Өнерімен дараланған талант
Жалағаш жерінен нәр алып, талантымен дараланған жанның бірі – сазгер, музыка майталманы Жұма Нұрашұлы Данилов болатын.
Өнер және өнер жолына түскендердің орны әрқашан да биік. Олардың рухы өлмейді, ол тыңдаушылары мен өнерді сүйетіндердің есінде қалады және сақталады. Ол 1948 жылы Бұқарбай батыр ауылында дүниеге келген. Жұма мектепте оқып жүргенде өнерге деген құштарлығымен көзге түсті. Кішкентайынан өте зерек, музыкаға үйір болатын. Өткен ғасырдың елуінші жылдары бұрынғы Калинин колхозында жетім балалар үйі жұмыс істеді. Онда соғыста ата-аналарынан айырылған ұлты орыс, украин, беларус, молдаван балалары тәрбиеленді. Сол кездері балалар үйінің директорлары Ешмахан Себенов, Әли Көшкінбаев, тәрбиешісі Леонид Николаевич Ким деген азаматтар болды. Оның жетекшісі дарынды сазгер Борис Михайлович Боробиков деген кісі еді. Жазда балалар үйі дария бойындағы лагерьге шығатын. Ертеңгілік, кешкілік үрмелі оркестр күй ойнап, ән тартып жататын. Жұма сияқты қазақ балалары соларды қызықтап, оркестрдің соңынан еріп жүретін. Ақыры ол Б.М.Боробиковтың қасынан қалмай түрлі музыкалық аспаптарға ойнауды үйрене бастайды. Олардың қатарында кларнет, саксофон, труба, бас баритон, тромбон секілді қазақ өнеріне ол кезде ене қоймаған үрмелі аспаптар аккордеон, баян, домбыра, гитара мен қоса қазақтың көне саз аспаптарын жете меңгерді. Сонау 1964-ші жылдары Оңтүстік өлкенің орталығы Шымкент қаласындағы республикалық үрмелі оркестр аспаптарының сайысына Б.М.Боробиков басқарған мектептің үрмелі аспаптар оркестрі қатысқан. Осы сайыста Жұма тромбон аспабында «Ақ тамақ» халық әнін орындап, жеке орындаудың бас жүлдесін, ал оркестр жүлделі орын алған. Жұма орта мектепті бітіргеннен кейін 1967 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетінің ән және музыка бөліміне түседі. Сол жылдары институтта қатар оқыған курстасы, досы Сейдулла Нақыпов өз естелігінде: «Екеуміз де музыка мамандығын игердік. Ол бар өмірін музыкаға, өнерге арнады. Жұма институтқа келгенде дайын студент болды десем артық емес. Өйткені, ол көптеген үрмелі оркестрде еркін ойнайтын, әсіресе, кларнет, труба, саксофонды шебер меңгерген дарынды музыкант болатын» деп еске алады.
Жұманың досы, шәкірті Мақсұт Досжанов өзінің ұстазы жайлы тебірене жазған естелігінде: «Ауыл мектебін бітіріп, арман қуып, қалаға келген біздер үшін бұл шын мәнінде керемет жаңалық болатын. Оркестр құрамында отырған Жұманың кларнет аспабында шебер ойнауына риза болдым. Себебі: бірінші рет көріп, бірінші рет тыңдап отырғам.
Кларнет аспабының құлаққа жағымды дыбысы небір вариоциаларды ойнағанда «мүмкін емес» деген нәрсе жоқ екен ғой деп таң қаласың. Бәрі де тамаша. Жұмекеңмен осылайша сырттай таныстым. Сол жылы институттың ән және музыка бөліміне түсіп, студент атандым. Сөйтіп, Жұмекеңмен жақынырақ танысудың сәті түсті. Жұмекең менен бір курс жоғары оқыды, жасы үлкен. Жұмекеңнің ең бір жақсы қасиеті – ешқандай жатырқауды білмейтін. Оның ақ көңілділігі, аузын ашса көмекейі көрінетін ақжарқындығы біздерді өзіне жақын тартатын. Музыка әлеміне қадам басқалы менің кларнет аспабына деген қызығушылығым арта түсті. Оны «қалай да үйренуім керек» деп міндет қойдым. Жұмекеңнің соңынан қалмай, кларнет аспабының қыр-сырын сұрап, дыбыс шығару, демалу, аппликатурасын меңгеру тағы да басқа әдістерін үйрене бастадым. Кейіннен Жұмекеңнің көмегімен жеңіл шығармаларды, пьесаларды орындауды меңгердім. Музыка әлемінде қол жеткен жетістіктерім бәрі Жұмекең ұстазымның берген тәрбиесінің арқасы деп білемін. Мен қаншама жылдардан бері кларнетте ойнап жүргеніммен әлі Жұмекеңнің ойнау техникасына жете алмай келемін. Ол кісінің есте сақтау қабілеті де жоғары болатын. Мысалы, «Сыр сұлуы» ансамблінің репертуарындағы М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы «Би» шығармасы 344 тактіден тұрады. Сол шығарманы Жұмекең жатқа ойнаймын дейтін. Мақтануы да орынды. Себебі, темпі өте жылдамдықпен ойналатын 344 тактіден тұратын партияны жатқа ойнау оңай шаруа емес», – деп ұстазы жайлы толғана ой шерткен. Институтта Жұмекеңмен бірге оқыған, ағалы-інілі адамдай болып сыйласып кеткен, қазір де сыйластықтары да отбасылық сыйластыққа жалғасқан ҚР Мәдениет қайраткері ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Жалағаш ауданының құрметті азаматы Жұмабек Аққұлов әріптесі, інісі Жұма жайлы естелігінде: «Студенттік кездегі ең бір есте қалатын жай Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттердің Болгариядағы фестивалі болды. Сол ансамбльдің сүйемелдеушісі, топтың жетекшісі, музыкант есебінде Жұманың рөлі өте күшті болды. Ол өзі кларнетте солист болып сауатты орындаушылығын көрсетті. Сол музыкалық ансамбльге Жұманың басшылығы, сауаттылығы бүкіл ансамблдің жоғары шығармашылық деңгейінде өнер көрсетуін қамтамасыз етті.
Фестивальдан абыройлы оралған ансамбль біз оқуды бітіргенге дейін облыстық, республикалық, қалалық мәдени шараларға үнемі қатысып, қазақ өнерінің биік сахналарында өнер көрсетіп жүрдік. Институтты бітіргеннен кейін ол өзінің туған ауданындағы жаңа ашылған балалар музыка мектебінде баян, аккордеоннан және музыка теориясынан дәріс берді. 1967 жылы ұйымдастырылған аудан көркемөнерпаздарының «Алтын арай» халық ән-би ансамблінің музыкалық жетекшілігі Жұма Даниловқа жүктелді. Бұл жұмысты Жұма сауаттылығы, шыдамдылығымен өте жақсы ұйымдастырып, көрермендердің көңілінен шығып жүрді. Балалалр музыка мектебінің оқытушылары мен үздік оқушыларынан ұйымдастырылған музыкалық ансамбль тікелей Жұманың жауапкершілігінде еді, – дейді.
1981 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне ансамбль жолдама алады. Осы жұмыстың барлық ауыртпалығы Жұманың мойнында болған. Жұма басқарған «Алтын арай» ансамблі шығармашылық жетістіктерге жетіп, елге лауреат атанып, абыроймен оралған. 1986 жылы Бүкілодақтық халықтар творчествосы ІІ фестивалінің лауреаты атанған Жұма ауданның науқанды көпшілік жұмыстарына да белсене араласып, егінші, малшыларға концерт қою шараларына да қатысты.
Сексенінші жылдары аудандағы «Аққошқар» елді мекенінде Қазақстанның Ленин Комсомолы совхозы жанынан ұйымдастырылған «Батыр аналар» ансамблінің алғашқы ұйымдастырушысы, көркемдік жетекшісі Жұма болған. Ансамбль аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атанып, Қазақстан Республикасы телевизиясы жобасына еніп, көпбалалы аналардан құралған ансамбль өз өнерлерін бүкіл республика көрермендеріне паш етті. Сол жылдары ауданда «Ардагерлер», Бұқарбай батыр аулында «Алтын дән» ансамбльдері құрылды. Оған жетекшілік жасаған да Жұма Данилов болатын. Ол ән жазумен де айналысқан. Оның «Сағыныш» әні облыстық сазгерлердің шығармашылығына арналған байқауда І орынды иеленді. Бұл ән теледидар арқылы орындалып жүр.
Ұстаз, сазгер, дирижер Жұма сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді. Әкесі Дәненов Нұраш Ұлы Отан соғысына қатысқан соғыстағы ерлігі үшін бірнеше орден, медальдармен марапатталған. 1944 жылы аяғынан ауыр жараланып, балдақпен елге оралған жарым жандығына қарамай, соғыс кезінде күйзелген ауылдың еңсесін көтеру мақсатында ел басқарып, шаруашылықтың түрлі саласында еңбек еткен. 1975 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» құрметті атағы берілген. Анасы Сафура Берістемова Қазақ ССР-не еңбегі сіңген ұстаз. Хас талантты тани білген Борис Михайлович Боровиков Жұманың замандастары, осы бір күрделі де қиын музыка аспабын бірге игерген әріптестері туралы бір-екі ауыз сөз қозғағанды жөн санап отырмыз. Егер де Жұма Борис Михайловичтің қолына түспесе Жұма – Жұма болар ма еді?! Ұстазы Жұманың үйіне жиі келіп тұрған. Жақсы қарым-қатынаста болған. Ол екі шәкірті Жұма мен Пак Валентин Сергеевичтен үлкен үміт күткен. Валентин Ресейдің Пенза қаласындағы музыка училищесін бітіріп, бірнеше жыл Алматыдағы Жамбыл атындағы филармонияны басқарған. Кейіннен өмірінің соңына дейін Абай атындағы мемлекеттік опера және балет теартында директордың орынбасары қызметін атқарған. ҚР еңбек сіңірген қайраткері атанған. Борис Михайлович Боробиков Жалағаш ауданының мәдени өнеріне де араласқан. Кейіннен ұстаздық жолын Қызылорда қаласында жалғастырған. Қала мектептерінде үрмелі аспаптарды игеруден үйірмелер жүргізіп, дәріс берген. Жұма педагогикалық институтта оқып жүргенде ұстазы Борис Михайловичтің үйінде бір-екі жыл жатып оқыған. Жұманың тетелес інісі ҚРІІМ отставкадағы полиция полковнигі Сәрсен Капенов «Сағымға айналған сағыныш» атты естелік кітабында «Б.М.Боровиков сазгерлік ұстаздық жолын Қызылорда қаласындағы мектептерде жалғастырды. Көптеген елге танымал шәкірттер тәрбиеледі. Сол шәкірттерінің бірі аты әлемге танымал композитор, әнші ҚР еңбегі сіңген қайраткері, жерлесіміз Батырхан Камалұлы Шөкенов еді. Борис Михайлович қала мектептерінде үрмелі аспаптарды үйрететін үйірмелер жүргізіп, Жұманы ұстаздыққа тартқан. Мен Алматы қаласында ұзақ жылдар қызмет атқардым. Батырхан ініммен кездесіп тұрдым. Менің Жұманың інісі екенімді біліп «Жұма Данилов менің ұстазым» деген сөзді мен Батырханның өз аузынан естідім», – деген дерек келтіреді. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Жұманы әскерге шақырып, Горький қаласында міндетін атқарған. Әскери бөлімнің оркестрінде музыкант болып қызметін жалғастырған.Оның талантын білген командирлері әскери округте музыкант болып қалуын өтінген. Бірақ, елжанды Жұма туған жерге оралған. Ұстазы Мүлкаман Қалауов шәкірті Жұманың талантын ерте таныған. Оны Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға шақырған. Бірақ өзінің туған жерін қимаған Жұма ініміз ол ұсынысты қабылдамаған. Жігіттің жақсы болуы жұбайынан дегендей жары Асылтас Ахметқызы Қайырденова Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетінің жанындағы ән және музыка факультетін бітіріп, Жұма ініміз бен бас қосып, еңбек жолын Жалағаш ауданындағы балалар музыка мектебінде бастаған. Кейін осы мектептің директоры қызметін ұзақ жыл абыройлы іс атқарып, зейнетке шыққан.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын міндеттер осындай тұлғалардың рухын жаңғыртып, олардың өмірдеректері мен халқына жасаған қызметін бүгінгі ұрпаққа жеткізу. Бұл біздердің басты міндетіміз болып қала береді.
Жақында ұстаз, сазгер, дирижер, ауданның, облыстың мәдениеті мен өнеріне елеулі үлес қосқан Жұма Даниловтың туғанына 70 жыл толуына байланысты облыстық ән байқауы өткізіліп, «Сағымға айналған сағыныш» естелік кітабының тұсауы кесілді.
Сөз соңын Жұманың ағасы ақын, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері. Жалағаш, Тереңөзек аудандарының құрметті азаматы Сейфулла Оспанның: – Қазақстандағы барша мәдениет ошағының іргетасын шайқалмайтындай етіп қалаған қайтпас қайсар марқасқа кемеңгер Темірбек Жүргеновтің туған жері – осы Жалағаш ауданы. Бәлкім, біздің Жұманың да бойына өнер сазын құйдырған Темірбек ағамыздың да шарапаты болар деген ойымен аяқтауды жөн көрдім.
Рысбай КӘРІМОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының Құрметті азаматы.