Еңбегі ерен ел ағасы
Бүгінгі Шиелі өңірінің талай тарландарды түлетіп ұшырған киелі де құтты мекен екенін былайғы жұртқа жарнамалап, жар салып жату артық та болар. Оның күллі Сыр бойына ғана емес, исі қазаққа танымал тұлғаларын – елге тұтқа болған көсемдерімен шешендерін, даналарымен дүлдүлдерін, батырлары мен билерін былай қойғанда, бертінде ғұмыр кешкен еңбек пен қоғам өмірінің небір майталмандарын, ғылым мен өнердің көрнекті өкілдерін әрдайым мақтан тұта айтып, көңіліміз бір марқайып қалатынын қайтерсіз!
Иә, Шиелі топырағы қашан да игі жақсылар мен жайсаңдардан кенде болмаған. Содан да ма екен, күні кеше ғана өзімізбен үзеңгі қағысып қатар жүрген, кезінде көптің көшін бастап, бүгінде ел ағасына айналған небір марқасқа азаматтарымыздың зейнет жасынан асты дегенше еңбегі мен есімін еске алуды көп ретте ұмыт қалдырып жататынымыз да бар ғой. Осындайда емес пе, қазақтың «Қолда барда алтынның қадірі жоқ», – деп бас шайқайтыны. Бәлкім, мұның түп-төркінін елге еңбегі сіңудей-ақ сіңген, марапат пен мақтауға әбден лайық кейбір азаматтарымыздың халқына қызметін атақ-даңқ пен мансап үшін емес, адами парызын адал атқарғаны мен ар тазалығын бәрінен биік қойып, онысын ешкімге міндетсінбейтін мәрттігінен іздеген де жөн болар. Кім білсін?! Мен болсам ақынның:
«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды,
Жамандар жақсымын деп айқайлайды.
Жүрген соң күнде көріп баурайында,
Таулардың биіктігі байқалмайды», – деген жыр жолдары ойға оралған сәттерде осы Шиелі өңірінде туып-өсіп, бүкіл саналы өмірін туған топырағының төсін түлетіп, мәртебесін марқайтуға арнаған ардақты азамат, ит көйлекті бірге тоздырған құрдасым Бегайдар Жүсіпұлы досым көз алдыма келеді. Егер ағымыздан жарылар болсақ, басқаны былай қойғанда, кейде өзімізбен қатар жүрген достарымыздың ел ісіндегі ерен еңбегі мен үлесін көріп-біле тұра да қадіріне жете бермейтінімізді, жеткен күнде де жақсының жақсылығын айтып, мерейін тасытуға келгенде іркіліп, кібіртіктеп қалатын енжарлығымыздың барын несін жасырайық. Әйтпесе, осы біздің Бекең Шиелінің шырайын шығарып, абыройын асқақтатуға бар қажыр-қайратымен де, білімбілігімен де, ар-ұжданымен де бел шешіп, бел- сене атсалысқан бірден-бір азамат екеніне ешкім де шүбә келтіре қоймас деп ойлаймын.
Әлбетте, шалғайдағы Шәулімшенің баурайында өскен қарапайым шаруаның баласы мектептен соң екі қолға бір жұмыспен жүріп, Алматының ауыл шаруашылық институтының агрономия факультетіне сырттай оқуға түскенде де оны өгіздей өрге сүйреген өзінің мақсатына жетпей тынбайтын өлермендігі еді. Не керек, өз қатарластары мен әріптестері арасында ізденісі мен іскерлігін дәлелдеп, білікті маман ретінде көзге түсіп үлгірген Бегайдар ұзамай-ақ мемлекеттік қызметке шақырылып, алғашқы қадамын ауаткомда нұсқаушылықтан бастайды.
Мұнан соң аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында экономист, «Қарғалы» қаракөл кеңшарында бас экономист, аудандық «Сельхозхимия» бірлестігі төрағасының орынбасары, аудандық ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау, сату және сапасы жөніндегі бас инспектор, аудандық тұқым инспекциясының бастығы тәрізді лауазымды қызметтер атқарған Бекең тоқсаныншы жылдары сүйікті жары, бес қыз, бір ұлының аяулы анасы Мейрамкүлі ауыр науқастан көз жұмып, дүниеден баз кешкендей күйге түскенде құлазыған көңілін ұл-қыздары демеп, қазіргі зайыбы, аса мейірімді жан Тамарамен қосылуына бірден-бір себепкер болады. Ұзамай Шымкентке қоныс аударған Бекең жұмысын қалалық аудиторлық орталықтың бас аудиторы болып жалғастырады.
Бірақ, жаңа ортамен де ортақ тіл табысып, халқы ең тығыз орналасқан оңтүстік өңірге қабілет-қарымын танытып, енді сіңісе бастаған кезінде туған жерге деген сағыныш пен сүйіспеншілік пе, әлде шырайлы шаһардың сапырылысқан шулы өміріне үйренісе алмады ма, әйтеуір, көңілі байыз таппай, ақыры араға төрт-бес жыл салып, өзінің Шиелісіне қайта оралған. Сонда ғана көңілін жай тапқандай сезініп, оны құшақ жая қарсы алған мұндағы бұрынғы аудандық басқарманың басшылары шаруашылықтарға субсидия, техника бөлумен айналысатын бөлімнің тізгінін қолына ұстатқанда Бекеңнің әділдіктің ала жібін аттамайтын адалдығы мен арының тазалығына айрықша мән беріп, бұған қоса фермерлік шаруашылықтар иелері мен егін егумен шұғылданатын диқандар қауымының жайкүйін бұрыннан жақсы білетіндігін ескерген-ді.
Шынында, өзіне қандай іс тапсырылып, қаншалықты міндет жүктелсе де мінсіз атқарып үйренген Бекең ауылдағы ағайынның шаруасын шалқытып, еңсесін көтеруге, кәсібінің көзін тауып, ісін оңға бастыруға мемлекет тарапынан жасалып отырған бұл қолдау мен қамқорлықтың нақты жүзеге асырылуына құмбыл кірісіп, қамшы салдырмай іліп ала жөнелген. Дегенмен, іс барысында бұл саланың басы-қасында жүрген кейбір мамандардың бұра тартып, «бармақ басты, көз қыстыға» бейім тұратынын аңғарып қалған ол мұндай жолсыздықтарға батыл тойтарыс беруді қолға алған.
Сөйтіп, ауданда субсидияны қолында билігі барлардың «бабын» тауып барымталап кететін пысықайларға емес, кәсібін жүргізу үшін шын мәнінде мемлекеттік қолдауға мұқтаж нағыз іскер жандарға берілуіне күш салып, бұрын әртүрлі сылтаумен шетқақпай болып келген оларға бұл жеңілдікке қалай қол жеткізудің ең дұрыс жолдарын, қандай құжаттарды дайындау қажеттігін тәптіштеп айтып түсіндіретін.
Міне, әділдік жолындағы осындай қайсарлығы мен табандылығы үшін оның өзінен лауа- зымы жоғары басшыларына жақпай қалатын жағдайлары да кездеспей қалмайтын. Бірақ, Бекеңнің шындық үшін шарқ ұрып, бел шешіп кірісетін бірбеткейлігін бағалайтындары түптің түбінде онымен мәмілеге келуге ұмтылатын. Осы орайда, Бекеңнің аудан орталығынан шалғай жатқан «Қарғалы» кеңшарына бас экономист қызметіне барған алғашқы күндеріндегі мына бір оқиға ұзынқұлақпен бірден бірге жетіп, аз уақытта-ақ бүкіл ауданға тарап, аңызға айналып үлгірген.
Оқиғаның ұзын-ырғасына келсек, мәселенің мәнісі былай: шаруашылықта атқарылған жұмыстың көлемі айдың соңында табельге түсіп, ол бас экономист қол қойғаннан кейін ғана бас есепші мен директорға жеткізіліп, сол бойынша жұмысшыларға еңбекақы жазылуға тиіс. Бекең осы қағазға қол қою рәсімі өзін орағытып, көмекшісі арқылы өтіп жататынын аңғарып қалып, мұның тегін еместігінен күдіктеніп, оны шақырып алады да: «Бұдан былай еңбек көрсеткіші толтырылған бірде-бір қағаз менің қолымсыз бухгалтерияға өтпейтін болсын», – деп бүкіл ауылды «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап отырған, жасы да үлкен кісіге қатулана қарап, әңгімені бүйірінен қояды. Ол болса сазарған күйі орнынан тұрып, есікті тарс жауып, үндеместен шығып кетеді.
Ертеңіне бұл әңгімеден құлағдар болған директор да, одан кейін партком хатшысы да Бекеңді өздерінің кабинеттеріне оңаша шақырып алып, алпысты алқымдаған ағасын бекер-ақ ренжіткенін айтқанымен, жұмыс тәртібін талап еткеннен өзге артық ештеңе болмағанын алға тартқан оның уәжіне қарсы дау айта алмаған. Ал, әріптес ағасы болса сол кеткеннен мол кетіп, екі апта бойы жұмысқа да келмей, үйінде үнсіз жатып алады. «Қайдасыз?!» – деп бұл да іздей қоймаған соң ақыры өзі келіп, оның сабасына түскенінен хабардар болған ауылдастары Бекеңнің де оңай шағыла қоятын жаңғақ емес екеніне сол күні-ақ көздері жетіп, қайсарлығына қайран қалысқан. Сол қиырдағы ауыл үлкендерінің Бекеңнің жаны мен арының тазалығын сөз еткенде: «Бұл Бегайдарға жаман сөз ермек түгіл, «Қарғалының» шаңы да жұқпайды ғой» – деп ризалығын білдіріп жататыны да тегін болмаса керек.
Десе дегендей, қашан болсын, шалғайдағы шаңды ауылдың ортасында жүргенде де туфлиі жалтырап, шалбарының алды пышақтың қырындай өткірленіп, үстінен костюмі, мойнынан галстугі түспейтін Бекеңді көргенде кейде өзімізді қаладан келдік деуге де ұялып қалатынымыз бар-ды. Міне, осылай қайда жүрсе де өзінің қадір-қасиетімен елдің сый-құрметіне бөленіп, қашан да көштің басында жүретін Бекең зейнетті еңбек демалысына шыққаннан кейін отбасы жағдайына байланысты Алматының іргесіндегі Алмалыбақ елді-мекені маңына қоныс аударғанды. Бірақ, қоғам өмірінен ешқашан тыс қалып немесе қазақтың қай жерін де өзіне жат санап көрмеген Бегайдар Жүсіпұлы мұнда келген соң да жан тыныштығын күйттеп жатпай, жергілікті ардагерлер кеңесінің сан алуан шаралары- на өзіндік үлесін қосып, белсенділік танытқаны үшін «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Ел ардақтысы» медалімен марапатталып, жетісулықтардың да жүрегіне жол тауып үлгірген-ді.
Бұған дейін де Сыр топырағындағы ерен еңбектері елеусіз қалмай, аудан әкімінің Алғыс хатымен, Қызылорда облысының 70 жылдық, түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқайдың, дала дүлдүлі атанған Иманжүсіп Құтпанов пен даңқты диқан Ыбырай Жақаев аталарының мерейтойлық медальдарын өңіріне қадаған Бекеңнің бойында өзгеге өнеге болар тектілік қасиеттері көп-ақ. Соның ең бастыларының бірі ретінде оның көп адамның бойынан табыла бермейтін жоғары мәдениеттілігін, терең білімдарлығы мен дүниетанымы кеңдігін атар едім. Ол сонау Майқы биден бастап, кешегі өткен үш биіміздің, одан бергі ғұламаларымыз бен даналарымыздың небір қанатты сөздерін әңгімесінің тұздығы тұрғысынан айтып термелей жөнелгенде алдыңда құймақұлақ шежіре қарт отырғандай күй кешіп, қайран қаларың кәміл.
Иә, бүгінде өмірлік адал жары Тамарамен, ұлы Бақытжанмен және немерелерімен бірге жер жәннаты Жетісуда тұрып жатқан Бекең Шиеліде қалған тұңғышы Сәулесінің де, Алматыдағы Зәуре, Лаура, Гүлжан, Ұлжан қыздарының да бірбір отаудың иелері атанып, енді немерелерінің алды өз шаңырақтарын көтере бастағанын көңілге медет тұтады. Әйткенмен, көңіл шіркін ел деп елегізіп, туған жерге деген сағыныш көкірегін кернеген сәттерде кейде бәріне қолды бір-ақ сілтеп, ешкімнің сөзіне де құлақ аспай, Қаратауым қайдасың деп тартып отыратынын қайтерсің. Рас-ау, олай етпесе ол Бегайдар болар ма?! Өйткені, мұнда өзін де сағына күтіп жүретін ағалары мен дос-жарандары, құрметтейтін елі ба- рына сенеді ол.
Мұрат КҮЛІМБЕТ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.