Кәсіптік білім: өзгеріске үндестік өте маңызды
М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінде “Кәсіптік білім және бизнес: әріптестер сұхбаты” атты VІІ облыстық форум өтті. Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әзімхан Дархан, “Кәсіпқор холдинг” КЕАҚ-ның басқарма төрағасының міндетін атқарушы Асима Бимендина, министрліктің “Қаржы орталығы” АҚ департамент директорының орынбасары Алпамыс Сатыбалдин, “Кнауф Гипс Капчагай” ЖШС оңтүстік аймақ менеджері Олег Абдуллаев және техникалық кәсіптік білім беру ұйымдарының директорлары мен жұмыс беруші кәсіпкерлер қатысты.
Форум оқу орындарының кәсіби білім беру бағытындағы ерекшелігін айқындайтын бағдарлы байқау мен білім алушылардың “Жас өнертапқыш – 2018” техникалық шығармашылық байқау көрмесінен және М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінің оқу-өндірістік шеберханаларының жұмыстарымен танысудан бастау алды.
Жиын барысында қатысушылар өңірге қажетті мамандарды даярлау бойынша ұсыныстарымен бөлісіп, тәжірибе алмасты. Еңбек нарығына жоғары білікті мамандар даярлауда ақпараттық технологияларды қолдану мен дамыту, техникалық кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын, тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.
Қазіргі таңда әлеуметтік-экономикалық дамудың сапалық сипаттамасы алдыңғы қатарға көтерілген. Жалпы ішкі өнім жоғары технологиялық өндірістердің – білім, денсаулық сақтау, ғылым және басқа да интеллектуалдық қызметтер есебінен артып отыр.
– Сарапшылардың бағалауы бойынша Батыс Еуропа мемлекеттерінде жалпы ішкі өнімді қалыптастыруда адами капиталдың үлесі – 30%, АҚШ-та – 40%, ал, ТМД елдерінде бар болғаны 10-15%-ті құрайды. Сондықтан, экономикалық өсім мен барлық игіліктердің негізгі драйвері – адам, оның білімі мен дағдысы болуы қажет. Адам білімі мен шеберлігі, тәжірибесі арқылы жетекші күшке айнала отырып, табысты істің кепілі болып табылады. Нәтижесінде жоғары сапа мен экономикалық өсу қамтамасыз етіледі,– деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, аймақ басшысы адами капитал, ең алдымен, білім беру саласы арқылы қалыптасатын болғандықтан, бұл сала шығынға негізделген салалар сияқты болмай, керісінше, жаңа экономикалық жағдайда экономикалық өсімнің мүмкіндігін анықтайтын инвестициялық сала ретінде қарастырылуы қажеттігін баса айтты.
– Бүгінгі таңда технологияның жылдам дамығаны сонша, ол адам өмірін тез өзгертуде. Ал, біздегі ЖОО мен колледждер осыған сай жаңа мамандықтар бойынша түлектер дайындап үлгере алмай жатыр. Бүгін қажет деп танылған мамандық бес жылдан соң жойылып кетуі мүмкін.
Мәселен, есепші, кітапханашы, нотариус, бұрғылаушы, шахтер, тігінші, жол полициясы инспекторы келешекте автоматтандырылып және роботтармен ауыстырылатыны көрініп тұр. Технология әр 3 жыл сайын өзгеруде, әр 5 жыл сайын алмасуда. Нарықта жаңа мамандықтар пайда болуда. Мысалы, ақпараттық жүйе архитекторы – жүйедегі деректерді өңдейтін кең ауқымды кәсіби маман, желілік тау инженері – табиғатты пайдалану нысандарымен жұмыс жасайтын маман, тіпті зияткерлік меншікті бағалаушы мамандар пайда болады. Ол материалдық емес активтер мен идеялардың өнертабыстарын бағалайды. Халықаралық экономикалық форумның бағалауынша, 2020 жылы 20 процент жұмыс орындары өзгереді. Бұл өзгерістер жаңа дағдыларды қалыптастыруды талап етеді. Сондықтан жұмыс орындарының автоматтандырылуына байланысты адамдардың өз қызметінен айырылып қалмауын болдырмайтын жүйе қалыптастыру қажет. Мұның бірден-бір шешімі – үздіксіз білім беру, – деді облыс әкімі.
Мұнан бөлек, 2014 жылдан бастап аймағымызда мектеп бітірген бірқатар түлектер Мәскеу мен Санкт-Петербургтің ең мықты техникалық жоғары оқу орындарында білім алуда. Ресей Федерациясы Үкіметінің гранты негізінде оқып жатқан 512 студенттің Мәскеу болат және қорытпа институты мен Санкт-Петербургтің мемлекеттік өсімдік полимері технологиялық университетін бітірген алғашқы 32 студент елге оралса, 42 түлек магистратурада білімдерін жалғастыруда. Ресей жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс нәтижесінде биылғы оқу жылында тағы 58 бала оқуға түсті. Сонымен қатар, жыл сайын аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 100-ге жуық дарынды балалар облыс әкімінің білім беру гранты бойынша еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына оқуға түсуде. Биылғы жылы грант саны 2 есеге артса, бұл ретте гранттардың 70%-і IT-мамандықтарға бөлінген. Айта кетейік, қызылордалық мектеп бітірушілердің 97%-і осымен екі жыл қатарынан жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түсіп отыр. Олардың 57 %-і мемлекеттік білім гранты иегерлері. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 509-ға артты.
Білім беруде сапаның тағы бір маңызды көрсеткіші – болашақ мамандардың сұранысқа ие болуы, олардың таңдаған қызмет саласында жұмыс істеуге деген ниеті. Осы мәселелерді шешу мақсатында облыс экономикасына қажетті кадрлардың ұзақ мерзімдік болжамын анықтай отырып, 2015 жылы аймақтық еңбек ресурстары балансы дайындалды. Бұл, өз кезегінде аймаққа қажетті мамандарды дайындауға, мемлекеттік тапсырысты анықтауға ықпал етері анық. Бітірушілердің жұмысқа орналасуына қиындық тудырмау үшін осы еңбек ресурсы балансы мектептегі кәсіби бағдарлы даярлықтың негізі болуда.
Форум қатысушылары облыста бейінді оқытуды ұйымдастыру бойынша өз ұсыныстарымен бөлісті, дарынды жастардың өндіріске енгізілетін шығармашылық жобаларымен де танысты. Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әзімхан Дархан кәсіптік-техникалық білім берудегі жетістіктер мен техникалық кадр даярлау кезінде туындайтын мәселелерді шешу жолын сөз етсе, «Кәсіпқор холдинг» КЕАҚ-ның басқарма төрағасының міндетін атқарушы Асима Бимендина білім беру саласындағы модульдік бағдарламаға талдау жасады. Бұл кәсіптік білім беру ұйымдарында енгізілген жүйе кәсіптік-техникалық профильді колледж түлектері арасында жұмыссыздық мәселесін шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ал, «Қаржы орталығы» АҚ білім беру қызметтерінің төлем жүйесін дамыту департаменті директорының орынбасары Алпамыс Сатыбалдин мемлекеттік жекешелік-әріптестік аясында жатақхана құрылысын салу, қайта жаңғыртудан өткізу туралы маңызды мәселеге тоқталды. Сонымен қатар, басқосуда «Кнауф Гипс Капчагай» ЖШС оңтүстік аймақ менеджері Олег Абдуллаев колледждерде құзыреттілік орталығын құру жайын қозғады. Бұл орталық өңірлерде мамандар қажеттіліктеріне талдау, саладағы технологиялық өзгерістерді бақылау және мамандар алдындағы дайындық бағдарламаларын әзірлеу, мұғалімдер мен кәсіптік оқытуды сертификаттау, колледждер, өнеркәсіптік кәсіпорындардың өзара іс-қимылын ұйымдастыруда оң септігін тигізбек.
Еңбек форумы аясында секциялық жұмыстар да жүргізілді. И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық жоғары колледжі облыстың үздік кәсіптік мектебі деп танылды. Жиын соңында форум аясында өткізілген байқау жеңімпаздары мен техникалық және кәсіптік білім беру саласының үздіктері марапатталды.