«Жарыс қазан» ырымы не үшін жасалады?
Қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөз бар. Жақсы сөз айтсаң, жақсылыққа бастары сөзсіз. Сол секілді қайбір істі болмасын жасар алдын жақсы сөз айтып, бата қылып жататынымыз бар. Осы орайда наным-сенімдер, ырым-тыйымдардың ойға оралатыны белгілі. Жақсылық көрсек ырым етіп, «жұғысты болсын» деп те ырымдайтынымыз бар. Жақсы сөз, оң ниет жақсылыққа апарады деген сеніммен қазақта қиналған жанға түрлі жақсы ырымдар жасау арқылы жолын ашуға болады. Мәселен, ұлтымызда жарыс қазан ырымы жүкті әйелдің қиналмай босануы үшін жасалады.
Ол үшін әдейі сақтап жүрген сүр етті асады. Осы ет піскенше әйел де жарыса тез босанады деген сенім қалыптасқан.
Ай-күні жеткен жүкті әйел қатты толғатып, толғақ жилей бастағанда, сол ауылдағы пысық әйел отқа, ошаққа жарыс қазан асады да, қуырдақ қуыра бастайды.
Жарыс қазан асудағы себеп қазанмен бірге толғақ жилейді, тамақтан бұрын бала туылады деп ырымдағаны. Егер әйел босана алмай одан ары қиналса, жарыс қазан асып отырған әйел қолына қара пышақты алып «қара қазан бұрын пісе ме, қара қатын бұрын туа ма?» деп, қолындағы пышақты қазанға жанып-жанып зіркілдейді. Қазақ мұны «жарыс қазан» деп атайды.