Аты аңызға айналған Марал ишан
Алты Алашқа есімімен танымал Марал ишан жайлы бізге жеткен деректерге сүйенер болсақ, ол 1780 жылы Қостанай облысы, Жетікөл ауданы, Қайранкөл ауылында дүниеге келіп, қазақ халқына діни, емшілік қасиеттерімен ел-жұртының «әулие» деген атағына ие болған тұлға. Қызылжарда бірнеше мешіт салдырып, бала оқытып, шәкірттерін шығыстың мәдени-ғылыми орталықтарында білімін жалғастыруға ықпал жасаған.
Ал, ел арасында баба туралы айтылып жүрген аңыз-әңгімелерге тоқталсақ, әулиелік атақ-даңқы Сыр мен Қырға тараған Марал ишанды көре алмаушылар да көп болыпты. Бірде Арқадағы арғын руының ағайынды шонжары Мұса және Шеген Шормановтар Марал ишанға: «Біздің өз әулиеміз бар. Сен әулие емессің, сиқыр жасайсың, егер әулие болсаң кереметіңді көрсет. Әйтпесе бұл арадан көшесің», – деп қысым көрсетеді.
– Сонда, мен не көрсетуім керек? – дейді Марал.
– Сені қырық түйеге артылған сексеуілдің астына жатқызып өртейміз, содан аман шықсаң ғана біз сені әулие деп мойындаймыз, – дейді олар. Содан қырық түйемен жиналған томардың астына жатуға бекінген Маралға, қалпелері: «Жоқ, тақсыр, біз жатайық, егер сізге олай-бұлай жағдай бола қалса, біздің қолымыздан ешнәрсе келмейді. Ал, бізге бірдеңе болса, сіз жәрдем етесіз», – депті. Сонымен, үйілген томардың астына қалпелер жатады. Оларды отқа өртеп жатқанда Марал арғымағымен жанған оттың үстіне 40 аршын биіктікте қалқып тұрған. Ал, томар жанып біткен кезде әулие дауыс¬тап, қалпелеріне: «Тұрыңдар», – дейді. Сол уақытта күл арасынан отқа түскен қалпелер аман-есен шыға келеді.
Марал ишанды Сыр сүлейлері Балқы Базар, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет және басқа да шайырлар жырына қосқан. 1822 жылы Ресей патшасы үкіметі «Сібір қазақтарының Жарғысы» атты Заң қабылдап, қазақтың ұлттық, діни дербестігінің көрінісі болып табылатын хандықты жоюға кіріседі. Кейін Кенесары ханның бастауымен елде жаппай көтеріліс басталып, орыстармен шайқасып жатқан кезде Марал ишан Құсмұрын атырабында Ғазауыт соғысын жүргізеді. Бұған ең алғаш себеп – Құсмұрын өңірінде орыстардың қазақтарды еріксіз шоқындыруы еді. Марал ишан 1821 жылы қазақтарды зорлап шоқындыруға, құнарлы жерлерді тартып алуға қарсылық білдіріп, Орынбор генерал-губернаторы П.Эссенге және Сібір әскери бөлімінің бастығы генерал П.Капцевич арқылы өзін Ресей императорына қабылдатуды сұрап, хат жолдаған.
Кенесары хандығының рухани көсемі ретінде Марал ишанды шақырады. Кенесары әскерінің жеңіске жетуіне, халық алдында беделінің артуына әулиенің де үлесі болған. Бірақ, кейіннен Сыр бойы халқының өзіне деген адал жүрекпен айтқан өтініш-тілектерін қабыл алып, ол Сырға қоныс аударады. Жосалы қыстағының терістік шығысындағы «Қарабдал» мекеніне көш басын тірейді.
Елге келген соң бір күні Марал әулие елді тамақ беруге шақырыпты. Жиналған халық «Өзі кедей, жұртқа не берем деп шақырды екен», – деп бір-біріне сұрақ қояды. Содан халық ишан үйіне келгенде олар ортада іші бос, бірақ отқа асулы 10 тайқазанды көреді. Біршама уақыттан кейін ишанның жұмсауымен екі қалпесі халық алдына 200 киікті айдап әкеліпті. Бағудағы мал сияқты иіріліп бір жерге тұра қалған киіктерді көрсетіп Марал ишан келген жұртқа: «Осыларды керегінше сойыңдар. Керегінше асып жеңдер, бірақ сүйегін кемірмеңдер», – дейді. Жұрт ішіп-жеп болған соң, әулие: «Манадан бері жейтін шөбіңе, ішетін суыңа риза бол. Аллаху акбар!» – деп бата берген екен, киіктер дастарқан үстінен өріп-өріп жүре беріпті. Бірақ, олардың соңынан бір теке ақсандап жүре алмай қалады. Сөйтсе, киік етін жеген біреу абайламай бақайшағын мүжіп қойған екен. Марал баба ақсақ киіктің қасына барып, арқасынан сипағанда әлгі киік секіре жөнеліпті.
Марал баба Сыр бойына келген соң жергілікті халықты Ислам діні жолына түсуге насихаттап, бір жағынан халықтың сауатын ашып, мәдениетін көтеруге еңбек сіңірген. Ол осы өңірде 7 мешіт-медресе салдырған екен.
Бірде, бір адам Қарақұм жайлауынан қайтып келе жатып, атын шылбырына шұбатып қойып, түзге отырыпты. Елеңдеп тұрған семіз күрең иесінің қолы босамай жатқанын біліп шаба жөнеліпті. Апыл-ғұпыл атының ізінен жүгірген жолаушы қара көрмей қалады. Жолаушы атты қуа-қуа әбден сілесі қатады. Жаны қысылған шақта ол: «Марал ишан! Сарт болып кетпесең, құтқара гөр!» – деп бар дауысымен айқайлайды. Сол мезет ол көз ұшында сексеуіл түбіріне шылбырымен оралып қалған атын көреді. «А, Құдайлап» атына мініп, жолдан бұрылып, Марал ауылына соғыпты. Сонда Марал ишан: – «Міне, мынаны көрдің бе, атың осыған байланды ғой», – деп көйлегінің жағасын ағытыпты. Мойнын аттың шылбыры ысқылап, қып-қызыл ғып тастаған екен.
Екінші бір аңызға құлақ түрсек. Бір күндері Нияз молданың үйіне Омар мақсұм, Үбайдулла, Дүйсенбек, Ешмағамбет, Қарсақбай, Құрманғали сияқты молдалар жиналады. Дастархан үстіндегі әңгімелер арасында Нияз молда бір хикаяны сөз етіпті. Нақтырақ айтқанда, Марал бабаның 60-қа таянып қалған кезінде Дәуіт Пайғамбар: – Алладан уахи болды, аманат жанын тапсыратын кезі таянды. Өзінің туған топырағына қарай жылжи берсе болады, – депті. Сонда Марал баба: «Мен Кіші жүздің халқына дән разымын. Осы арада қалуыма Алладан рұқсат болар ма екен?», – деген екен. Содан кейін Пайғамбар: – Жаратушы иемізден осы арада қалуыңа рұқсат болды. Алланың нұры Кіші жүздің топырағында қалатын болдың ғой. Таңламақшар күнінде пейіштің бір есігі осы сен жатқан жерден ашылады екен, – депті. Осыны өз құлағымен естіген Нияз молданың ортаншы қызы Фазила ол кезде 13 жаста екен. Ал, Нияз молданың кімнен естігені бізге жұмбақ.
Кейіндері Қостанайға, «Әулие көлге» сапар шегіп барған Марал ишан сол жақта дүние салады. Бірақ, оның үлкен баласы Қалқай ишан әкесінің мәйітін «Қырық мешітке» жеткізеді. Сонда бабаның шаңырақты түйесі – Қара атан бір төбенің басына шөгіп, жатқан жерінен тұрмапты. Содан халық ақылдаса келе әулиені сол жерге жерлеп, кейін үстіне қазіргі үй тамын орнатты.