Сырдың сұңғыла ақыны

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің 2007 жылдың 21 ақпандағы №32 өкімімен атақты шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуовтың 125 жылдығын атап өту ісі қолға алынды. Шығыс жұлдызы атанған Т.Ізтілеуовтың өмірі мен шығармашылық жолы өткен ғасырдың отызыншы жылдарында-ақ бүкіл қазақ халқына таныла бастады. Өлең-толғаулары түрлі басылымдарда жарияланып тұрды. Әсіресе, Тұрекеңді бүкіл қазақ халқына танытқан Фирдаусидің «Шаһнама» шығармасын қазақша сөйлеткені. Бұл сол кездегі аса маңызды оқиға десе де болғандай. Өйткені 1934 жылы Әбілқасым Фирдаусидің (934-1040) туғанына мың жыл толған мерекесін дүниежүзі атап өткен болатын. КСРО елі де бұған кең көлемде кірісті. Осы кезде «Шаһнаманы» қазақ тіліне аудару ісін қолға алды. Оған себеп Т.Ізтілеуовтың шығыс тілдерін жетік білетіні болса керек. Ақын өзінің бір өлеңінде: «...О баста оқыған соң парсы, араб, Жазушы ем роман-жыр оған қарап. Ұнатып оларымды, оқығандар, Ішкендей есіруші еді шарап» деп өзінің шығыс халықтарының көптеген тілдерін жетік білетінін хабардар еткен.

«Тар замана» өлеңінде:
(Тұтқында отырып Мақан Шынәлиевқа)
Ей, Мақа, сау ма денің, уақытың хош па?
Арзумын жолығуға сіздей досқа!
Уаләкін үстімізден қарайтындар,
Жібермейд жалынғанмен бір дем босқа.
Сол себеп жанабыңа жазып сәлем,
Қадірден Қошекеңді еттім пошта.
Ініңнің ықыласына ырза болып,
Сөзіне осы барған көңіл қоста.
Асықпай апта жатып үйіңізде
Кетер ем, кеңшілікпен қолым боста.
Тағдырдың тақсымына кездескендей,
Болып тұр әзірінше бір жол тоспа.
Таланға тар замана ұшырасып,
Зерттеумен ізімде жүр ит пен шошқа.
Екінші бір қамалуының себебі Алматыдағы достары: «Елде не жаңалық бар?» деп сұрағанда, Тұрмағамбет ақын:
«...Төрткөлдің көлі кетті де, шөлі қалды,
Төренің төресі кетті де төбеті қалды.
Алымның алымы кетті де, залымы қалды.
Мал дегенде есек қалды,
Үй дегеннен кесек қалды», – деп кеңестік езеңнің кейбір кемшіліктерін ашып салады. «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» демекші, бұл сықақ НКВД-лардың құлағына жетіп, Алматыда жүргенде қамауға алынады. Бұл қапастан сол тұста жоғары лауазымды қызмет атқаратын Темірбек Жүргенов пен Сүлеймен Есқараевтар босатқан деген бүгінге дейін ел аузында әңгіме бар. Мүмкін шындық болар. Үшінші рет ақын «Шаһнаманы» бітіргеннен кейін тағы да қамауға алынып Шымкенттің түрмесінде жазғаны:
«...Ақырда босқа кетіп еткен еңбек,
Отырмын қараңғы үйде босқа шерлеп.
Дамолла данышпаның Тұрмағамбет,
Түрмеде отырған соң жазған бүй деп.
Дүниеден өтіп кетті асыл затың,
Дұға ет рухына «аумин», – деп, өзін өлгенге санап ашына жазады. Түрмеден арып-ашып 1939 жылы елге келіп, осы жылдың 15 мамырында өмірден өтеді. Шындық үшін шырылдаған Тұрекең сот соңғы сөзіңді айт дегенде:
«Ей, сотым, кетіп тұр екенсің қотқа,
Шекең күйген екен отқа.
Молда деп, мол кестің,
Молданікін пісіріп же шоққа» – депті.
Ақынның соңына ерген шәкірттері-інілері Үбісұлтан Аяпов, Тілеу Жұбаев, Әлімбай Әлиасқаровтар Тұрекеңнің асқан білімді, батыл адам болғанын өз естеліктерінде жазған. Ал, жақын інісі Т.Жұбаев 1925 жылдың жазында «Теріс өзекте» отырғанда Тұрмағамбеттің үйіне Сәкен Сейфуллиннің келгенін жыр етіп айтатын. Жалпы, Т.Ізтілеуовтың өмір жолы ауыр болды. Кедейшілікті басынан өткізді. Үш баласы – Әбділхамит, Әбділғазиз, Әбділахай ерте қайтыс болды. 1933 жылы Әбділхамит қайтыс болып, Жаңаталапқа жерленген. Ақын «Мен қалдым қайғы-қасірет қапасында» атты өлеңінде:
«...Мезгілсіз бұл дүниеден бостың балам,
Ініңе Әбділғазиз, Әбділхаймен,
Көз жұмып өзіңді-өзің қостың балам.
Үшеуің ойға түссең, ендігі күн,
Көрінеді мысалыңда кештің, балам» – деп қамыға жыр тербетіпті. Одан кейінгі балалары Әбдірауық (1912-1996), Махмұтбектер (1919-1944) өнерден құралақан болмаған, бірнеше өлеңдері бар. Тұрмағамбет Ізтілеуов 1905 жылы елге келіп бес жылдай егін егу, мал бағумен айналысады, 1914-1924 жылдары туған ауылында мектепте ұстаз болады. Бұрыннан жақсы таныс-біліс Қазақ ССР Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов Т.Ізтілеуовті 1934 жылдың маусым айында Алматыда өткен Халық таланттарының І-ші республикалық слетіне қатыстырады. 1935-1937 жылдары Қазақ ССР Халық ағарту комиссариатында ғылыми қызметте болады. 1956 жылғы кеңестік жылымықта Т.Ізтілеуов шығармасына жол ашылады.
Сөйтіп ақын шығармашылығын зерттеумен ауыз әдебиетін зерттеуші М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Мардан Байділдаев жете айналысты. Кейіннен «Тұрмағамбет Ізтілеуов және «Рүстем-Дастан» атты зерттеу жұмысын қолға алған Өтеген Күмісбаев кандидаттық диссертация қорғады. Өзбекстан және Тәжікстан ғалымдары да Тұрекеңнің шығармасына тоқталған. Бүгінде он шақты диплом жұмысы, 3-4 кандидаттық диссертациялар ақын шығармалары негізінде қорғалды. Ақынның туғанына 100-жылдығына орай (1983 ж.) академик, жазушы Мұхаметжан Қаратаев: «...Төрт жолмен ой түйетін бұл жанрдың қиындаған жеңіп, Тұрекең мұнда да (рубаятын айтып отыр) шеберлік танытқан. Сондай-ақ, мысал жанры да ақын творчествосында елеулі орын алыпты. Тақпақ, шағын шумақ, рубай, нақыл дейтін ұсақ жанрлар да әрқайсысы өз алдына сала-сала боп тізілген. Бәрінің көздейтіні – жақсылық, идеал, таза адамгершілік қасиеттер, достық, бірлік, махаббат сезімдері. Осының бәрі ақылға салынып, нақыл түрінде ой түйіп айтылады». Тұрмағамбетті бүкіл қазақ халқына, кеңестік кеңістікке таныстырған да Тұрекеңнің «Шаһнамасы» болды. Зерттеуші ғалым М.Байділдаев «Шаһнама» қазақ топырағында» атты мақаласында: «...Афоризмге толы Фирдауси тілін Тұрмағамбет қазақ ұғымына сәйкес өзінше тоқып, өзінше өрнек жасаған» десе, ғұлама, жазушы М.Әуезов «Рүстем-Дастан» кітабының (1960ж.) алғы сөзінде: ...Мынау еңбекті «... Фирдаусидың «Шаһнамасынан» тікелей жасалған аударма демейміз, Сол Фирдауси үлгісімен халық ақыны Тұрмағамбеттің өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанның қазақша варианты» депті. Бұдан артық баға бола ма?
Тұрмағамбет ақын шығармаларын жинауға ауыз әдебиеті мұраларын жинаушылар: Әбілқас Наурызбаев, Тәңірберген Әміренов, Әлқуат Қайнарбаев, Үбісұлтан Аяпов, әсіресе жұбайы Биға қарияның еңбегі ұшан-теңіз. Халық ақыны Мұзарап Жүсіпов, ғалымдар Әуелбек, Әлібек Қоңыратбаевтар, Рахманқұл Бердібаев, Мардан Байділдаев, Өтеген Күмісбаев, А.Брагин, Асқар Тоқмағам-
бетов, Әбдікәрім Оңалбаев, ғалым Әзиза Нұрмаханова, Темірхан Тебегенов зерттеу мақалалар жазды. Тұрмағамбеттің Нұрғали (ұлытаулық) ақынмен айтысы, түрмедегі және боғауыз өлеңдері, «Халқымның халі», «Х съезд», «Әділетсіз әкім», «Білімсіз бай», «Мен де кеңес ақыны», «Өлікті тірілткен өнерлер», «Құтты болсын ұраның», «Желбуаз», «Мәгес молдаға», «Аңдасым, әр жерінің қатесі бар», «Сыналдым, сезімімнің жоқтығынан», «Сақтаған Есімовке», «Шексіз, шетсіз кең әлем», «Көтерер он екі жыл піл баласын», «Бау-бақшалы сайраның», «Учитель Ыбырай төреге», «Торғайға», «Құрымбайға», «Не артық», «Қайыпқа», «Қыл көпір», «Иісшіл адам», «Тасқан жерде», «Бір тайлақ беремін деп», т.б. әртүрлі тақырыптарға жазған өлеңжырлары ел аузында. Әдебиет және өнер институты мен орталық ғылыми кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар қорында жүзге жуық өлең-жырлары сақталынған. Бұл күндері Тұрмағамбет шығармалары жинақталып, кітап болып шығып жатыр. 1980 жылы алғаш рет Т.Ізтілеуовке арналып әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылып, ескерткіш қойылса, 1993 жылы туған ауылына Тұрекеңнің есімі берілді. Ақынның 90,100 жылдықтары аталып өтті.
Тұрекеңе арнау жыр, мақалаларын арнамаған кісілер кемде-кем. Ақын Қуаныш Баймағанбетов:
«...Топ бастар Тұрмағамбет тұлпар еді,
Самғаған самұрықтай сұңқар еді.
Астасқан бүкіл шығыс тарихымен,
Сөзіне сырын сезген іңкәр еді»,– деп шығыс сұңқары, ел тұлпарына теңеп, әділ бағасын берген. Ақын Әбдікәрім Оңалбаев Халық ақындары Нартай, Мұзарап, Әлімбай Әлиасқаров, Әлиакбар Жұматаев, Әдис Ахетұлы, тағы басқалар Тұрмағамбетке өз жырларын арнағанды. Көкірегінен өлең-жыр қаулап, Шығыс жұлдызы атанған, төкпе-жырдың шебері, халық ақыны, діни ғұлама (дамолла) Тұрмағамбет Ізтілеуовтың шығармалары кең көлемде зерделеніп, оқырмандардан әділ бағасын алатын кез келді.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ