Ашамайға мінгізу

Жас бала есі кіріп 4-5 жасқа келгенде оған бәсіре тай тарту етіледі. Егер балаға арналған бәсіре аты үйретіліп, мінуге жарап тұрса, онда баланы соған мінгізеді. Салтанатты түрде үйретілген бәсіре тайға ашамай ерттелінеді.
Кейде бәсіре тай белгілі бір себептерге байланысты мінуге жарамаса, баланың өзімен шамалас жуас, жүрісі жайлы, әрі сыр-сымбаты жарасқан кұнан не дөнен таңдалады. Баланың ашамайға мінгізілуі оның өмірінде тіршіліктің жаңа кезеңі басталғандығын білдіреді. Баланың рәсіміне ауыл адамдары жиналып, бала мінген аттың жал-құйрығына, баланың шапанына және баскиіміне шоқтап үкі тағады. Бұл «үкінің қасиеті – жын-шайтаннан қағады» дегенді білдіреді. Баланы атқа мінгізу құрметі шабандоз, желтақым жігіттерге жүктеледі. Баланы атқа мінгізіп, аяғын ісикішекке сұғып, белін айналдыра жұқа көрпешемен орап, қолтырмаш ағаштармен денесін ауыртпайтындай ғып тартып таңады.
Осы тұста:
Мықтап тарт ашамайдың қолтырмайын,
Жас бала жол үстінде болдырмасын, – деген өлең түрінде ескертпе бата айтылады. Ат үстіндегі бала алақанын жайып, ауылдың батагөй ақсақалдарынан бата сұрайды. Ондайда ауыл ақсақалдары төмендегідей бата береді:
Ал, ақ тілек, ақ тілек,
Атқа тоқым сал білек,
Атқа да жақсы шаба біл,
Жасыңнан малды баға біл,
Өнеге, өнер таба біл,
Аймағыңа жаға біл,
Атқа міндің, ақжол болсын.
