Латын әліпбиі – қазақ тілінің жаңа көкжиегі
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында білімнің салтанаты жалпыға ортақ болу қажеттігін айтқан болатын. Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, бұл сөзде үлкен мағына жатқанын аңғарамыз. Расында, қазіргі қоғамда табысқа жетудің ең іргелі әрі басты факторы білім екенін қай-қайсымыз да терең түсінуіміз қажет. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана үлкен белесті бағындырады.
Жалпы, ілімді толық игеруде көп тіл білу үлкен маңызға ие. Жердегі қаншама ұлт өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде ағылшын тілін үйренуде. Әлем оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейді. Экономикасы дамыған мемлекеттер бұл тілді еріккеннен меңгеріп жатқан жоқ. Бұл – әлем халықтарының әншейін қалауы емес, жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты. Алып қарасақ, ағылшын тілін меңгерудің пайдасы мол. Мәселен, ағылшын тілін толық игерген адам дүниеде, жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз елінің айналасында не болып жатқанын еркін біледі. Сондай-ақ, жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне өзін дайындауға да мүмкіндік алады.
Бағдарламалық мақалада Президент алдағы жылдары қолға алу қажет бірнеше жобаны атап көрсетті. Олардың қатарында қазақ тілін кезең-кезеңімен латын әліпбиіне көшіру жұмыстары да бар. Жалпы, бұл мәселеге мемлекет неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсінеді. Сондай-ақ, Қазақстанның бұл жұмысты жүзеге асыруға тәуелсіздік алған жылдардың басынан дайындалғанын Елбасы да айтқан болатын.
Әліпбидің бұл түрі жалпықазаққа таңсық дүние емес. Себебі, тамыры тереңде жатқан өз әліпбиіміздің тарихына үңілсек, латын әліпбиі бізге бөтен болмайды. Елімізде латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды.
Мемлекет басшысы әліпби ауыстырудың маңыздылығын тек осы бағдарламалық мақалада ғана көтеріп отырған жоқ. Ол 2012 жылдың соңында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында да 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісу керектігін мәлімдеген еді. Бұл жұмыстар жүзеге асса, барлық салада латын қарпіне көшу басталады. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздар, мерзімді баспасөз, оқулықтар, бәрі де латын әліпбиімен басып шығарылады.
Әліпбидің бұл түріне көшу ағылшын тілін жедел үйренуімізге де мүмкіндік береді. Сондай-ақ, орта және аға буын өкілдеріне жаңа әліпбиге көшу қиынға соқпайды. Жастарға да латын қарпін меңгеру мәселе емес.
Себебі, қазіргі таңда еліміздегі орта мектептің барлығында бастауыш сынып оқушылары ағылшын пәнін игеруде. Мен де аудандағы №202 орта мектепте осы пәннен бастауыш сынып оқушыларына сабақ беремін. Сондағы бір байқағаным, олардың ағылшын тілін меңгеруге деген құлшынысы жоғары. Осыдан-ақ, өскелең ұрпақ үшін латын әліпбиін игеру қиынға соқпайтынын аңғарамыз.
Айгерім ҚАЙБАРОВА,
Жалағаш ауданы