Асқақ үнді – адырна
Қазақ халқының өте ерте заманнан келе жатқан аспаптарының бірі – адырна. Қазақтың қасиетті, даусы асқақ музыкалық жәдігері көп ішекті, шертпелі болып келеді. Оны тізенің үстіне немесе екі аяқтың ортасына қойып, иыққа тіреп шертіп ойнайды.
Ежелгі заманда бұл аспапты аңшылар ұстаған. Садақ атып, жебе тартып, аң- құстарды аулаған. Әуелде адырна садақ пішінді болды. Кейін бұл аспапты бұғы, марал, арқар тұрпатты аңдардың тұлғасына ұқсастырып жасады. Әуелі ағаштан құрап шанақ, мүйіз жасалынып, шанақтың асты-үсті терімен қапталады. Мүйізге жағалай құлақтар бекітіліп, ішіктер байланады.
Аспаптардың ішектері – аспаптың тілі десек те болады. Сол арқылы ол сөйлейді, айналадағылардың күйін адам жанына жеткізе біледі. Аспаптың ішегін тарамыстан немесе шуда жіптен есіп тағады.
Сыртқы тұрқы 48-50 см, қалыңдығы 8-10 см, кейде 7-ден 13 см-ға дейін есіліп, әбден қолдан өткен ішектер тартылып қабаттаса керіліп тағылады. Адырнаның жасалуының өзі асқан шеберлік пен ұқыптылықты талап етеді. Қазіргі таңда «Адырна» атты көне аспаптар ансамблі де бар. Адырнамен фольклорлық, яғни ауызекі қолданыспен жеткен әуендер немесе шығармаларды, кейде шағын күйлерді, кейде тіпті бір күйдің жетегінде қосымша үн қосу үшін де пайдаланады.
Адырнаның құлақтары болады, сол арқылы оны ежелгі замандағылар ести білген деп сенген. Оның құлақтары арқылы ішектері жүргізіледі. Аспап ойнаушының қай қолмен тартатындығына көңіл бөлмейді, оны оңқай да, солақай да іліп тартып немесе шертіп те ойнай алады. Ең бастысы – аспаптың үнін бұзбай, шебер орындай білсе болғаны.