ДОСТЫҚТАРЫ НЫҒАЯ ТҮСУДЕ
Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласындағы «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілерінің бұл жолғы сапар әдеттегіден ерекше. Олардың Сыр өңіріне келудегі мақсаты аймағымыздағы «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушілерімен арада достық қарым-қатынас қалыптастыру. Сонымен қатар, екі жақтың тәрбиеленуші балаларын Сыр елінің киелі жерлерімен, тарихымен таныстыра отырып достық даңғылын салу, өзара байланыс орнату.
Достарын ерекше ықыласпен қарсы алған «Атамекеннің» тәрбиеленушілері оларға өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынды. Сонымен қатар үш ай жазғы демалыста қолөнер шеберлерінен алған дәріс барысында жасаған бұйымдары қойылған көрмені назарларына ұсынды.
Шара барысында арнайы сөз алған «Үміт» балалар үйінің директоры М.Бейсеканова балаларға достықтарының берік болуын тілеп, Өскеменнен әкелген сәлемдемелерін тарту етті. Одан әрі оқушылар қаланың көрікті жерлерін аралап, қаладағы тарихи нысандарда болды. Үш күндік сапар барысында балалар «Қорқыт ата»мемориалды кешеніне, «Байқоңыр» ғарыш айлағына және Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барады.
Айта кетейік, аталған шара елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылуда. Келер жылы жаз айында «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері Өскеменге баратын болады. Мұндай үлкен мүмкіндікке балалар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қол жеткізіп отыр.