«Рухани жаңғыру»: білім саласы талқыланды
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы және ҚР білімді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Кітап – білім ошағы» тақырыбында аумағымыздың білім саласының мамандарымен кездесу өтті.
Шараға «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов, «Өрлеу БАҰО» АҚ Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі Баймырза Қожамберлиев, «Қызылорда қызмет көрсету және сервис» колледжінің директоры, «Ынтымақ» БПҰ төрағасы Тәшен Оразбек, қалалық білім беру бөлімі әдіскері Нұрлан Дәулетәлиев, мектеп басшылары, кітапханашылар және БАҚ өкілдері қатысты.
Бағдарламаның «Техникалық кәсіптік білім» тармағы бойынша Тәшен Оразбек сөз сөйлесе, «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім және ғылымды дамыту мақсаттары, міндеттері және мәселелер мен шешімдері» жайында Баймырза Қожамберлиев кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, бағдарламаның жалпы аумағымызда жүзеге асуы туралы Нұрлан Дәулетәлиев баяндама жасады.
Жиын соңында қатысушылар бағдарламаға және көтерілген тақырыпқа сай бірнеше тұщымды ұсыныстар айтып, еркін пікір алмасты. Шәріп Әкбарұлы айтылған ұсыныстардың назардан тыс қалмайтынын жеткізді.