. Өзінің өнер саласында жинаған тәжірибесін музей қызметіне жұмсады. Облыстық бюджеттен қаржы бөлдіртіп, музейдің күрделі жөндеуден өткізілуіне атсалысты.
2014 жылы музей басшылығына ҚР мәдениет саласының үздігі Ғалия Оспан келді. Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметін зерттеп, жинақтаумен қатар өлке тарихына арналған экспонаттар жинақтаумен айналысқан музей қорынан 4015 экспонатты бөлдіртіп, ауданда тарихи-өлкетану музейінің ашылуына өз үлесін қосты.
Музей саласын әр кезеңдерде басқарған басшылардың өз уақыттарында атқарған қызметтері мен еңбектерінің нәтижесінде біздің музейіміз облыстағы алдыңғы қатардағы музейлер сапында келеді.
2015 жылы музей басшылығына музей саласында 15 жыл еңбек өтілі бар мен тағайындалдым. Музейдің материалдық-техникалық базасын жетілдіруге, тың экспонаттармен толықтырылуына, мәдени-көпшілік шаралардың өз дәрежесінде өтуіне өз үлесімді қосудамын.
«Ғани Мұратбаев» атындағы облыстық сыйлықтың алғашқы иегерлерінің «Ғани. Тарих. Жастар» атты кездесуін музейде ұйымдастырдық.
Музей қызметкерлерінің жинақтауымен, Алматы қаласындағы «GD Print» баспасынан «Ғанидың қазалылық ізбасарлары» атты жинақты жарыққа шығардық.
Жас ұрпақты Ғани рухымен тәрбиелеу мақсатында музей жанынан «Жас ғанитанушылар» үйірмесін және үш буын өкілдерінен құралған «Өнеге» бірлестігін құрдық.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында батыс өңірдегі музейлермен байланыс жасалып, Ақтөбе өңіріне Ғани мұраларын, Батыстың жау жүрек қызы Әлияның және өлке тарихына байланысты экспонаттарын Қазалы жұртшылығына көрсеттік.
Көршілес Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы тарихи-өлкетану музейімен өзара әріптестікті нығайту мақсатында екі жақты меморандумға қол қойылып, жұмыстар жүргізілуде.
Музей 2018 жылы Қазақстан Республикалық Тұлғалық музейлер қауымдастығы республикалық қоғамдық бірлестігіне мүше болып қабылданды. Астана қаласындағы Ұлттық музейде өткен алғашқы құрылтайына қатыстық.
Ғанидың туған күніне орай аға-апаларымыз дәстүрге енгізіп кеткен футбол жарысы мен «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты ақындар мүшәйрасын он бес жылдан бері үздіксіз өткізіп келеміз. Музей қоры тың экспонаттармен толықтырылып, келушілерге сапалы қызмет көрсетілуде.
Роза Асанова,
Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің директоры