Қазақ жаңа әліпбиді игеруге қабілетті

Дегенмен де, қазіргі таңда көптеген ұлттар өздерінің төл жазуларын ұстап қалуға тырысып отыр. Тіпті мынау өзіміздің іргелес көршілеріміз Армения, Грузия сынды елдер жаңа ғасырдың басындағы жазуларын сақтап келеді. Кириллица 13-14 ғасырдан бастап шыққанын білеміз. Өркениетті елге ұмтылған әрбір ел өзінің жаңа төл жазуын, төл мұраларын ешқашан да естен шығармауы, ұмытпауы керек. Біз де төл мәдениетімізді ұмытпауымыз керек. Сондықтан да жоғарғы оқу орындарында, жоғарғы сыныптарда түрік жазуларына арнаған курстық сабақтар өткізіп, оларға үйретуге және одан көзжазбауға тырысуға міндеттіміз деп ойлаймын.
Қазіргі әлем елдері дүниежүзілік өркениетке латын жазуы арқылы ұмтылып жатқан тұста біз де оған осы алфавит арқылы жақындай түспекпіз. Яғни, мәдени интеграцияға латын әліпбиі арқылы жақындаймыз.
Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Бұдан біз ұтпасақ, еш нәрседен ұтылмаймыз. Екіншіден, жаңа алфавитке өтудің өзіндік қиындықтары бар деп жатыр. Оның ешқандай қиындығы жоқ. Біздің жастарымыздың бәрі ағылшын, неміс, француз сынды шет тілдерін еркін меңгерген. Олар біздің латын алфавитін еркін меңгеріп кететіні сөзсіз. Бұл жағынан олар сауатты. Сол себепті де бізге ешқандай қиындық туындап тұрған жоқ. Өзіміздің ұлттық тіліміздің өзіндік ерекшеліктерін білдіретін төрт-бес әріптің төңірегіндегі мәселе бар еді. Ол да өз шешімін тапты. Жалпы, мұндай латынша қазақ әліпбиін игеруге қазіргі біздің қазақ қоғамы дайын деп ойлаймын.
Әнес САРАЙ
Жазушы,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері.