ӨР РУХТЫ, ҚАЙСАР МІНЕЗДІ БАТЫР БАБАЛАР
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғап қалған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» дейді. Осы ретте ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елі мен жерін жаудан қорғаған, өмірлерін ат үстінде өткізген, жалпы қазақ жұрты қолбасшы деп құрмет тұтатын бірқатар батырларды мақаламызға арқау етпекпіз.
Сөзбасын алдымен Ақтабан шұбырындыдағы қырғынды кезең мен нәубетті оқиғаны көз алдымызға жырымен алып келген Қожаберген жыраудан бастағанды жөн көрдік. Қожаберген батыр 1663 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарасты Күлтөбе деген жерде өмірге келген. Жастайынан оқу-білімге құмартып, араб және парсы тілдерін жетік меңгеріп алады. Оның білімдарлығы мен батырлығын байқаған Тәуке хан өзінің сенімді елшілерінің бірі етіп тағайындайды. Бір деректерде Қожаберген жыраудың мешіт, медресе ашып, ел арасында ислам дінін насихаттаған деген де мәліметтер бар. Бізге жеткен тарихи мәліметтерге сүйенсек, ол кісі тек оқу-ағарту жұмысымен ғана айналыспаған, сондай-ақ, ханға елші бола жүріп, оның сенім артар батырларының бірі бола білді. Шамамен 1688 жылы Түркістан қаласының маңында Тәуке хан бастаған барша қазақтың игі жақсылары Қожаберген жырауды Ордабасы етіп тағайындаған. Осылайша, Қожаберген батыр 25 жасында хан ордасының бас қолбасшысы атанады. Мұндай дәрежеге жету үшін ерекше әскери қабілет пен жауынгерлік өнерге жетік болу қажет. Қожаберген батырдың тағы бір қыры оның ақындығында жатыр. Ол өз заманындағы көптеген батырлардың ерліктерін жырларына арқау еткен. Сонымен қатар, әйгілі «Елім-ай» әнін шығарған. Арада бірнеше ғасыр өтседе «Елім-айды» әрбір қазақ ерекше ыждағаттылықпен тыңдайды. «Қаратаудың басынан көш келеді» – деп толғау басталғанда-ақ, жүрегі қазақпын соққан әрбір азаматтың бауыр еті елжірей түседі. Сол себепті, Қожаберген бабамыздың тарихтан да, әдебиеттен де алар өзіндік орны бар.
Қазаққа қорған болған батырлардың бірі – Қанжығалы Бөгенбай. Тарихи деректерге сүйенсек, Абылай ханның тұсында қазақ әскерінің бас қолбасшысы болған Бөгенбай батыр Сырдария өзенінің жағасында дүниеге келген екен. Әкесі Ақша батыр Тәуке ханның тұсында сексен мың сарбаздан тұратын әскердің қолбасшысы болыпты. Бөгенбайдың болашақта дүйім ел құрметтейтін хас батырға айналуына әкесінің де әсері болса керек. Батыр Бөгенбай қазақ халқының басына нәубетті күндер туғанда атқа қонып, жаудың әскеріне тойтарыс беру үшін қол жинаған. Оның ерлігі әлі күнге дейін ел аузында аңыз болып айтылып жүр. Бөгенбай батыр үш жүздің әскері түгел біріккен қазақ жасақтараның бас қолбасшысы болған. Ол талай қан-құйлы шайқастарда ерлікпен соғысып, қазақ халқының тарихындағы атақты батырлардың біріне айналды.
Қазақ батырларының арасында Бөгенбаймен бірге Қабанбайдың да есімі қатар аталады. Азан шақырып қойған аты Ерасыл болғанымен ел оны Қабанбай деп атап кеткен. Қабанбай нағыз хас батыр болған. Сол замандағы жыраулық поэзия мен жорық жырларына назар аударсақ, оның қайталанбас ерлігін көруге болады. Қабанбай батырдың қайраттылығымен жоңғардың қалың әскеріне тойтарыс беріліп, ел шетіне келген қытай әскері кері шегінген. Ол өмірінің соңына дейін жекпе-жектерге шығып, барлығында жеңіске жеткен. Оның қабандай күші болғандықтан Қабанбай деген атаққа ие болса, қиян-кескі шайқастарда батырлығымен дараланып Дарабоз атанады. Сөйтіп, Қабанбай есімі хан ұранына айналып, жорықтағы есімі Дарабоз болады.
Қазақ қолын бастаған, есімі әр ұрыс сайын аңызға айналған ержүрек батырларымыздың бірі – Шапырашты Наурызбай. ХҮІІІ ғасырдың басында Алатаудың баурайында өмірге келген болашақ батыр ес білгеннен қазақтың аңыз-әпсаналары мен эпостық жырларына қанық болып өседі. Оның ер атануына сол кездегі қоғамдық-саяси ахуалмен қатар осындай тәрбиесі де әсер етсе керек. Наурызбай батыр жайындағы деректерге сүйенсек, оның Абылай заманындағы қазақтың қайсар оғландарының бірі болғанын аңғарамыз. Ел аузында Көмекей әулие атанып кеткен, үш жүзге хан болған Абылайдың өзіне сөзін өткізген атақты Бұқар жыраудың толғауларында Наурызбайдың есімі Бөгенбай мен Қабанбай секілді батырлармен қатар аталады. Наурызбай бабамыз қалмақ пен жоңғар басқыншыларына қарсы соғыстарда ерліктің ерен үлгісін көрсеткен. Алатаудың етегіндегі жан беріп, жан алысқан небір сұрапыл шайқастарда жаудың хас батырларын жайратып, тасқамал әскерін жеңу үшін үлкен үлесін қосты. Қозыбасы деген жерде қазақтың қалың қолын бастап бас батыр атанды.
Ел есінде құрметпен аталатын батырлардың бірі – Жәнібек Тархан. Жоңғарларға қарсы күресте даңқы шарықтаған қазақ батыры ерліктің қайталанбас үлгісін көрсете білген. Батыр бабамыз ел ішінде Шақшақұлы Жәнібек деген атпен кеңінен танымал. Өйткені, атасы Шақшақ Есім ханның белгілі қолбасшыларының бірі болған. Жәнібек батыр он жеті жасында Тәуке ханмен бірге жауға шауып, жекпе-жекте қалмақтың бас батырын жер жастандырған. Бізге белгілі тарихи дерек көздеріне сүйенсек, Абылай ханның оң жағынан орын алған негізгі кеңесшілерінің бірі де болыпты. Ол Аягөз маңындағы және Бұланты бойындағы шайқастарда жауға қарсы соғысқан қолбасшылардың бірі екенін де айта кеткен жөн.
Қазақта көш бастаған батырлардың бірі ретінде Жалаңтөс Сейітқұлын атап өтуге болады. Ол заманында батырлығымен дараланған, қолбасшылығымен ерекшеленген, Самарқанға әмір болған баһадүр. Батыр бабамыз 12 жасынан батырлығымен танылып, зерделілігімен және төзімділігімен көзге түсті. Оның аты халық арасына кеңінен таралды. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, 1640 жылы Жалаңтөс батыр қазақ және өзбек жерлеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батурға қарсы қол бастап, оны жеңіліске ұшыратты. Сонымен қатар, 1643 жылы Жетісу жеріне баса-көктеп кірген жоңғар басқыншыларымен соғысып жатқан Жәңгір ханға 20 мың әскермен көмекке барған. Сөйтіп, жау қолын талқандауға зор үлес қосты. Тарихта бұл оқиға «Орбұлақ» шайқасы деп аталады. Жалаңтөс батыр Ташкент пен Түркістанға үш жорық жасап, Ауғанстанның қазіргі астанасы Кабулды және Иранның рухани астанасы Мешхедті бағындырды. Батыр бабамыз Самарқанның орталығы Регистанда «Ширдор», «Тилла-Кори» медреселерін салдырды. Бұл архитектуралық ғимараттар өзінің әсемдігімен Шығыс сәулет өнерінде ерекше орын алады.
Есімі ұран болған ерлердің қатарында Райымбек батыр да бар. Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың жырына арқау болған әйгілі батыр Райымбек 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы ұрысқа аттанған. Жауға шапқан алғашқы кезден бастап өз атын ұран етіп атап, ержүректілікпен шайқасқан. Оның есімін естігенде қазақ елі бір марқайып қалса, жау әскері сарбаздарының жүректерін үрей билеген. Райымбек бабамыз жоңғардың Бадам, Ағанас, Секер секілді тағы да басқа хан-нояндарын майдан даласындағы жекпе-жекте жайратып салған. Қаратау мен Жетісудың аймағын жаудан азат ету үшін талай мәрте жауға қарсы шапқан. Тіпті, Ойрантөбе деп аталатын жердегі ерлігі атадан балаға аңыз етіп айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп жеткізілуде.
Саналы ғұмырын келешек ұрпағына арнайған, ұлым құл, қызым күң болмасын деп жанын бәйгеге тіккен батырлардың бірі – Барлыбай Тауасарұлы. Зерттеуші Қуаныш Ахметов өзінің «Ұлы даланың Ұлытауы» деп аталатын еңбегінде: «Ел жадында есімі ескірмей, келбеті көмескіленбей, айбыны аласармай келе жатқан «Бағаналы Барлыбай», «Барлыбай сардар» атанған», – деп атап өтеді. Тарихи деректерде оның әкесі Тауасар қалмақтармен шайқаста аты шыққан батыр, анасы Гүлсім башқұрт батыры Қарасақалдың қарындасы болған деп айтылады. Барлыбай батыр «Бұланты шайқасында» Бағаналының бас қолбасшысы болып, сұрапыл соғыста қайсарлығымен ерекшеленген. Кейбір деректерде бұл кісіні қарадан шығып, хан болған деген мәлімет келтіріледі. Белгілі тарихшы В.Я.Басиннің архив құжаттары негізінде жазылған «Россия и казахское ханство в ХVI-ХVIII в.в.» атты кітабында Әбілқайыр өлгеннен кейін Барақ сұлтан елден қашып кеткені туралы мәлімет келтіріледі. Онда Барақтан кейін Бағаналы тайпасын төре текті сұлтан емес, өз ішінен суырылып шыққан Барлыбай батыр басқарғаны туралы дерек бар. Бұдан Барлыбай бабамызды хан дәрежесіне дейін көтерілді деген тұжырымда негіз бар екенін аңғарамыз.
Қазақ жерінде үш жүзден астам түрлі деңгейдегі көтерілістер болды десек, соның ұлттық сипат алғаны қаншама. Сол көтерілістердің біріне бас болған әйгілі батыр – Сырым Датұлы. Халық Сырым батырды Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы күрес жүргізген батыр әрі көтерілістің көрнекті басшысы ретінде біледі. Ол сондай-ақ, талай даулы мәселені шешкен елге белгілі шешен. Халық арасында «Сырым айтқан екен» деген елдің мерейін асыратын көптеген аңызға бергісіз әңгімелер бар. Сырым Датұлы батырлығымен қоса ел жадында шаршы топта сөз бастайтын шешендігімен, қызыл тілмен айтылған әрбір сөзін қазақтың қасиетімен байланыстырған ділмарлығымен, талай дау-дамайларды шешкен көрегенділігімен қалды.
Халыққа қорған батырлардың қатарында Бұқарбай, Жанқожа, Есет, Көкен, Жаназар, Сәрке, Тоғанас, Бәйтік сынды бабаларымыздың да болғанын айтып өткеніміз абзал. Отаршыл саясатқа қарсы болып, ел мүддесі үшін күрескен батырлардың қатарында Исатай мен Маханбет те бар. Олардың бірі халық батыры атанса, екіншісі дауылпаз ақын болды. Исатай Тайманұлы Бөкей ордасының халыққа жасап отырған озбырлығын әшкерелеймін деп жүріп бірнеше рет абақтыға жабылады. Алғашында қазақтың арда ұлын елдің игі жақсылары босатып алады. Кейінгісінде оның кінәсі дәлелденбей бәрібір босап шығады. Бөкей ордасындағы хан, сұлтандардың елге жасап отырған әділетсіздігіне шыдай алмаған қос батыр қол бастайды. Халықтың мүддесі үшін жорыққа шыққан батырлардың бірі басшы екіншісі қосшы болды. Аталмыш көтеріліс Махамбет ақынның жырларында кеңінен көрініс тапты.
Әр кезеңнің өзіндік батыры, биі менен ақыны болады. Сол сияқты 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің Амангелді Иманов, Әліби Жанкелдин, Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Кейкі Көкембайұлы сынды батырлары болғанын да естен шығаруға болмайды.
Бұл мақаламызда елге қорған болған бірқатар батырларды тілге тиек еттік. Алайда, бұл тізімге қазақтың қайсар ұлдарының есімдері сыймайды. Сансыз батырларды ақындар отыз күн ойланып, қырық күн толғанып жырласа да тауыса алмасы анық. Олардың әрбірі туралы мыңдаған кітап жазылса да артықтық етпейді. Қалай десек те, өмірін Отан қорғауға арнаған хас батырлардың ерлікке толы тағдырлары қашанда үлгі-өнеге болып қала бермек. Сол себепті, олар жайлы мақаланы бүгінгі ұрпақ біліп жүрсін деп жаздық.
Ә.БАТЫРБЕКОВ