Прагматизм – Рухани жаңғыруға бастайтын даңғыл жол

Прагматизм ұғымын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан асырып айта алмаспыз. «Бүгінгі радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс. Яғни, реализм мен прагматизм ғана таяу он жылдықтың ұраны болуға жарайды», - деген еді Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласында.
Демек, қазіргідей құбылмалы кезеңде жоспардан тыс қауіп төнуі кәдік. Сол себепті, елімізге нақты жоспарлар мен бәсекеге қабілеттілік қажет. Елбасы еңбегінде елес идеологияларға ермей, заманға сай амал етуге үндейді. Кестелі сөз, кесек ой айтқан Президент ұлттық болмыстың өзегін сақтап, өткеннің кейбір кертартпа тұстарын тастауды меңзейді. Білімге айтарлықтай басымдық береді. «Алдағы онжылдықтың ұраны – прагматизм», – дейді. Яғни, уақытты үнемді пайдалану, болашақты жоспарлай білу, ұстамдылық, қарапайымдылық сияқты қанға сіңген қасиеттерді қайта түлету. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» демекші, Президенттің ой-толғамы бабалар ұлағатымен астасып жатыр. Абай атамыз: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның білсеңіз...», - десе, Мемлекет басшысы «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылдыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз», - деп ой түйеді.
Демек, прагматизм тек бір адамға емес, жалпы мемлекеттің экономикалық табысы үшін де мәні зор. Әрине, бұл ретте әрбір жанның прагматикалық ойлауы маңызды. Эмоцияға беріліп, ақылмен шешпесең, жоспарсыз, жай ғана үмітпен күн кешсең жетістік қайдан болсын? Дәл қазір бізге прагматик мамандар ауадай қажет. Прагматик деген үнемді, ұқыпты, әрекеті тиімділік пен жауапкершілікке құрылған жан. Тарихтан мәлім, прагматиктер әлемді өзгерткен. Мысал ретінде Билл Гейтсті алайық. Адамзатқа қосқан үлесін екінің бірі біледі. Қысқа қайырғанда, бізге еліміздің тасын өрге сүйрейтін дәл осындай прагматик мамандар.