«Жылдың үздік ұйымы» – «Ұшқын» кәсіпорны
«Ұшқын» Қызылорда мүгедектерінің оқу-өндірістік кәсіпорны» аймақтың көркеюіне өзіндік үлес қосып келе жатқан мекемелердің бірі. 200-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып, олардың өзгелермен тең дәрежеде жұмыс жасауына жағдай жасап, табыс табуына мүмкіндік беріп отыр. Бұл кәсіпорын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Жомарт жүрек» байқауында Қызылорда қаласы бойынша «Жылдың үздік ұйымы» номинациясымен марапатталған.
5 жылдан бері үздіксіз ел игілігіне қызмет етіп келе жатқан кәсіпорында тротуарлық плиткалар мен жол жиек тастары, пластикалық терезе, есік және витраждар, кез келген офистік және үйге арналған жиһаз өнімдері өндіріледі. Сондай-ақ, сыртқы жарнама қызметінің барлық түрлері, әртүрлі полиграфиялық өнімдерді басып шығару мен клинингтік қызметтер, компьютерлік және периферийлік құрылғыларды жөндеу жұмыстарын жүргізеді.
Бүгінде кәсіпорында 211 адам жұмыс жасайды. Оның ішінде 119-ы мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Қазіргі қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмысқа орналасу қиынның қиыны. Сол қиындықтың алдын алу, оны болдырмау мақсатында кәсіпорын басшысы Бақыт Жұмашев өндірістік цех ашу туралы шешім қабылдаған. Сол арқылы олардың табыс табуына және өз отбасыларын асырауға көмектеседі.
«Ұшқын» Қызылорда мүгедектерінің оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС тек өздеріндегі жандарға ғана көмек көрсетіп қана қоймайды. Сонымен қатар облыстағы өзге де мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, жетім балаларға қайырымдылық жасауда. Кәсіпорын соңғы 4 жыл көлемінде қайырымдылыққа 22 млн. теңгеге жуық қаржы бөліп, ел алғысын алып келеді.