Әліпби – тілдің тетігі
Тіл – әр елдің тарихи шежіресі. Кез келген халықтың, елдің тілінде – ең бірінші оның тарихы, мәдениеті, рухани құндылықтары, дүниетанымы көрініс табады. Өйткені талай-талай замандардан осылардың барлығының шашауын шығармай бүгінгі күнге жеткізіп отырған ұйытқы – ол біздің тіліміз. Тілдің қасиеті де, қадірі де сонда. Тіл – адам баласын қазіргі парасаттылық пен өркениетке жеткізген ұлы да бірегей туынды. Осы себептерден де сөйлеу мәдениетіне жетілу, тілді дұрыс әрі тиімді және шебер де тартымды пайдалана білу талабы көне замандардың өзінде-ақ басталған.
Қоғамның мәдени дәрежесін көтеру бағытындағы әрбір қадам, алдымен тіл мәдениетін, жазу, сөйлеу өнерін дұрыс жолға қою, оны үздіксіз жетілдіру талабынан басталып отырған. Қазіргі жаңа заман серпіні адамзатты «жазу», «графика» дәуіріне жетелеуде. Түрлі заманауи техника мен технологияның, инновацияның шарықтап өркендеу ғасырында бұл – заңды құбылыс. Осы цифрлық, графикалық дәуір өткелінде ұлттық, мемлекеттік тілімізді сақтап, сол тіл арқылы сан ғасыр тоғысында тарихымызды, мәдениетімізді, ұлтымызды, мемлекетімізді нығайтып, оны тарих беттерінде шежіре қылып таңбалағымыз келсе – латын графикасына өтуіміз өте орынды реформа. Бұл реформаны жүзеге асыру – «Мәңгілік ел» ретінде, рухы биік мемлекет ретінде даму үдерісінің негізгі сатысы.
Еліміздің тарихына көз жүгіртсек, бұл жазу реформасы қазақ елі үшін тың құбылыс емес екендігін білеміз. Қазақтың алғаш зиялылар қауымы «Алашшылардың» бұдан бұрын салып кеткен сара жолы. Осы реформаны қайта жаңғыртып, жандандыру – ұлттық мүддемізбен қайта қауышуды білдіреді. Биылғы жылдың 12 сәуірінде Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Қазақстанның 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшетіндігін мәлімдеген болатын. Н.Ә.Назарбаев өз мақаласында тіліміздің тарихын тереңнен толғай келе «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деп, келешекті мақсаттың түпкі негізін айқындап берді.
Қазіргі дәуір – ол жазу заманы, латын графикасын енгізіп отырған елдердің әліпбиінде әріп саны тілдегі фонемадан әлдеқайда аз болуы да оның жетістігі екені анық. Сонымен қатар бұл саясат ақпараттық кеңістік үдемелі түрде дамып отырған заман талабымен бірге алға ілгерілеуді, ғылым мен инновацияда алдыңғы қатарлы, озық тәжірибелі елдер қатарына қосылу мақсатын көздейді. Біздің ойымызша, бүгінгі күннің өзекті мәселесі «Қазақ тілінің латын әліпбиіне кезеңді өтуі» жобасының әрбір оқу орнында (мектепте, орта кәсіптік оқу орындарында, жоғары оқу орындарында) 2017-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары болғаны дұрыс. Себебі латын графикасына біртіндеп өту бағытындағы жұмыстар – халықты бейімдеу этаптарынан бастап, толыққанды латынға өту сатысына дейін, шикіліксіз әрі жүйелі түрде атқарылуы тиіс.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» бағдарламасын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын басшылыққа ала отырып ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын, қоғамның зиялы өкілдерінің, жастардың, мемлекеттік қызметкерлердің жеке көзқарастарын білу және мониторинг жүргізу мақсатында анкеталық сұрақтар, тест өткізу, қазақ тілінің тарихын, тілтанушы ғалым А.Байтұрсынұлы еңбектері жөніндегі мәліметтер бойынша дәрістер жүргізу, латын графикасының тиімділігі мен артықшылығы жөнінде түсінік жұмыстары сияқты бейімдендіру іс-әрекеттерінен бастап, күрделі қызмет түрлеріне: латын графикасында сауат ашу, грамматикалық сауаттылық негіздерін үйретуге қарай сатылы түрде жүргізілгені тиімді.
Бұл жобаға қатысты атқарылатын жұмыстың нақты кезеңдерін анықтап, оларды жоғары оқу орындарында төмендегідей үлгіде жүргізуге болады:
І кезең – «Бейімдендіру». Елбасымыз өзінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» деген болатын, осыған байланысты бұл жоба жүйелі, кезеңді түрде іске асуы тиіс. Сол себепті де, ең алғашқы этап – бейімдендіру кезеңі.
Бұл кезеңде әрбір оқу орны өз ұжымын осы реформаға және оның өзекті мәселелеріне қатысты негізгі ақпараттармен қамтып, тың мәліметтер мен материалдарды таныстырып, жаңа процеске бейімдеу жұмыстарын жүргізуі қажет. Бұл ретте келесідей бағыттағы жұмыстар жүргізіледі:
– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» бағдарламасын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын басшылыққа ала отырып ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
– студенттердің жеке көзқарастарын білу және мониторинг жүргізу мақсатында анкеталық сұрақтар, тест өткізу;
– қазақ тілінің тарихын, тілтанушы ғалым А.Байтұрсынұлы еңбектері жөніндегі мәліметтер бойынша қысқартылған дәрістер жүргізу;
– латын графикасының тиімділігі мен артықшылығы жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізу;
– студенттердің латын графикасына байланысты сауаттылықтарын тексеруге бағытталған тест пен сауалнамалар өткізу, қорытындысы бойынша мониторинг жүргізу;
– «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыбында немесе басқа тақырыптарда жарыссөз, дебаттар өткізу (бұл дебаттар жастардың өзіндік ой-пікірін, ұсыныстарын анықтап білуге көмектеседі);
– жобаға байланысты түйінді мәселелерді қарастыру, жан-жақты бағдарлау мақсатында:
– ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, «Үздік жобалар» сайысын ұйымдастыру.
ІІ кезең – Латын графикасы бойынша қайта сауаттандыру (латын графикасын, қазақ жазуын латын тілінде таңбалау сауаттылықтарын меңгерту). Бұл кезең – латын әліпбиіне кезеңді көшу жобасына байланысты жұмыстарды сатылы түрде жүзеге асыра бастау, латын графикасы бойынша сауаттандыруға көшу болып табылады. Бұл кезеңде мынадай жұмыстардың атқарылғаны жөн:
– ЖОО (институт) латын әліпбиінде сауат ашу әдістемелік құралдарын құрастырып, бағдарламалар мен жоспарлар құру;
– латын әліпбиін үйренетін, және латын графикасында қазақша жазуға үйрететін курс ұйымдастыру. Ол курс мынадай жұмыстарды қамтитын болады:
1. Ресми түрде белгіленген Латын әліпбиін үйрету;
2. Латын графикасы арқылы қазақша мәтіндерді жазуға машықтану;
3. Қазақша мәтіндерді латын графикасында оқу сауаттылығын дамыту;
4. Кириллицада жазылған мәтіндерді латын графикасымен таңбалап көшіру дағдысын дамыту.
ІІІ кезең – Оқу-әдістемелік құралдар қорын жасақтау. Бұл кезең үдерісті тұрақтандыру кезеңіндегі жұмыстарды қамтиды:
– мониторинг жүргізу мақсатында оқытушылар мен студенттер арасында тест жүргізу;
– кафедралардағы ОӘК мен Sillabus-ды латын қарпіне көшіру жұмыстарын бастау;
– институттың латын графикасында терілген құрылымдық құжаттарының қорын/базасын жасақтау.
– жеделдетілген сауаттылық курстарын жүргізу.
ІҮ кезең – Құзыреттілікті қалыптастыру және дамыту кезеңі. ЖОО базасында түрлі құзыреттіліктерді қамтитын іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу. Мысалы:
– Тарихи шолу;
– тіл тарихына байланысты көрме, дөңгелек үстел, конференциялар ұйымдастыру;
– сауаттылықты анықтау арттыру мақсатында 2 ай сайын диктант, тесттер өткізіп отыру.
– тілдер жәрмеңкесін өткізу;
– институттың электронды кітапхана қорын жаңғырту (латын графикасына көшіру, т.б. жұмыстар).
Бұдан шығатын түйін:
Дүниежүзінде орын алып жатқан өзгерістер, Қазақстанның білім саласындағы реформаларының, тіл саясатының, білім мазмұнының уақыт талабына сай болып, күнделікті өмірдегі қажеттіліктерді өтеуге бет бұруын міндеттейді.
Қазіргі уақытта коммуникативтік біліктілік, тілдесім, ойын еркін жеткізумен бірге, топтар арасында өзін-өзі ұстай білу, ақпаратпен жұмыс істеу, компьютерленген техника тілін білу, бірнеше тіл меңгеру қай елде болмасын басты талапқа айналып отыр. Сол талаптарға сәйкес алға ілгерілеудің, ұлтаралық, мәдениетаралық қарым-қатынасты орнатып, оны дамытудың бірден-бір жолы – қазақ жазуын, тілін латын графикасына көшіру.
Аталмыш реформа біріншіден, ғаламдық ақпараттық кеңістікте мемлекеттік тіліміздің еніп орнығуы мен сақталуының кепілі. Екіншіден, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін меңгертуге жол ашады. Үшіншіден, әлемдік аренада зайырлы мемлекетіміздің ұлттық тілінің, мәдениетінің өркендеуіне әкелер жол. Бүгінгі жаңа заманауи талапқа тіл реформасын сәйкестендіріп, күшейту – «Мәңгілік ел» идеологиясын толыққанды жүзеге асыруға зор мүмкіндіктер беріп отыр.
Бұл ретте ұсынылып отырған әдістемелік жұмыстар қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесінің теориялық аспектісін қамтып қана қоймай, жоба арқылы қамтылатын бірыңғай жұмыстар жүйесін ұсынуы қажет. Бұл жұмыстар жүйесі латын әліпбиіне сатылы көшуді қамтамасыз етеді.
Бұл орайда тіліміздің тарихына назар аудармау мүмкін емес. Қазақ тілінің тарихы сонау ертеден бастау алады. Тіліміз Көне Түркі тілінің қыпшақ-ноғай тармағына жатады. Қазақ жазуы ғасырлар тоғысында бірнеше рет өзгеріске ұшырады. 1929 жылдарға дейін Қазақстанда араб жазуы пайдаланылса, ХХ ғасыр басында ағартушы А.Байтұрсынұлы бастауымен араб графикасына негізделген «төте жазу» пайдаланылды. 1929-1940 жылдар арасында латын графикасы қолданылса, 1940 жылдан соң кирилл әліпбиі енгізіліп қазірге дейін қолданылуда. Яғни көріп отырғанымыздай латын графикасын қолдану тәжірибесі біздің ел тарихында болған. Сондай-ақ мұрағат материалдарына сүйенсек, латын графикасында басылып шыққан ғылыми еңбектер мен шығармалар қоры қазақтың белгілі ағартушылары, «Алаш» қозғалысының белсенділері арқасында сақталынған болатын.
Ақпараттық кеңістік– ақпарат туындайтын, орын ауыстыратын және қолданылатын кеңістік. Ақпарат тасқынының бағыты мен жылдамдығы, оны қолдану және құру амалдары ақпараттық кеңістік құрылымын анықтайды. Бұл кеңістіктің құрылымы ғылым, БАҚ, білім беру кіретін қоғамның ақпараттық инфрақұрылымын көрсетеді. Аталған ұғымды В.И.Костюк енгізген.
Демек, біздің латын графикасына көшуіміз – алғашқы қазақ зиялыларының салған сара жолына қайта оралу деген сөз. Тіліміздің келешегіне қарқынды дамыған заман сарынына қарай бір мықты серпін беру болып табылады. Бұл шешім – техникалық инновациялық мүмкіндіктері шарықтаған әлемдік ақпараттық кеңістікке еліміздің еркін енуіне кепіл болмақ.