Шиелінің «Жыл тұлғасы» - Ербол Жеңсікбаев
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Жомарт жүрек» сыйлығына Қызылорда облысы Шиелі ауданынан «Жыл тұлғасы» номинациясына Ербол Жеңсікбаев ие болды.
«Шиелі-Энергосервис» ЖШС-нің директоры қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Ербол Жеңсікбаев Шиелі аудандық мәслихатының депутаты. Халық қалаулысы ауыл халқына қайырымды іс жасауды азаматтық борышы санайды.
Ауданның дамуына өзіндік үлес қосып жүрген ол 2016 жылдан бері өз туған жерінің абаттануына, көмекке зәру ауыл тұрғындарына қолдау көрсетуде. Ел игілігі жолында игі істерді ұйымдастырып, қайырымдылық шараларына қатысып жүрген Ербол Жеңсікбаев нағыз жомарт жан. Қайырымдылық істерін қолға алған жылы-ақ 2 млн. теңгеден астам қаржы бөлген.
Ауыл жанашыры Ербол Якулайұлы Шиелі ауданының Ақмая ауылында дүниеге келіп, сол маңда өніп-өскен ол Қазақ Химия-Технологиялық институтын бітірген. Еңбек жолын Ақтобе облысындағы С.Киров атындағы химиялық тауарлар өндіретін заводында шебер болып бастайды. Ісіне тиянақтылықпен қарайтын ол уақыт өте аға шебер, механик қызметтерін атқарады.
90 жылдардың бас кезінде туған жерге оралған Ербол Жеңсікбаев Шиелі кентіндегі №6 кен басқармасының жылу, ыстық сумен қамтамасыз ету учаскесіне жөндеуші болып жұмысқа қабылданып, 7 жылға жуық уақытта шебер, аға шебер, учаске басшысы қызметіне дейін жоғарылаған. Сол уақыттан бастап 2006 жылға дейін біршама лауазымды қызметтерді атқарған ол «Шиелі-Энергосервис» ЖШС-де жетекші маман, өндірістік бөлімінің басшысы, директор орынбасары, 2012 жылдың наурыз айынан бастап директор қызметін атқаруда.