Кесене қайта жаңғырды
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашақққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қазақ ұлтының рухани әлемінде соны серпіліс орын алды. Құндылықтар насихатталып, өткен тарихи тұлғаларымыз, киелі орындарымыз насихатталып, халық жадында қайта жаңғырып жатыр. Сондай бір келелі істің бірі жуырда біздің ауданымызда да көрініс тапты. аудан әкімі Әшім Оразбекұлының қолдауымен, облыста жаңа ескерткіштерді орнатуды реттеу және тарихи-мәдени мұра объектілерін тарихи-мәдени ескерткіштерін тану, сондай-ақ, оларды мәртебесінен айыру туралы қорытынды әзірлейтін облыстық комиссияның шешімімен Есабыз ата кесенесін реставрациялау жұмысы 2018 жылы сәуір айында басталған болатын. Қолға алған игілікті іс үлкен абыроймен еңсерілгенін ел жадына қайта салғым келеді.
Жалпы, жасынан терең білімімен, тегінен келген зерек болмысымен, көріпкелдігімен, емшілігімен, елді аузына қаратқан әділ ісімен танымал болған Есабыз атамызға ертеден-ақ кесене тұрғызылған.
Біздің білуімізше, кесене бүгінгі күнге дейін 4 рет жаңартылды. 1963 жылға дейін қам кесектен тұрғызылған болса, 1963 жылы баба ұрпақтары Тартоғай елді-мекенінен күйдірілген кірпіш алдырып тұрғызған. 1994 жылы республикаға белгілі ел азаматы Бекзатхан Асқаровтың ұйымдастыруымен кесене қайта жаңартылды.
2018 жылы ақпан айында «Есабыз ата» кесенесі апатты жағдайда тұруына байланысты баба ұрпақтарының басқосу жиынында кесене құрылысын салу-жаңғырту ұйғарылды. Әрине, бұл ұйғарымға әке аманатын орындауда Бақытжан Бекзатханұлының бастамасы негіз болғанын айта кетуіміз керек.
Кесене құрылысын реставрациялық «Ұлытау-Ұлар» фирмасының жетекшісі Әнуар Төлебаев жүргізді. Құрылыстың бас сәулетшісі маңғыстаулық Ермұхан Әлиев деген азамат. «Кім мені есіне алып, атымды атаса, сол менің балам. Соның жебеушісімін», – деген Есабыз атаның сөзі жазылған көк тасты баба ұрпақтары Бақытжан Асқаров, Өтеген Әбдіраманов, Дүйсехан Кемеловтің ұйымдастыруымен Өзбекстан Республикасы, Самарқанд қаласынан әзірленіп жеткізілді.
Кесене құрылысына Бақытжан Бекзатханұлы Маңғыстау облысынан 3 вагон ақ тастар әкелді, есігін Шымкент қаласынан Есенгелді және Мұхан есімді азаматтар әкеліп орнатты. Айта кетеу керек, елдегі «Есабыз ата» ұрпақтары демеушілік жасап, «Есабыз ата» қайырымдылық қоры құрылып, жетекшілігіне Әбдімәлік Сейтжанұлы сайланды.
Кесененің алғашқы кірпішін аудан әкімі Әшім Оразбекұлы қалап, аудан ардагерлері, әрбір елді-мекен азаматтарының қатысуымен күнделікті құрылыс жұмыстары ұйымдастырылды.
«Оқшы ата» мазаратының ішкі жолын заманауи үлгіде аудан азаматтары Әбдіғазиз Әлжанов, Шағдар Әбдімәлікұлы, Ержігіт Сүлейменұлы төсеп берді.
«Оқшы ата» мазараты мен «Есабыз ата» мешітін, қонақүй мен асхананы бөліп тұратын арка-қоршау құрылысын Қален Оңғаров жүргізді. Зияратшылардың демалып, құран бағыштауына арналған жайды Қанат Тасболатұлы салып, пайдалануға берді. «Есабыз ата» кесенесі құрылысын жүргізуде барлық жұмыстарға Ғалымжан Жолдасов тікелей басшылық жасап, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді.
2018 жылы 25 қазан күні кесене құрылысы толық аяқталып, баба ұрпақтарының ұйымдастыруымен ас беріліп, құран бағышталды. Асқа облыстың бас имамы Болатбек Ұлысханұлы, аудан имамы Бақыт Ұлжаев қатысты. Әрбір ауылдан сайланған елді-мекен басшыларының ауызбіршілік танытып қолдауының арқасында кесене сапалы тұрғызылды.
Ел болып, жұрт болып, осыншама қыруар тірліктің абыроймен еңсерілгені елдігіміздің, бірлігіміздің, ірілігіміздің белгісі деп білемін.
Жалпы, сөз соңында айтарым, әулиенің ұрпағы халық. Халық болып қолдап, осындай келелі істі қолға алсақ, нұр үстіне нұр болмақ. Осы «Оқшы ата» мазаратында жатқан «Қыш ата», «Асан ата», «Ғайып ата» секілді т.б әулие кісілердің кесенелері бар. Бұлардың барлығы заман өте келе ескірген. Жаңғыртуды қажет ететін секілді. Әуелгі қатардағы әулиелердің ұрпағы халық деп келтірген сөзімізді бекер айтып отырған жоқпыз. Халық, ел-жұрт бұл әулиелердің де кесенесіне келіп, құран оқып жатады. Сондықтан, бұларға да реставрация жүргізуді дұрыс деп есептеймін. Бұл жалғыз менің пікірім емес әрине, әулиелердің басына келіп-кетіп жатқан жолаушылардың, зиярат етушілердің көкейіндегі ой-пікір. Сонымен, «Есабыз ата» кесенесін қайта жаңғыртуға атсалысқан азаматтарға жаратушы Алла тағала екі дүниенің де бақытын нәсіп етсін. Әрбір басқан қадамдарын сауапты амалдарға толы етсін.
Қалкөз Өтемұрат,
«Есабыз ата»
мешітінің имамы.