КҮМБІРЛЕТІП КҮЙ ТӨККЕН
Сексен жылдық тарихы бар Жалағаш ауданы – қойнауы тұнған тарих, құт қонып береке дарыған киелі мекен. Осы өңірден шыққан өнер адамдары талант иелері көптеп саналады. Аудандық мәдениет саласының ардагері Төлепберген Бертаев күйшілік өнерді сақтап, насихаттап келеді.
Төлепберген күйшінің бал-дәурен жастық шағы дүниені дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыс пен одан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында өтті. Әкесі Бертай Доспанбетов 1941 жылы майданға Отан қорғауға аттанып, содан қайтып елге оралмады. Майдан даласында ерлікпен қаза тапқаны жөнінде қаралы хабарды жеткізген «қара қағаз» келді. Ел басына күн туғанда Төлепберген қол қусырып қарап отырмай, тылда жұмыс істеді. Ауылда қалған үлкен кісілермен бірге еңбек етіп, ерте есейді. Мектепті бітірген соң аудан орталығындағы сол кездегі №150 кәсіптік-техникалық училищеде бір жылдық курста оқып, тракторист-машинист мамандығын алды. Содан кейін Ақсу ауылында механизатор болып еңбек жолын бастады. Жатка, комбайн айдап, күріш орып, дән бастырды.
Төкең табиғатынан өнерге бейім болатын. Мектепте оқып жүріп, домбыра тартуды үйренді. Қазақтың қасиетті қара домбырасын қолынан тастамай күмбірлетіп күй төгіп, халық әндерін айтты. Майталман механизатор совхозда еңбек ете жүріп, ауыл көркемөнерпаздарымен бірге өнер көрсетті. Ерекше өнерімен танылған ол 1981 жылы аудандық мәдениет үйі жанындағы «Алтын арай» халық ән-би ансамблінің мүшелігіне қабылданды. Сөйтіп, оның өміріндегі өнер жолы басталды. Біраз жыл аудандық мәдениет үйінде әдіскер болып қызмет атқара жүріп, баян, домбыра, пионино аспаптарымен сүйемелдеуші болды. Бірнеше рет өнер сапарларында жүріп байқауларға қатысып, күйшілік өнерімен көзге түсті. Репертуарындағы Құрманғазының «Адай», «Қоштасу», «Кісен ашқан», Динаның «Әсем Қоңыр», Түркештің «Көңіл ашар», Ә.Желдербаевтың «Ерке сылқым», А.Жұбановтың «Би», Тәттімбеттің «Саржайлау» тағы да басқа күйлерді орындап, көрермендерді тәнті етті.
Өнер жолындағы жетістіктері де жетіп артылады. «Қазыналы қария» атты аудандық «Қарттардың да өнерге бар талабы» атты облыстық өнер байқауларында жеңімпаз болып, арнайы дипломдар мен «Алғыс хаттар» иегері атанды. 1987 жылы Мәскеуде өткен халықаралық шығармашылық өнер фестиваліне қатысып, лауреат болды. Басқа да мерекелік медальдарымен, марапаттары баршылық.
– Нағашы атам Қуатбай елге танымал күйші, жыршы болатын. Сол кісіге еліктеп күй тарттым. Күй өнерінің құдіреті, тарихы жайлы әңгімелерін тыңдап өстім. Күй – ХІҮ ғасырда жеке музыкалық жанр болып қалыптасқан. Оның мазмұны аңыз-ертегілерге, нақтылы тарихи оқиғаларға құрылып, көбіне бағдарламалы түрде дамыды. Онда халықтың басынан өткен тауқыметі мен әділетсіздікке қарсы күрес, азат өмірді аңсаған асыл арманы мен қуаныш сезімі терең толғаныспен өрнектелді. Күйдің ырғақтық-орындаушылық әдістері саналуан. Мысалы, Құрманғазының күйлері жігерлі, екпінді, ал, Дәулеткерейдің күйлері терең толғауға, романтикалық лирикаға негізделген. Тәттімбеттің күйлері, әуені әсем тәтті мұң мен қоңыр сазға толы болса, Қазанғаптыкі төкпе жыр іспетті болып келеді. Күй сарындары қазақ композиторларының музыкалық туындыларында бой көрсетеді. Қазақ халқының тұрмыс тіршілігімен әрқашан тығыз байланыста болатын күй жүздеген жылдардан бері қанат жайып өркендеп келе жатқан жанр, – дейді Төлепберген аға.
Домбырасына қолы тисе болды, күмбірлетіп күй төгетін кейіпкеріміз асыл өнердің тектілігін терең сезінеді. Ол қай күйді орындаса да әуеннің иірімдерін бойға сіңіріп, тыңдарманына ерекше шабытпен жеткізе біледі.
СЕРІК БЕРТАЕВ,
ардагер-журналист