Тәрбиелік мәні зор – бастаңғы ойыны

Бұл ойын ауылдағы үлкен кісілер қонаққа немесе басқа себептермен ауылда болмаған жағдайда қыз-келіншектер бас қосып, бір үйге жиналып ойналады. Мұнда бәрі емін-еркін ойнап-күліп, қысылып-қымтырылмай сырласады. Бұл ойынға қыздардың қалауы бойынша жас жеңгелері де қатысады. Қазақтың отбасы тәрбиесіндегі «Қызға қырық үйден тыйым» деген қатал тәртібі қыз баланың жөнсіз жүруіне жол бермейді. Ол бүкіл отбасының абыройы. Оның үйінен себепсіз не рұқсатсыз ұзап шығуы ата-ананың намысын қорлайды. Бастаңғы – қыздардың үй іші шаруасында өз бетімен еркін әрекет етуінің бір шарасы.
Бастаңғыға жиналған қыздардың әрқайсысы тәтті-дәмдіні, құрт-майды үйден ала келіп, ортақ дастарқанға салады. Тамақты өздері әзірлейді. Бұл ойынның астарында үлкен тәрбиелік мән жатады. Қыздар осы ойын арқылы қонақ күтудің, табақты мүшелеп тартудың жөнін іс жүзінде орындап байқауға бейімделеді.
Бұл жерде өлең айтылмайды, шу болмайды. Алайда басқа ойын ойналып, көңілдерін көтереді. Үлкен кісілер байқаусыз келіп қалып, көздеріне түспеу үшін құрт-май, тәтті беріп, үй маңында сенімді, тіл алғыш балаларды қарауыл қылып қояды. Өйткені бұл қылықтарын үлкен кісілердің біліп қоюын әбестік деп ұғады.
