Алғыс алған арымас

Көшелердің түзу тартылып, оның бойына ғимараттар мен тұрғын үйлердің орналасуының өзі әдемілікті, сәнділікті қажет ететіні белгілі. Ол бірінші кезекте сауатты архитекторға, яғни, сәулетшіге байланысты. Сәулетші қызметінің лауазымдық ережелерінде көрсетілген міндеттерді басшылыққа алғанда ғана сәулетшінің сәулет өнеріндегі қабілеті танылып, халықтың алғысына бөленері анық. Екіншіден, ол салған, орналастырған әр құрылыс кенттің ажарына ажар қосып, әйбаттана түсуі керек. Міне, осындай жауапты аудандық сәулетші қызметіне Қызылорда қаласындағы гидромелиоративтік техникумның өндірістік және азаматтық құрылыс бөлімін бітірген, аудандық су шаруашылығы басқармасында аға техник, құрылыс-жөндеу бөлімінде инженер қызметін атқарған, 1978 жылы Шымкенттегі қазақтың химия технологиялық институтының құрылыс факультетін инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдаған, өмірде тәжірибесі мол жас маман Қуандық Әлтаев 1979 жылдың наурыз айында тағайындалды.

Аудан сәулетшісі, құрылыс бөлімінің меңгерушісі қызметтерінде 27 жылдан астам уақыт еңбек еткен, туған жерін, елін көркейту жолында аянбаған азамат жайлы айта берсек, жараса түседі. «Еңбек етсең емерсің» дегендей, Қ.Әлтаев «Еңбек ардагері», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жылдығы» медальдарымен, «Шиелі ауданына 80 жыл», Ы.Жақаетың 120 жылдығы төсбелгілерімен, облыс әкімінің, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының, аудан әкімдігінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталған.
2007 жылы зейнетке шыққан соң да ауданда салынып жатқан мәдени-тұрмыстық ғимараттардың құрылысына жобалау мекемесі арқылы авторлық қадағалаушы ретінде үлес қосып келді. Қоғамдық жұмыстан да қол үзбеген ол – 2010 жылдан бастап ауданның құрылысшы ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы. Дамылсыз еңбекпен шыңдалған қарапайым сәулетші Қуандық Әлтаев ағамыз 75 жастың желкенін есіп, өзі бас жоспарын жасаған Шиелісіне көзі тоймай, аудан халқының алғысын арқалап жүріп жатыр.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.