Елтаңбаға өзгерістер енгізіледі
2019 жылдан бастап облыстағы мемлекеттік мекемелер жаңа Елтаңбаны орнататын болады. Ұлттық рәміздегі «Қазақстан» жазуы латынша таңбаланады. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздегі түстер қанық реңмен боялады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов мәлімдеді.

Жаңа қолданысқа енгізілгелі отырған Елтаңбаның техникалық ерекшеліктерінде аздаған өзгерістер орын алмақ. Бұл жөнінде Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы Серік Қасымов БАҚ өкілдеріне түсіндіріп өтті.

«Түс шақтамасының түстік ауқымы мынадай шекте болуға тиіс: ΔE (дельта Е) 8 бірліктер». Яғни Елтаңбадағы түстер қанығырақ бояумен боялатын болады. Қазіргі таңда өзгерістерді әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылып, жұмыс тобын ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков басқаруда. Жаңа жоба бойынша Елтаңба әзірлеуде «Мекен KZ» ЖШС, «Industrial Company Zoom» ЖШС, «Символика» ЖШС, «Алматыгороформление» ЖАҚ, «Ақ бастау KZ» ЖШС, ЖК «Ж.С. Тынымбаев», ЖК «Баубеков» және мемлекеттік органдар жұмыс жасауда.