ҚОЛӨНЕР БҰЙЫМДАРЫНЫҢ КӨРМЕСІ
Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Қазалы ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай «Туған жер – алтын бесігім» тақырыбында аудан көлеміндегі қолөнер шеберлерінің көрмесі өткізілді.
Шараны музей директоры Сәкен Әлішев ашып «Қолға алынып отырған істің басты мақсаты – өңірлік қолөнершілердің басын қосып, туындыларын көпшілікке таныстыру. Осы арқылы тарихи салт-дәстүрімізді насихаттау. Өсіп келе жатқан ұрпақ бойында елге, жерге деген сүйіспеншілікті, құрмет сезімін ояту», – деді.
Ауданның ардақты ардагері, музей жанынан құрылған қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі Мұхарап Табынбаев көрмеге қатысушыларға жылы лебізін арнады. Қолөнер шеберлерінің жасаған түрлі бұйымдары көптің талғамынан шықты. №25, 170, 102, 204 мектеп мұғалімдері Ұ.Дабыл, Қ.Кеңес, Ғ.Сарманова, А.Раш пен №226 мектеп-гимназия мұғалімі Қ.Қарабалаев қолмен салған суреттері мен ағаштан, темірден жасалған түрлі дүниелерін музейге тапсырды. Көрмеге қатысқан шеберлерге музей дирекциясының арнайы дипломы мен сыйлықтары тапсырылды. Рухани шараның өз деңгейінде өтуіне «Сыр маржаны» серіктестігі, «Ақтілек» мейрамханасы, аудандық мәдениет орталығы, «Динара», «Арманбек» сауда дүкені демеушілік жасағанын атап өткен жөн.