Ұлттық ойындарды ұмыт қалдырмайық

Заман дамып, ақпараттар легі асау өзендей арындап жатқан уақытта жаңашылдыққа да ілесіп отыру керек-ақ. Дегенмен жаңа технологияны игерумен қатар өз ұлтымыздың өткенін ұмытпай, халыққа берері мол ұлттық құндылықтарды дәріптегеніміз жөн. Осы орайда ұмыт болған ұлттық ойын «Үш табан» жайында айтып өтсек.
Үш табан
Бұл ойынды үш - төрт баладан топтап екі - үш жерде ұйымдастыруға болады. Ойын шарты бойынша әр балаға бір - бірден асық, бір - бір сақа беріледі.(Бұл ойынның жылдам әрі қызықты өтуіне сеп) Көмбеге бір - бірден асық тіккен әр топтың ойыншылары өз алаңдарында жеке - жеке сақаларын үйіріседі. Сақасы алшы түскен бала бірінші болып одан кейінгілері рет - ретімен (тәйке, бүк, ішік) «ұшуға» кіріседі. Ұшу дегеніміз - көмбеден алшақтау жерге барып сақа үйіру. Сақасы алшы түскен ойыншы бірден көмбедегі тігілуі асықты атуға жолдама алады. Осылай болмаған жағдайда асық ату бәрі ұшып болған соң бастапқы кезек бойынша жалғасады. Алысқа ұшқан мергендер тигізе алмаса, көмбеде қалған ойыншыға кезек тиеді. Көздеген асығына дәл тигізіп және оны көмбеге жиегін алып өлшегенде үш табан артық қашықтыққа ұшырған ойыншыны қашан келесі асыққа тигізе алмай қалғанша атауды жалғастыра береді. Болмаса атқан асығы үш табаннан аспай қалғанда ғана ойынды тоқтатып, өзінен кейінгі бәсекелесуіне кезек беруіне мәжбүр болады.
Ереже бойынша ұтылған бала ойыннан шығып қалады. Сөйтіп айналасы екі - үш айналымның ішінде әр көмбеден бір - бір жеңімпаз шығып, олар енді орталық көмбеде ақтық сайысқа түседі. Бұл шешуші жарыса бірінші, және екінші орынға ие болған мергендерге арнаулы арнаулы жүлделер тапсырылса нұр үстіне нұр.
Қазақы тәрбиені беруде ұлттық ойынның алар орны бөлек. Шеберлікке, мергендікке, батылдыққа тәрбиелейтін ұлттық ойындарды ұмыт қалдырмай, оны дәріптеу қажет. Осыған орай ұлттық спорт федерациясы атадан мұраға қалған ұлттық ойындарды жаңғыртып, дамытуда.