Латын әліпбиіне көшу – әлемдік өркениет жетістіктеріне бет алу
Латын әліпбиіне көшу әлемдік өркениет жетістіктеріне бағытталған стратегиялық маңызы зор үрдіс екендігін жақсы түсінеміз. Елбасының 14.12.2012ж. «Қазақстан-2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру бойынша жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 94-тармағы қазақ әліпбиін 2025 жылға қарай латын қарпіне көшіру міндетін қойған болатын.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру керектігіне қайта тоқталып, «Қоғамдық сана жаңғырудың» негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап ететіндігін міндеттеп отыр. Содан бері бұл тақырып қоғам талқысында оң өзгеріс тауып, бұқараның назарын аудартып отыр. Өйткені мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктететін, қолданыс аясын барынша арттыратын латын әліпбиіне көшуді белгіленген мерзім аралығында жүйелі түрде жүзеге асыру – ортақ міндетіміз.
Жалпы, жазу, әліпби ауыстырудың үлкен саяси мәні бар мәселе. Оны ашық айту керек. Екінші жағынан бұл тек қана саясат емес, бұл - тілдің таза лингвистикалық мәселелерді шешу үшін қажетті жағдай. Ең алдымен, отарсыздану бағытын дұрыс жүргізу үшін бұл жазу ауыстырудың, әліпби ауыстырудың маңызы өте зор. Латын әліпбиіне көшу үлкен стратегиялық маңызға ие. Әлемдегі ең дамыған ғылыми және әдеби туындылар осы әріптермен жазылатындықтан, жаһандық өркениетке жақындауға зор мүмкіндік туатыны да, ана тіліміздің мәртебесін асқататыны да анық.
Қазақ елінің Тәуелсіздігінің бір тұғыры- ана тілі. Ел тәуелсіздігінің арқасында Қазақстан мемлекетінің Атазаңында қазақ тілі мемлекеттік тіл атанды. Бүгінгі таңдағы басты мақсат пен мүдде де мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, оның қолданылу аясының кеңеюіне бағышталған.
Қазақстанда жазу реформасының мәселелері тәуелсіздік алған сәттен бастап көтерілді. Қоғамда бұл мәселенің мемлекеттік деңгейде бірнеше рет Елбасының, зиялы қауым өкілдерінің, ғалымдардың түрлі жиындарда өзекті мәселе ретінде сөз қозғауы оның маңыздылығын арттыра түсті. Елбасы 2006 жылғы қазан айында Қазақстан халкы Ассамблеясының отырысында сөз сөйлей отырып, алғашқы рет коммуникациялық кеңістікте латын әліпбиінің айрықша үстем рөлін ерекшелеп өтті.
2012 жылғы желтоқсан айында Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан-2050» Стратегиясы» Жолдауында қазақ әліпбиін латындандыру тақырыбын жаңдандырып, 2025 жылдан бастап оны латын графикасына көшіруге тапсырма берді. «Біздің балаларымыздың болашағы үшін біз осы шешімді қабылдауға тиіспіз, - деді ол, - және бұл біздің әлеммен бірлесуімізге, балаларымыздың ағылшын және интернет тілдерін терең меңгерулеріне жағдай жасайды, және ең бастысы - бұл қазақ тілін жаңғыртуға серпін береді [1].
Елбасы 2017 жылғы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бұл мәселені тағы бір мәрте нақтылап, қазақ жазуын латын әліпбиіне көшірудің кезеңдік бөліктерін нақты анықтады [2]. Осылайша қоғамдық сананы толық масштабты жаңғырту басталды.
Әдетте реформаға тілдің екі деңгейі ұшырайды екен: жазу және лексика. Ең талқыға салынатын тіл реформалары жазу реформалары болып табылады. Қазақ халқының пайдаланған дыбыстық жазу түріне көне түркі жазуы, ұйғыр, араб жазуы және А.Байтұрсынұлының төте жазу үлгісi, латын графикасына негiзделген қазақ жазуы, орыс графикасына негiзделген қазақ жазуы жатады. Алғашқы әріп жазуының бір тармағы - руникалық көне түркі алфавиті болып табылады. Бұл алфавитпен жазылған ескерткіштер - көне түркі тайпаларының жоғары тіл мәдениеті мен білім өресінің көрсеткіші. Тіл жаңғыруы бұл реформаны білім жиынтығын алудың ең тиімді құралы ету үшін танылған.демек, жаңа әліпби, ең алдымен, прагматизм қағидаларына жауап беруі қажет.
Мемлекет басшысының айтуынша, «біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл –ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» [2]. Жазуды жаңғырту қазақ тілін әлемдік қоғамдастықтағы барлық тілдерге жақындастыру қажеттілігінен туындаған. Өзіміздің бірегей ұлттық кодымызды жоғалтпай, өзге ұлттардың жетістіктерін бойымызға сіңіре отырып, жиналған тәжірибені ғаламдық ауқымдағы аудиторияға таратуымыз қажет. Латын жазуын енгізу - бұл тек әліпби мен жазуды ауыстыру мәселесі ғана емес, бұл үлкен идеологиялық және экономикалық мәселе. Басқаша айтқанда, жазу реформасының өзі қоғамдық сананы жаңғыртудың іргетасы болып табылады.
Жақында еліміз үшін маңызы зор тарихи шешім жүзеге асты. 2017 жылдың 27 қазанында Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі қаріптерін кириллицадан латынға ауыстыру туралы тарихи жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, Қазақстан латын графикасына негізделген қазақ әліппиіне ресми түрде көшті. Енді 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен латын графикасына толық көшіп болу керек. 2025 жылға қарай іс-қағаздары, мерзімді баспасөз, оқулықтар – бәрі де латын графикасына негізделген әліпбимен басылатын болды. Осыған байланысты Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрылғанынан, қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін төрт арнайы жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданғанынан хабардармыз [3].
Біріншісі - орфографиялық (қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруде орфография мен орфоэпия ережелерін дайындау үшін). Екіншісі - әдістемелік (латын әліпбиін үйрету және оқыту әдістемесін жасап, оны білім беру жүйесіне біртіндеп енгізу үшін). Үшіншісі - терминжасам (латын графикасының негізінде қазақ тілінің терминологиялық базасын жүйелеу үшін). Төртіншісі - сараптамалық-техникалық (латын графикасын ІТ-технология талаптарына сәйкес келтіру үшін) екенін де білеміз.
Осымен үлкен жұмыс аяқталды деп есептемеу керек. Керісінше, қат-қабат, қыруар, маңызды жұмыстың басы деп қабылдауымыз керек. Алда толып жатқан міндеттер тұр, жұмыс енді басталды. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Қазақ филологиясы және латын графикасын оқыту әдістемесі» кафедрасы ашылды. Мұнда ғалымдар жаңа әліпбидің орфографиясы мен орфоэпиясын қалыптастыру бағытында еңбектеніп жатыр. Осы мақсатта түріктің «Қарабюк» университетімен тығыз байланыс орнатылып, латын әліпбиіне көшудің тәжірибесімен бөлісуде.
Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөнінде семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, облыстық әкімшілік арнайы жасаған желілік кестеге сәйкес өңірлерде түсіндірме жұмыстарымен, мерзімді баспасөз беттерінде мақалалар жариялаумен және дәрістер оқумен белсенді түрде айналысуда.
Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия тарапынан жаңа әліпбиді енгізудің кезеңдері нақтыланып, әр кезеңнің мақсаттары мен міндеттері белгіленетіні анық. Бірақ кезек күттірмес мәселелер де баршылық.
Енді Білім және ғылым министрлігі жаңа әліпбиді балаларға түсіндіріп, үйрететін ұстаздарды дайындауы тиіс. Демек, бұл маңызды міндет бізге, педагогикалық оқу орындарына жүктелмек. Осыны жете түсінген университет ғалымдары Елбасы қаулысымен бекітілген әліпбиді жаңа оқу жылынан бастап жеке пән ретінде оқыту мақсатында мамандықтардың жұмысшы оқу жоспарына бірнеше таңдау пәнін ұсынып отыр. Мұнда қайта даярлау мәселесі де ескерілген. Университетімізде шығарылатын газет-журнал мен интернет сайтының жартысын жаңа әліпбимен шығарып, оқырманның көзін үйрете берген дұрыстығын да ескеріп отырмыз.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «...латын әліпбиі мәселесін ғалымдардың жан-жақты зерттеп көруі жөнінде тапсырма бергенмін. Неге десеңіз, бұл – өте күрделі мәселе» деген болатын. Зерттеулер мен сараптамалар латын әліпбиінде сауат ашу арқылы тіл біліміндегі екі үлкен маңызды мәселе шешілетіндігін көрсеттіп отыр, айталық:
Латын әліпбиі тілдегі артық дыбыстардан арылып, қазақ әліпбиінің табиғи ерекшеліктерін сақтауға мүмкіндік береді.
Латын әліпбиі болашақ ұрпақтың ақпараттық технологияларды еркін қолданып, әлемдік білім кеңістігіне шығуына, бәсекеге қабілетті бола алуына жол ашады.
Қорыта келгенде, халықаралық байланыс әліпбиіне көшу- бұл жаһандық тіларалық стандарттарға жақындау, ұлттық сана-сезімді нығайтуға ықпал ететін әлемдік тіл кеңістігіне бірігу жолындағы қадам.
Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаға ену үшін жаңа жағдайлар жасап, елдің білім беру саласын дамытудың жаңа айналымын туғызады. Бұдан шығатын қорытынды - казақ әліпбиінің латын графикасына көшірілуі ұзақ мерзімді болашақта стратегиялық тұрғыдан дәлелденген мәселе.