«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» АЯСЫНДА ЖАРЫҚ КӨРГЕН ҚОС КІТАП
Алтайдан Атырауға дейінгі қазақтың кең-байтақ даласының қадір-қасиетін ұлықтап, насихатын арттыру – мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі бағыттарының бірі. Биылғы жыл «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның қасиетті географиясы» бағыты үшін табысты жыл болды.
Жаз айларында мектеп оқушыларының демалысын пайдалы өткізу мақсатында еліміздің қасиетті орындары мен тарихи нүктелеріне апарып, ұлт тарихының көмбесімен таныстырды. Осы әрекет арқылы жас буынды отансүйгіштікке баулып, ұлтқа қызмет қылудың парыз екенін түсіндіре білді. Бес аймақтың жасөспірімдері өз мемлекеттерінің өзге аймақтарын көріп, демалыс уақытында жаңа дос тауып, көңіл көкжиектерін кеңейтті.
Енді, міне, «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның қасиетті географиясы» бағытының аясында тағы да керемет дүние жүзеге асып отыр. Жуық арада еліміздің, ұлтымыздың қасиеті ерек, тарихы терең нысандары туралы мәлімет беретін екі бірдей кітап жарыққа шықты.
Бірінші кітаптың атауы – «Қазақстанның жалпыұлттық нысандары». Бұл кітап үш тілде бірдей мың данамен басылды. Оған Қазақстанның ерекше деп есептелетін 185 бірдей киелі нүктелері кірген. Кітапта әрбір мекен туралы кеңінен ақпарат беріліп, тамаша фотолармен көркемделгенін айта кету керек. Бұл кітаптағы барлық нысандар ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері, археологиялық, ортағысырлық қала орталықтары, діни және ғибадат орындары, тұлғалар мен саяси және тарихи оқиғаларға қатысты деп бес топқа бөлінген.
«Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» деп аталатын екінші кітап та баспадан мың данамен басылып шықты. Қазақ және орыс тілінде қатар жазылған кітаптың ішінде еліміздің ерекше құрметтелетін, ұлттық құндылықтар қатарына, тарихи мекендер тізбегіне кіретін 500 нысан тіркелген.
Сонымен қатар, биылғы жылы елімізде Таңбалы тас, Отырар және Ұлытау деп аталатын үш қасиетті орталықтың құрылысы басталып, іргетасы қаланбақ. Жаңа ұрпақтың санасын азат етіп өсіруге, отансүйгіштікке тәрбиелеуге жасалып жатқан істердің барлығы ел игілігі, ұлт болашағы үшін.
«Жалпыұлттық және өңірлік деген қасиетті дерлер ең бастысы олардың аңыздары ақпарат, ғалымдардың ақпараты елдің арасында бұрыннан бері бар киелі жерлер, сонымен қатар әлеуметтік саяси маңызы бар нысандар кірген. Соны негізге ала отырып, тізімге алғаннан кейін насихаттау, туризмді дамыту мәселесі аймақтарда тарату мәселесі биылдан бастап, кеңінен таратылады», - деді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы.
Кітаптардың жарыққа шығуы – «Рухани жаңғыру» кезеңіндегі кезекті рет жасалынып жатқан айтулы шаралардың бірі. Бұл – теориялық насихат. Әрине, оның да өзіндік рөлі бар қоғамда. Байтақ дала төсіндегі ұлт тарихының кереметтерімен танысқан жаңа ұрпақтың санасында мақтаныш сезімі, өр рухы оянары хақ.
Ал жоғарыда аталған үш киелі нысанның құрылысы – елдің руханиятын жаңартуға, туризхмді дамытуға ерекше әсер қосатын дүние.
Жер-әлемнің бетінде өз ұлтының тарихын насихаттап, тарихи һәм мәдени нысандарының бұрышын сындырмай сақтап, сол арқылы туристерден аяқ алып жүре алмай отырған мемлекеттер бар.
Ұрпағың ұлттық қазығынан алшақтамай, тарихың тұралаған туризмді дамытып жатса, «Рухани жаңғыру» кезеңінде ғұмыр кешіп жатқан мемлекет үшін бұдан асқан қандай бақыт болсын?!
RUH.KZ